Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісінде тікелей эфирде тұрғындармен жүздесті. Қала әкімі алдымен эпидемиологиялық ахуалды баяндап, тұрғындар сауалдарына жауап берді. Мұрат Дүйсенбекұлының эфирі бұл апта тұрғын үй мәселесіне арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тұрғын үй мәселесіне қатысты жалпы 389 пікір қалдырылған. Қала әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап беріп, салада атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлардан хабардар етті.
Шымкент қаласында бүгінде тұрғын үй кезегінде 42 269 адам тіркелген. Соңғы үш жылда кезекте тұрған адам саны 10 389-ға артты. Тұрғын үй кезегіне тұрудың өз талаптары мен шарттары бар. Кезекке тұруға ниетті азаматтар белгіленген санаттардың біріне ену қажет. Соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында тіркелген болуы, соңғы 5 жыл көлемінде атында тұрғын үй тіркелмеуі шарт.
2020 жылдың қорытындысы бойынша қалада арендалық негізде 1596 пәтер берілді. Биыл жоспар бойынша арендалық негізде 976 пәтер тапсырылады (көпбалалы отбасыларға – 378, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына – 238, жұмыс істейтін жастарға – 300, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 60). 2021 жылы «Жастар» бағдарламасы бойынша 3648 өтінім келіп түскен. 300 пәтерді «Жаңа Тұрлан», «Тұран», «Асар 2» шағынаудандарынан беру жоспарланған.
«Нұрлы жер»бағдарламасының кредиттік бағыты бойынша өткен жылы 2614 пәтер берілді. Соңғы үш жылда 3764 отбасы пәтер кілтін иеленген. Осы жыл жоспар бойынша кредиттік негізде 2186 пәтер беру жоспарда: 350 пәтер – «2-10-20» («Бақытты отбасы»), 1728 пәтер – «5-10-20» («Шаңырақ» пилоттық бағдарламасы) және 108 пәтер – «7-20-25» бағдарламасы.
– Халыққа қолжетімділікті арттыру және тұрғын үй беру саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында әкімдік тарапынан қызметтерді автоматтандыру жұмыстары басты назарға алынып отыр. Тұрғын үй беру жолдарын халық арасында кеңінен насихаттау үшін медиа жоспар бекітіледі. Бүгінде тұрғын үй кезегін E-gov порталынан және тұрғын үй басқармасында ашылған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышынан білуге болады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарында осындай қызмет бұрыштарын ашуды тапсырдым, – деді қала әкімі.
Эфир соңында қала әкімі тұрғындарды сақтық шараларына мән беруге шақыра келе, келесі аптадағы эфир тақырыбын тұрғындардың таңдағанын қалады. Яғни қоғамдағы көп қордаланған тақырыпты халық өзі таңдамақ.