• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 01 Ақпан, 2021

Індетті тойтарудың ең тиімді амалы

170 рет
көрсетілді

Ел арасында екпеге қатысты даурықпа әңгіменің көп екені рас. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаевадан вакциналау төңірегіндегі бірнеше сұрақтың жауабын алған едік.

– Қазақстанда вакциналау міндетті әрі мәжбүрлі ме?

– Қазақстанда вакциналау ерікті болып саналады. «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау егілетін адамның тек ақ­параттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вак­­циналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету – заңсыз.

– Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?

– Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көр­се­ті­лімдері, иммундаудан ке­йін­гі ықтимал көріністері, вак­­цинаны енгізу, сақтау жә­не тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мер­зімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.

– Вакциналаудың электронды паспорты дегеніміз не?

– Вакциналаудың электронды паспорты дегеніміз – вакцинаның медициналық тарихы. Бұл вакцина қабылдайтын халықты бақылау және мониторинг жүр­гізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль. Қазіргі уақытта вакциналаудың электронды паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациент­тер үшін eGov мобильдік қо­сымшасын пайдалану арқылы іске асырылады. Вакциналаудың электронды паспорты вакциналау ем-шарасынан кейін ті­келей eGov мобильдік қосым­шасында қолжетімді болады. Вакциналаудың электронды паспортында азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакциналау ем-шарасының кезеңі, сондай-ақ вакциналаудан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақ­парат қамтылады.

– Адамда коронавирусқа қарсы вакцинадан аллер­гия­лық реакцияның болуы мүм­кін бе?

– Вакциналау – індетке қарсы тұрудың, адамдарды коронавирус қаупінен сақтандырудың ең озық амалдарының бірі. Екпе сау адамдарға салынатындықтан, халық арасында қазір егілетін препаратқа күмәнмен қа­рай­тындар да бар. Ол түсінікті. Сау адамға вакцина салынғаннан кейін оның бойынан жағымсыз әсерлер байқалса, әлбетте, халық одан қорқа бастайды. Бұл ретте инфекцияның аса бір үрейлі кезеңдері өткендей болғандықтан, халық оның қаупінен гөрі вакцинаның жағымсыз әсеріне көбірек назар аударуда. Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салудан ме­дициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ор­­­ганизмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакциналау алғаннан кейін алғашқы 30 ми­нут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дә­рігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вак­ци­наға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

 

Әңгімелескен

Рауан ҚАЙДАР,

«Egemen Qazaqstan»