Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың қорытындысына арналған алқа отырысы өтті. Оған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, агенттіктің және оның аумақтық органдарының басшылары мен жеке құрамы (онлайн режімде) қатысты.
Алқалы жиында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айта келіп: «Соңғы жылы бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес, ол жүйелі сипатқа ие болуда. Мемлекет басшысының Жолдауы арқылы жария еткен тапсырмаларын орындау үшін қазірдің өзінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен делдалдардың жемқорлығы үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Аса ауыр жемқорлық қылмыс үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату алынып тасталды. Қазақстан ГРЕКО халықаралық ұйымына қосылды. Мықты құқықтық іргетас қаланды және реформаларды табысты жүзеге асыру үшін жемқорлыққа қарсы шаралар мен бастамалардың барлық топтамаларының мүлтіксіз әрі шынайы орындалуына қол жеткізу өте маңызды. Адам мен бизнес құқығын қорғау басты назарда қала береді», деді.
Жиында баяндама жасаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев 2020 жылы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметші отставкаға жіберіліп, 9 саяси қызметші, әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Осы орайда ол: «Барлығы басшы болуға ұмтылады, бірақ кез келгені қарамағындағы қызметкері үшін жауапкершілік алуға дайын емес. Осы тұрғыда біз кеңесіп, агенттік қызметкері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берсе, оның тікелей басшысын атқаратын лауазымынан бірден босату туралы шешім қабылдадық. Тек басшылар сыбайлас жемқорлық фактісін өз бетінше анықтап, жолын кескен жағдайда ғана бұл шара қолданылмайды», деді. А.Шпекбаевтың айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес барлық өңірде волонтерлер мен қоғам белсенділерінің арнайы топтары 1,5 мың мониторинг жасап, 10 мың дәріхана, медициналық мекемелер мен қоймаларды қамтыған, гуманитарлық көмекті соңғы алушыға дейін жеткізген. Пандемиямен байланысты 100 қылмыстық іс тіркелген, оның жартысына жуығы – дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты жымқыру. 2 млрд теңгеден астам сомаға қымбат бағаға 132 ӨЖТ аппаратын сатып алу фактілерінің жолы кесілген.
Жұмысы жандана түскен «Адалдық алаңы» жалпыұлттық қозғалысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшіп, бұл бағытта аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар 100 пайыз қамтылған. 2300-ден астам кедергісіз «фронт-кеңсе» пен «опэнспейстің» ашылуы мемлекеттік мекемелерде қызмет алу процесін неғұрлым ыңғайлы етуде. Жоба мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға айтарлықтай серпін берген. Халықаралық стандарт бойынша ол кемінде 90 пайыз болуы қажет болса, Қазақстанда цифрландыру 93 пайызға жетіп, осы саладағы тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендеткен.
А.Шпекбаев кәсіпкерлер жемқорлық пен шенеуніктер қысымынан толыққанды әрі шынайы қорғанысқа сенім арта алатынын жеткізді. «Transparency Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан 5 кәсіпкердің 4-і пара бермей, бизнес жүргізеді, – деген ол әлі де көптеген проблема бар екендігін айтты. – Өкінішке қарай, бизнес құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдары тарапынан әлі де қысым көруде».
Былтыр Дүниежүзілік банктің Жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша Қазақстанның пайыздық көрсеткіші екі есеге артқан және Transparency International-дың Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде (СЖҚИ) 38 балл иеленіп, соңғы екі жылда 124-орыннан 94-орынға көтерілген.
Сондай-ақ 2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. «Барлығы 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары, 5 вице-министр, 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде», деді А.Шпекбаев.
«Қылмыстық істер бойынша өтелген залал сомасы 50,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары». Бұған қоса, мемлекеттік сатып алуды мониторингілеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және жобалық қызмет бойынша жүйелі жұмыс бюджет қаражатын тағы 40,9 млрд теңгеге ұтымсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік берді. «Осылайша, агенттік жұмысының 2020 жылғы экономикалық жиынтық тиімділігі 95,6 млрд теңгені құрады», деді агенттік басшысы.
Алқалы жиында жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдамай отырған министрліктер аталды. «2020 жылдың қорытындысы бойынша – бұл Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті. Мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелері растайды. Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық проблемасы толық шешілгендей, жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіруде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», деді Алик Шпекбаев. Агенттік басшысының айтуынша, АШМ жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бойынша бұрынғыдай көштің артында қалып отыр. Ведомство әсіресе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты агенттік ұсыныстарын толық көлемде орындамайды.
Отырыста мектеп бағдарламасына «Адалдық әліппесін» енгізу мәселесі де сөз болды. «Біз қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігімен негізгі мектеп пәндерінің бағдарламасына парасаттылық идеологиясын енгізуді пысықтадық. Осы ретте «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы, агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлінің «Адалдық әліппесін» әзірлеу туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. Бұл қадам балаларды ерте жастан адал өмір сүруге баулуға ықпал етеді», деді агенттік төрағасы.
Алқа отырысында агенттіктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 1-департаментінің басшысы Мұрат Ахметов Алматы мен Шымкент қалаларының модульдік ауруханаларына жұмсалған қаржы тексеріліп жатқанын айтты. Агенттіктің 2-департаментінің басшысы Сергей Перов: «СҚ-Фармация» бойынша іс аяқталып, танысуға берілді. Күдікті біреу ғана. Оның әрекеті салдарынан денсаулық сақтау ұйымдарының қалыпты қызметі бұзылып, дәрігерлер вирус жұқтырды. Келісімшарт сомасы – 8 млрд теңге», деді.