Кеше Қарағанды облысының Абай ауданы аумағындағы «Қарағанды-Абай» тас жолында болған жол апатынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
BMW автокөлігінің жүргізушісі алдын ала болжам бойынша рульге ие бола алмай қалған себепті жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, ішінде төрт жолаушысы бар Chevrolet автокөлігімен соқтығысқан.
Соның салдарынан BMW автокөлігінің жүргізіушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Chevrolet автокөлігінің үш жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орынында көз жұмды. Chevrolet автокөлігінің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.