Апырым-ай, жан баласы аяқ баспайтын жердің астына қайдан ғана түстім десеңші. Төбеден төнген тас мың жылдан бері міз бақпай тұрып, міне-міне опырылып түссе, біткен жеріміз сол. Үстімізден басып қалмай-ақ қойсын, кірген жолымызға кесе-көлденең сау етіп құласа, мынау таудың табанынан итпен іздеп таппайды бізді.
Санаға сақ ете қалған сумақы ойдан ұйқы шайдай ашылып, жұдырықтай жүрек ауызға тығылды. «Әу, бісміллә» деп орнымнан тұрып, терезенің пердесін түрдім. Таң сыз беріп келеді. Әнеугүннен бері дайындалып жүрген сапарға бүгін шығамыз. Қайда дейсіз ғой. Тоқсаныншы жылдары техникасының гүрсілі күрт тоқтап, тұрғындары үдере көшкен Ақтау кентіне. Кенттің өзіне де емес, отыз жылдан бері қаңырап қалған шахтаның е-е-ең төменгі горизонтына түсіп көруге нар тәуекел дегенбіз.
Кеңес өкіметі ыдырап, колхоз-совхоздар тарай бастаған уақытта Ақтау мен Асубұлақтың кеншілері де қайла-күректерін сүйеп қойған. Кен байыту фабрикасының жұмысы тоқтай сала, жарқырап тұрған қос қаланың жарығы бір-ақ күнде сөнді. Күндері кенішке қарап отырған елдің көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа шашылды. Шахталар қараусыз, қадағалаусыз қалды. Бәзбіреулер қолдары жеткен түсті металдан бастап, қара темірге дейін тасып әкетіпті.
Қаңтардың басы ма екен, белді бекем буып, иесіз қалған шахталарға сапарлап жүретін өскемендік спелеолог – Николай Николаевич Петровқа телефон шалғанмын. Біздің жақта одан басқа спелеологиялық туризммен айналысатындар әй жоқ-ау деймін.
Дайындықтың бүге-шігесін сұрап, Николай Николаевичке жиі хабарласып тұрдым. Ең қажеті – су өткізбейтін «Л1» дейтұғын костюм мен жарығы ұзаққа шыдайтын шам деген. Екеуін де таптым. Шамды касканың маңдайына мықтап бекіттік. Бір күн бұрын жол бастаушыға тағы қоңырау шалып, дайындықты пысықтап алдық.
– Шахтада қандай шытырман оқиға күтіп тұрғанын білмеймін, майшамды ұмытпа. Жылы киін, бүлініп кетпейтіндей ас-суыңды да қамдап қой, – деп бұйыра сөйледі.
Айтқанын екі етпей орындадым. Қағазға керек-жарақтың тізімін жазып қойып, алған заттарымды сызып тастап отырдым. Содан кейін жолдорбаға рет-ретімен салдым. Қосымша фонарь, фотоаппарат сияқты электронды дүниелерді су өтпейтіндей пакетке сүңгітіп жібердім. Николаевичтің «кеудеден су кешіп, жерасты су құламасынан өтеміз» дегені есте.
...Таңғы асты апыл-ғұпыл ішіп, уағдаласқан жерге тарттым. Кешігіп кешірім сұрасқанша, ерте жетіп, күтіп тұрған жөн. Уақтылы жиналдық төртеуіміз де. «Командиріміз» Николай Петров пен Дмитрий Худяков көліктің алдыңғы орнына жайғасты. Таукезбе фотограф – Евгений Домашев екеуміз артқы орындамыз. Жол – Өскеменнен ұзаса, 80-90 шақырым. Алдындағы екеуі шахтаның қай ауызынан түсуді ақылдасып келеді. Айтуларынша, бес үңгірдің ешқайсысына көбік қарда көлік жете алмайтын көрінеді. Жаяу-жалпылайтын сияқтымыз. Қар түнімен қапалақтаған.
Үңірейген үй
Біз межелеп жүрген кенішке ең алғаш 1934 жылдары геологиялық зерттеу жүргізіле бастаған. Ал 1941 жылдары шындап кіріскен геологтар он жылдан кейін сирек кездесетін металл – тантал мен қалайының өзегін тапқан. Жер астындағы мұндай байлықты байқаған басшылық 1950-1953 жылдары Баймырзаның (тау атауы) етегінде асыр-гүсір құрылысқа кіріскен. Айналдырған үш жылдың ішінде кен байыту фабрикасы бой көтеріп, жұмысшы мамандар тартылған. Сөйтіп, 1955 жылы Асубұлақ пен Ақтау ауылы қала типтес кент болып шыға келеді. Кейін орталықтандырылған газ құбырына дейін жүргізіліпті.
Қары күреле қоймаған серпантин жолмен таудың биігіне шыққанда, әр-әр үйдің мұржасынан шыққан түтін тіршіліктен хабар бергендей еді. Білуімше, мұнда қазір 56 аула ғана бар. Терезелері үңірейген қабат-қабат үйлердің қаңқасы ғана қалған. Кешегідей улап-шулап жүгірген бала да жоқ. Ақтаудың (ресми атауы Белая гора) мектебінде қоңырау үні соңғы рет 2015 жылы соғылды-ау деймін. Кеңес өкіметі кезінде өмірі қазандай қайнаған кенттің бүгінгі көрінісі тым жұпыны.
Бір уақытта ағындатып келе жатқан джиптің бауырына қар кептеліп, орнында тұрды да қалды. Әрі-бері ырғалып, жолға шыққанымен, бұдан әрі жүруі мұң еді.
– Келген жеріміз осы, шахтаның ауызына дейін жаяу барамыз, – деді Николаевич анау қырдың басында шошайып тұрған қызыл кірпішті ғимаратты иегімен нұсқап. Ол осы кеніштегі жер асты жолдарын, қуыс-қуысын бес саусағындай білмесе де, біраз жеріне аяғы жеткен.
– Ал енді, тыңдаңдар! Қалай дегенмен қауіпті жерге кетіп барамыз. Бірінші мен жүремін, менен кейін сен жүресің, – деп қолыма зілдей жолдорбаны ұстатты. – Мерейден соң, Евгений, сен. Соңынан Дмитрий жүріп отырады. Аяқтың астына ғана емес, төбеге де қараңдар. Екі метрдей ара қашықтық сақтауды ұмытпаңдар, – деп жер астындағы қозғалыстың ережесін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кеншілерше киініп, асай-мүсейімізді арқалап, шеткері көшемен бас жаққа қарай беттегенімізде, қора-қопсысын айналшықтап жүрген ауылдықтар сыртымыздан қызықтай қарап тұрған. Алдымыздан тәлтіректеп шыққан алпыстар шамасындағы ер адам ғана әңгімеге тартқысы келді. Бәлкім, бізді кенішті қайта іске қосқалы жүрген ғалымдар деп ойлады ма, кім білсін, жасқана есендесті де:
– Тексеріп жүрсіздер ме? – деді үмітті көзбен жаутаңдай қарап. Енді қайтсін?! Екі қолға күрек таппаса да туған ауылынан кіндік үзгісі келмей отырған шығар. «Болашағы жоқ» деп картадан сызып тастайтындай ауыл емес, тамылжыған табиғат аясы. Тау беткейлеріне шаңғы жолын салып қойса, түтін тұнған қаланың тұрғындары осы жаққа шығып кетер ме еді?! Мынау фабрикалардың қиранды қабырғалары, иесіз қалған үйлер, сонау заманнан белгі болып тұрғандай темір-терсек туристерді де қызықтырар еді. Жойқын жарылыс болған Украинаның Припять қаласын айтамын, туристік аймаққа айналып бара жатқан жоқ па?! Бүгінде әлемнің төрт бұрышынан Чернобыль апатының орнын көруге ұмтылатын туристер көп. Радиациясы әлі күнге тарқай қоймағанның өзінде арнайы мамандардың жетекшілігімен туристік сапарлар ұйымдастырылып тұрады. Сол секілді индустриялық туризмді біздің өңірде де қолға алуға болады.
Қабырғадан шыққан дауыс
Түнімен түскен қарды омбылап, ауылдың желке тұсындағы қызыл кірпішті ғимаратқа ілініп, ентігімізді бастық. Кеніштің бірінші горизонтына түсетін жер де осының ішкі жағы екен. Тігінен орналасқан темір баспалдақ. Николаевич бірінші түсті де «келесі» деп айғай салды. Аяғымды нығыздай басып түстім. Арғы жағы қап-қара түнек. Көзге түрткісіз қараңғы. Маңдайдағы шамды жағып, жан-жағыма көз салдым.
– Тышқан, жарқанат деген бәлелер жоқ па? – дедім дауыстай.
– Тірі жан жоқ мұнда, – деді жол бастаушымыз.
Қаздай тізіліп ылдиға қарай аяңдадық. Аяқтың асты жып-жылтыр мұз. Барған сайын жол тарылып, мұзды қабат қалыңдай берді. Қалыңдаған сайын бүкшең қағып келеміз. Жүз метрдей жүрелеп жүрдік. Одан әрі ісініп, кей тұстары жарылып кеткен мұз бетімен бауырлай жорғаладық. Жорғаладық деген аты. Мықшыңдадық. Маңдайға түсіп кеткен касканы жөндеуге мұрша жоқ. Бауырлаған күйі төменге сырғанап барамыз. Бұл жерде мұз жұқалау ма, астынан жылт-жылт етіп бұлақ ағып жатыр. Жүрісімізді одан әрі жалғастырдық. Аяқ асты сытыр-сытыр етеді. Төбеге қаз-қатар қағылған темірлерге оюлана қырау қатыпты. Қабырғаларға да бізге белгісіз таңбалар басылыпты. Шахтаның ауызынан алыстаған сайын бағанағыдай емес, жылы ауа сезіле бастады. Тізеден су кештік. Барған сайын тереңдей берді. Астында не жатқанын құдай білсін, бетінде қалқып рельстің шпалдары жүр. Бір-екі жерде ілулі тұрған қоларба көрдік. Кезіндегі кеншілердікі болса керек. Оңға, солға дәліз көп. Жол білмесең, адасып кетуің оп-оңай. Өзеннен өтіп, алып техникалар тұрған бір үңгірге кірдік. Тоқсаныншы жылы тоқтағаннан қозғалмаған-ау. Тот басыпты. Тегі кенді осы тұстан жер бетіне шығарған болуы керек деп топшыладым.
– Қазір осы тұрған жердің тура астына барамыз, тізе бүгіп, демалып алыңдар, – деді Николаевич.
Ет үйреніп кетті ме, әлгіндегідей қорқыныш жоқ. Жер бетіндегідей адымдай басамыз. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Қауіп аяқ астында. Үңгіп қазылған жерлерді алақанмен сипап қоямын. Тантал тауып алам ба деген пендеуи ой ғой. Естуімше, 99 пайыз танталдың келісі 3 500 доллардың маңайында екен. Қымбат болатын себебі, оны зергерлік бұйымдар жасауда пайдаланады. Қалайы да қымбат металл.
Жуықта геология-минерология ғылымдарының докторы Борис Дьячковпен әңгімелескенімізде, Асубұлақ пен Ақтаудағы кен орны тиімсіз болған соң жабылды деген. Ал тоқсаныншы жылдарға дейін өнім өз-өзін ақтамаса да мемлекеттің күшімен кен орны, тау-кен байыту фабрикалары істеп тұрған.
– 1994 жылдары бірнеше кен орны өз жұмыстарын тоқтатты. Кен орны жабылды деп кесіп айта алмаймыз. Пайдалы қазба төменгі горизонттарда аз мөлшерде болуы да мүмкін. Қазір жекелеген жер қойнауын пайдаланушылар Асубұлақтың маңайында жұмыс істеп жүрген көрінеді. Егер тағы да бағалы металдардың өзегі табылса, кеніштің жұмысы жандануы да мүмкін шығар, – деген еді Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің профессоры Борис Александрович.
Айқыш-ұйқыш темір-терсекке толы бөлмеге ендік. Бөлме емес, үңгір ішіндегі үңгір. Қайдан келіп, қайдан тұрғанымыз түсініксіз. Қаншама лабиринтты артқа тастадық. Төменге қарай түсетін тік баспалдақтың басы шығып тұр. Жанында ойылып түскендей лифтінің орны. Қабырғалары бетоннан құйылған. Төменнен судың гүрілі естіледі. Дмитрий темірдің қиқымын алып төменге тастап жіберіп еді, не заманда күмп етті.
– Қазір тік сатымен төменге түсеміз. Аяқты нығыздап қойып алмай, қолды жібермеңдер. Баспалдақтың кейбір темірлері жоқ. Өзі де қаусап тұр, байқаңдар, – деп Николаевич ережені тағы бір еске салды да, төменгі горизонтқа жол бастады.
Біз де ілестік. Түсіп келеміз, баспалдақ бітер емес. Судың гүрілі жақындай берді. Жақындаған сайын бойды қорқыныш сезімі биледі. Не төменде, не жоғарыдан жарық байқалмайды. Жанымдағылар жер жұтқандай жоқ болып кетті. Әупірімдеп, төменгі горизонтқа да жеттім. Жол бастаушымыз жарығын сөндіріп қойып, аккумуляторын үнемдеп отыр екен. Менен соң Евений Домашев пен Артем Худяков түсті. Тік баспалдақтың жанында қабатты үйдің жадағай баспалдағымен түсіп-шығу ойын екен ғой.
– Тсссс, біреулердің дауысы сендерге де естіле ме? – деді Николай сұқ саусағын шошайтып.
– Иә, – дестік бір сәтте.
Маған ғана естіліп тұрған шығар деп мән бермеген едім, бәрі естіді. Төртеуіміз де әңгімені тыя қойып, құлақ түрдік. Қабырғаның арғы жағында екі-үш ер адам сөйлесіп отырған сияқты. Судың гүрілімен жағаласа шыққан сөздері ұғынықсыздау...
– Ұрыста тұрыс жоқ. Кеттік төменгісіне, – деп Николай баспалдаққа қарай жақындады.
– Жүк қылмай сөмкелерді осы жерге тастап кетсек қайтеді? – дедім.
– Қазір 50-60 метрдей жер астындамыз. Төменгі горизонт енді 45 метр. Жердің бетінен 100 метрдей төменге түсіп барамыз. Ол дегенің 16-17 қабат үйге пара-пар. Айтайын дегенім, ең төменгі горизонтқа түсіп-шығатын жалғыз жол – осы. Сөмкелеріңді тастамаңдар, – деп тағы да ережені еске салды.
«Шешінген судан тайынбас». Бітіп бермейтін баспалдақтарға қайта аяқ бастық. Төменге бір көз тастап едім, маңдайдағы шамға шағылысып, түп жақтан көл жылт етті. Беті буланып жатыр. Біз жеткен ең төменгі горизонт – осы. Су толып кетіпті. Бұдан соң тағы бір дәліз бар екен. Жер астын үңгіп жол салу – адамның шеберлігі ме, құдіреті ме?! Несі болса да ғажап-ақ! Мұнда көп аялдаған жоқпыз. Демалысымыз ауырлап бара жатқан соң кері қайттық. Асып алған сөмке жоғары көтерілгенде көп-көрім жүк. Иықтан басады. Дмитрийдің «спелеология – спорт» дегені де рас екен. Бағанағы дауыс шыққан горизонтқа шыққан соң, Николаевич жолды кері бағытқа бастады.
– Осы горизонттың бас жағы да шахтаның ауызы. Егер мұз алып қалмаса, екі шақырымнан соң шығамыз, – деп қуантты.
Көңіл жайланып сала бергені сол, алдымызда ғана құлаған үйінді тастарды көріп, жинақтала қалдық. Шыға беріске жақындаған сайын салқындай бастады. Әр-әр тұстан сойдиып шығып тұрған сүңгі мұздар кездесті. Кристалл сияқты. Жан-жағынан жата қалып, суретке түсірдік. Ондай әдемілікті көргенде қауіптің барын бір сәт естен шығарып алар едің.
Үңгірдің шыға берісіне жақындаған сайын жел ысқырып соқты. Бет қаратпайды. Николаевичтің айтқанындай, үңгірдің ауызын мұз жауып барады екен. Таңертеңгідей бауырлап, өтіп кетуге болатын сияқты. Бірақ орта жолда кептеліп қалсаң не болды? Кері қайтатын болсақ, таң атады.
– Арамызда қарындылар жоқ. Өтіп көрейік, – деп әзілдеген «командиріміз» әдеттегідей өзі бастады, біз ілестік. «Тәуекел түбі – жел қайық...» Арқадағы жолдорбаны жетекке алғандай, сүйретіп отырдық. Жон арқамыз тырналып келеді. Каскамызбен төбені тақыр-тұқыр сүзіп келеміз. Бас көтеріп, алдымызға қарауға да ыңғайсыз. Аяқ асты мұз ісініп кетпесе игі. Сөйтіп, келе жатқанда шамның бір сымы үзіліп кетті ме, маңдайдағы жарық жалп етіп, өшті де қалды. Қап-қараңғы. Тоқтағам жоқ. Сүйретіліп, бауырлай бердім. Әне-міне дегенде тас дәліздің бас жағынан көгеріп, Ақтаудың аспаны көрінді. Мың да бір шүкір дедім. Аман-есен шыққанымызға тәубә! Таудың анау басынан кіріп, бүйірін тесіп шығу – оңай емес еді.
Көксайдың күншығыс жағындағы қираған ауылға қайта беттедік. Жүзден астам тұрғыны болса да, Қазақстанның бір пұшпағына ие болып отырған азаматтар. Солардың еңсесін тіктесе шіркін. Қараусыз қалған шахталарды кәдеге жаратудың амалы қарастырылса абзал болар еді. Жергілікті тұрғындар нәпақа табатындай жағдай жасалып, таулы өлкенің табиғатына сай тірлікті жандандыруға да болар еді. Иен жатқан тау беткейлеріне шаңғы базасын салып тастаса, бос қалған қаланы аралауға бағытталған индустриялық туризмді дамытса, мүмкіндік жоқ емес, бар. Ниет керек. Кейбір ел жоқ жерден кәсіп ашып, қаржы көзін тапқан. Біз ше, барымызды пайдалана келе алмай жатқан жоқпыз ба?!
Сонау замандағы жұмыстан қайтқан кеншілердей ауылдың көшесімен тарп-тарп басып, кері басып келеміз. Аянышты күйде қалған ауылға шынайы жанымыз ашып келеді. Қыбыр еткен тіршілігі жоқ үнсіз үңгір артымызда қала берді...
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы