Өңірлік қолбасшылықтар әскерлері мен әскер түрлері қолбасшыларының басқармасында бірлескен штабтық жаттығу өтті. Олар Қарулы Күштердің 2021 оқу жылындағы дайындық жоспары негізінде ұйымдастырылды.
Штабтық жаттығулар барысында шешім қабылдау, операцияларды жоспарлау, әскери басқару органдарын үйлестіру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және іс-шараларды жан-жақты қамтамасыз ету міндеттері орындалды.
«Батыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының басқармасында және Десанттық-шабуылдау әскерлерінде арнайы әскери операцияны әзірлеу мәселелері пысықталды. «Біз штабтық жаттығу барысында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибелерін қарастырдық, жауынгерлік іс-қимыл барысын және ұшқышсыз ұшу құрылғыларының ерекшелігін талдадық. Басқа әскери құрылымдармен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтадық. Өткен жаттығуда негізгі мақсатқа қол жеткізіліп, тапсырмалар орындалды деп ойлаймын», деді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қаныш Әбубәкіров.
Бұдан өзге, ҰҚК Шекара қызметінің басқару органдарымен, ІІМ Ұлттық ұланмен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды. «Кез келген оқиғаға әрқашан дайын болу керек. Осындай жаттығуларды өткізу кезінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірлескен іс-қимылының үйлесімділігі тексеріледі», деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының штаб бастығы, полковник Қуанышбек Ұштаев.
Аталған іс-шаралар жедел құжаттарды әзірлеу және жедел-тактикалық есептерді жүргізу жөнінде практикалық дағдыларды дамытуға ықпал етті. Олар бірыңғай кешенді стратегиялық міндеттер аясында шұғыл өтті.