Шетелде тұратын қазақ жастары Қазақстанға келіп білім ала алмай, пұшайман болып жүр. Отаныма келіп оқысам деген жастардың алдынан түрлі кедергілер шығады. Бұл кедергіні жасап жүрген өзіміздің беделді жоғары оқу орындары. Осылай деп шағымданған белсенділер Алматыда арнайы бас қосу өткізіп, ойларын ортаға салды.
Шараны ұйымдастырған «Халықаралық Атажұрт жастары» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, 2000 жылдан бастап атамекенге келіп білім алғысы келетін жастар саны күрт артқан. Мемлекет барлығына бірдей грант үлестіруге шамасы жетпей, жыл сайын 1000 грант бөліп келе жатыр. Енді отандық университеттер соның өзін көп көре бастады. Көп көргенімен қоймай, көпе-көрнеу ақша талап етіп, алаяқтық қадамға барып отыр дейді.
– Қандас жастар келу үшін университеттер оларға шақырту жіберуі керек. Біздің оқу орындары өздері келсін, өздігімізбен шақырту бере алмаймыз дегенге әкеліп, бұл міндеттен қашады. Ал Қытай елі сондай шақырту болмаса, шетелдік төлқұжат жасамайды. Паспортты алып, енді виза жасатайын десе, оған тағы 5-6 ай кезекке тұрып қалады. Сөйтіп уақтылы оқуға келе алмайды, – дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Қыдырәлі Оразұлы.
Оның айтуынша, тағы бір түйткілді университеттер тудырып отыр: білім ордалары пандемияны сылтауратып, қандастарды тегін гранттан айырып, ақылы оқуға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.
– Кей университеттер әр шақыртуды 100 мың теңгеге бағалап, сатып жатыр. Биыл жыл сайынғы бөлінетін 1300 гранттың жартысына ғана адам қабылдап, қалған грант бос қалды. Мәселен, ҚазҰУ дайындық тобында оқитын студенттерді бірыңғай тестілеуге қатыстырмай, ақылы оқуға ауысуға мәжбүрлеген, – дейді спикер.
Сәулет және құрылыс инженері мамандығында оқуды көздеген Ақжол Батырәлі осы түйткілмен бетпе-бет келген студент. Қазір ҚазҰУ дайындық курсында білім алып жатыр. Жалпы, дайындық курсында 7 студент оқып жүр.
– Университет оқытушысы Бауыржан Сәбденбеков биыл пандемияға байланысты магистратураның дайындық курсына грант бөлінбей қалды деп түсіндірді. Оқу пұлы мен құжаттарыңды өткізсеңдер біз сендерге шақырту жібереміз деді. Алайда жібергендері шақырту емес, оқып жатыр деген анықтама қағазы екен. Онымен виза аштыру мүмкін болмады. Ақырында туыстық шақырту арқылы әрең дегенде виза аштырдық. Оқу ақысын басында 310 мың теңге деген еді. Кейінірек оның 620 мың теңге екені хабарланды. Сосын Бауыржан ағайымыз сендердің жағдайларыңды басшылыққа айттым, онлайн оқу екенін ескердік деп, оқу ақысының 500 мыңға түскенін айтты. Сөйтіп 500 мың теңге төледік. Оқу да кешігіп басталды. Қаулыда көрсетілгендей қазан айында емес, қарашаның ортасында бір-ақ басталды. Жазда магистратураға құжат тапсырамыз, – дейді Ақжол.
Жиынға қатысушылар Білім және ғылым министрлігі осы мәселені бақылаудан шығарып алып отырғанын жеткізді.
АЛМАТЫ