Коронавирус пандемиясының әлем елдеріне келтірген шығыны орасан. Көптеген адамның өмірін жалмағаннан бөлек, індеттің салдары экономикаға да ауыр тиіп отыр. Туризм секілді қызмет көрсетуге бағытталған көптеген сала қазіргі таңда үлкен тоқырауға ұшырады. Соның салдарынан шартараптың түкпір-түкпірінде жұмыс орындары жабылып, азық-түлік тапшылығы байқала бастады. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл 800 миллион адам аштыққа ұрынуы мүмкін. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында пандемияның зардабы туралы сөз болады.
БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок пен Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры Аксель ван Троценбург бірлесіп жазған мақалада азық-түлік тапшылығына жол бермеу шешімдері жайлы айтылады. Авторлардың пайымдауынша, миллиондаған адамның аш қалмауы үшін алдын алу шараларына ерекше мән беру қажет. Сонда ғана жаһандық ашаршылыққа жол берілмейді.
Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі Каушик Басу өз мақаласында алдағы он жылдыққа болжам жасайды. Оның сөзіне сүйенсек, келешекте үш мемлекеттің экономикасы қарқынды дамымақ. Олар: Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика. Аталған елдер бір-біріне ұқсамаса да, дамудың өзіндік тәсілін ұстанады.
Әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
НЬЮ-ЙОРК/ВАШИНГТОН. Климаттың өзгеруі, әскери қақтығыстар мен коронавирус пандемиясы секілді жеті ағайынды жұт әлемнің кедей және әлсіз елдерінде қатты білінді. Соның салдарынан 2021 жылы шартараптың түкпір-түкпіріндегі 235 миллион адам гуманитарлық көмек пен қамқорлыққа мұқтаж. Бұл – антирекорд. Өткен жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 40 пайызға ұлғайған.
Мұндай сандармен біреудің миын ашытудың қажеті шамалы шығар. Бірақ бұл деректердің артында әр адамның өмірі тұр. Мұқтаж адамдарға коронавирустың өзі ғана емес, пандемияның көрінбейтін әсері көп зиян келтірмек. Коронавирустан кейін басталған аштық қанқұйлы киллерге айналуы мүмкін.
Күнделікті азық таппай жүргендердің саны былтыр шамамен 130 миллионнан 800 миллионға дейін көбейді. Бұл көрсеткіш сол кездегі вирус жұқтырғандар санынан 8 есе көп болатын.
Қақтығыстар мен климаттың өзгеруінен зардап шеккен мемлекеттер тамақ тапшылығының зардабын қатты тартады.
Сонымен қатар елдердің басшылығы халықты және экономиканы пандемиядан қорғауға бөлген бюджетін көбейтіп жатқанда да ашаршылық жалғаса берді. Мұндай апатқа жол бермеу мақсатында жасалған халықаралық ынтымақтастық қазіргі таңда қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана секілді. Бірақ аштық пен азық-түлік тапшылығының алдын алу – барлық адамзатқа қажетті қадам.
Десек де, біз жұмсалған әр доллардың тиімділігі мүмкіндігінше мол болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банк гуманитарлық қажетті заттармен қамтамасыз етуге көбірек инвестиция салып отыр. Дағдарыс басталмай тұрып-ақ, мұқтаж халықты гуманитарлық қажетті заттармен қамту мақсатында ертерек әрекет етудің тиімділігі мол, пайдалы және экономикалық жағынан ұтымды болатыны айқындала түсті. Мұндай стратегия қиын кезеңде дамуды да қамтамасыз етеді.
Мысалы, өткен жылы БҰҰ мен Қызыл Крест / Қызыл Жарты Ай қоғамы Бангладештегі мұқтаж адамдарға қолма-қол ақша беріп, олардың мал-жанының жойқын су тасқынынан зардап шекпеуіне жағдай жасап, апат басталмастан бұрын көмек қолын созды. Осылайша, тасқыннан кейінгі қалдықтарды жинап алуға жұмсалатын қаражаттан екі есе аз сома жұмсалды. Әрі тұрғындардың көпшілігіне көмектесті.
Ендеше, кейінгі кезде күшейіп келе жатқан аштық апатына жол бермес үшін осындай тәсіл қолданып жатырмыз. Яғни азық-түлік тапшылығы жаппай ашаршылыққа әкеліп соқпас үшін іс-әрекетке көштік. Оның қатарында тамақ тапшылығына тікелей әсер етіп келген аптап ыстық, зиянкестер, табыстың азаюы, өндіріс көлемінің баяулауы мен қақтығыстар секілді ұзақ мерзімді мәселелерді шешіп, жаңа дағдарыстың алдын аламыз.
Осы мақсатқа жету үшін Халықаралық даму қауымдастығы (IDA, Дүниежүзілік Банктің кедей елдер үшін қоры) азық-түлік қауіпсіздігі үшін 2020 жылдың сәуірі мен қазаны арасындағы алты айда 5,3 миллиард доллар бөлді. Бұл сома қысқа мерзімде коронавирус пандемиясының алдын алу, ұзақ мерзімде азық-түлік қауіпсіздігінің себептерін жоюға бағытталған іс-қимылдар мен инвестицияларға жұмсалды.
Дүниежүзілік банк қолданыстағы жобаларға бөлінген қаражаттарды қайта қарап, Бангладештегі 620 мың әлсіз шағын және сүт және құс өсіретін отбасына ақшалай көмек көрсетті. Пандемия салдарынан ақша аударымдары азаяды деп күтілген Гаитиде IDA егін өсіріп, оны аман-есен жинау үшін фермерлерге тұқым мен тыңайтқыштар берді. Ұзақ уақыт бойы қызмет көрсетіп, тұрақтылықты қамтамасыз ететін суару жұмыстарына қаражат бөлді. IDA азық-түлік қауіпсіздігі мен аурудың өршуі басталған кезде Дағдарысқа қарсы әрекет ету «терезесі» аясында 500 миллион доллар қаражат берді.
Сол сияқты, 2020 жылдың маусым айында БҰҰ-ның Төтенше жағдайларды жою жөніндегі орталық қоры Сомалидегі азық-түлік дағдарысының алдын алуға қаржылай көмектесті. Шегіртке шапқыншылығы, су тасқыны және коронавирус үшеуінің алдын алу шаралары нәтижесінде дерттің дендеп кетуіне жол берілген жоқ. Бұрғылау скважиналарын ерте жаңарту арқылы БҰҰ су көздеріне қатысты дау-жанжалды болдыртпай, мал-жанды аман алып қалды, үй шаруашылығын қаржыландыруды жақсартты, халық денсаулығын нығайтты және тұрғындардың ауқымды түрде қоныс аударуына жол берген жоқ.
Коронавирусқа қарсы тиімді вакциналар жасау – көп ұзамай әлем пандемияны жеңіп шығатынын білдіреді. Бірақ көптеген осал елдер үшін дағдарыстың терең және ұзаққа созылатын салдары бар. Бұл – мемлекет кірісіне, халық денсаулығына, тамақтануға, білімге және бүкіл экономикаға келтірілген зардап.
Жылдам әрекет ету дағдарыстың салдарын жеңілдетуі мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда түрлі тәуекелдерді бақылап, оны күшейтетін факторларға назар аударуымыз керек. Болашақта шығындарды әлдеқайда көбейтіп алмау үшін тиімді ерте әрекет ету мен ұзақ мерзімді инвестициялар салу аса маңызды.
Дәл қазір қауіпке қарсы әрекет ету ақылды, моральдық тұрғыда құпталатын, тиімді стратегия болмақ. Адамдар өмірін сақтап қалу үшін бірлесе әрекет ету арқылы әлемнің ең мұқтаж тұрғындарын аштық пен азық-түлік тапшылығынан құтқарамыз, бәріміз үшін жарқын келешектің іргетасын қалаймыз.
Марк ЛОУКОК,
БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары,
Аксель ван ТРОЦЕНБУРГ,
Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org