Таяуда Қарағандының тумасы Гүлнұр Нұркеева Қытайдағы халықаралық төрелік соттың судьясы болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Шынтуайтына келгенде, мұндай лауазымға қол жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десе де болады. Себебі төрелік комиссияларға үміткерлер тек қана құқықтық жүйесінің деңгейі жоғары елдер ішінен таңдалады. Мысалы, олардың басым көпшілігі АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Сингапур сияқты дамыған елдердің өкілдері болып келеді. Мұнда, тіпті орыс тілінде сөйлейтіндерден бір ғана төреші бар екен: оның өзі Польшаның өкілі.
Әлбетте, Гүлнұр үшін өз кандидатурасының бұл лауазымға ұсынылғаны және оның жоғары жақтан құпталғаны күтпеген жағдай болыпты. Дегенмен ол мұның түпкі себебін ТМД және Орталық Азия елдерінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру барысында шетелдік элемент қиындатқан төрелік сотқа өтініштердің көбеюін күтуден туындаған амалмен байланыстырады.
«Төрелік соттар азаматтық істерді қарайды. Неке, бала асырап алу, алимент, мұрагерлік мәселелері бойынша даулар, сондай-ақ әкімшілік даулар Қытай Халық Республикасы төрелігінің қарауына жатпайды. Төрелік комиссия тараптардың келісімімен таңдалады», дейді заңгер. Ал Гүлнұрдың өзі компаниялардың бірігуі мен жұтылуы, сондай-ақ трансұлттық инфрақұрылымдық жобалар бойынша маманданған. Арбитражға келетін болсақ, мұнда көбіне Қытай және ТМД елдерінің компаниялары арасындағы коммерциялық жеткізілім мәмілелерінен, құрылыс келісімшарттарынан туындайтын даулар қаралады екен.
Гүлнұр Нұркееваның Қытай елінде тұрып жатқанына он жылдай уақыт болған екен. Қазіргі уақытта ол GRATA халықаралық заң фирмасының Қытай кеңсесінің басшысы болып қызмет етеді және оның тең құрылтайшысы болып саналады.
Негізінде заңгер Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды тәмамдаған. «Жалпы, – дейді Гүлнұр, – Қазақстандағы құқықтық мектеп, оның ішінде Қарағандыда дәстүрлі түрде мықты болып келеді». Мұны ол кезінде «ҚарЛагта» болған саяси тұтқындар арасынан шыққан небір талантты ғалымдардың кеншілер астанасындағы оқу орындарында қызмет етіп, ғылыми жұмыстардың негізін қалап кеткенімен түсіндіреді. «Мен өзім оқып, білім алған университетіме және барлық профессор-оқытушылық құрамға алғысымды айтқым келеді», дейді ол ағынан жарылып.
Қарағанды университетінен түлеп ұшқаннан кейін Гүлнұр Нұркеева еңбек жолын 1999 жылы Ақмола облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтуші болып бастапты. Жұмыс ақысыз болса да, жас маман өзін жақсы қырынан көрсете білген. Оның білмекке ұмтылған құштарлығы, ізденімпаздығы ұзамай жемісін беріпті. Адвокаттық лицензия алу үшін емтиханды сәтті тапсырып, қызметте жаңа белеске қадам басқан. Алғашқы жылы-ақ ол өзі сотта қорғаушы болып қатысқан 12 істің бәрін де абыроймен аяқтаған екен.
Адвокаттық қызметтен кейін Гүлнұрдың еңбек жолы мемлекеттік қызметпен ұштасты. «Мен жұмыс істеген кез өте қызықты кезең болды. Ол уақытта мемлекеттік қызметшілерге жатақханадан бөлме беретін. Әріптестерімізбен бір жерде тұратынбыз. Тапсырманың көптігінен кейде жұмыста түнеп қалатын кездеріміз де болды. Еңбекақы мардымсыз болатын. Бірақ соған қарамастан, мамандар мен менеджерлер жұмысты жанын салып, беріле істеуші еді», деп еске алады Гүлнұр.
Оның Қытай астанасына қоныс аударуы да өз алдына бөлек әңгіме. Бұл өзі бірнеше сәтті оқиғаның бір арнаға тоғысқан кезі болыпты. Гүлнұрдың елдегі қызметтік мансабы өрге домалап тұрған кезде оның Бейжің университетін тәмамдаған жұбайы Қытайда жұмыс істеуге аяқ астынан шешім қабылдаған екен. «Дәл сол кезде ресейлік ірі инвесторлар Қазақстанда актив сатып алды да, маған басшылық лауазым ұсынылды. Бұл бас тартуға болмайтын ұсыныс еді. Жалпы, сол кезде мен өзімді жолы болғыш адамның бірі ретінде сезінгенім рас еді», дейді Гүлнұр.
Қазіргі уақытта талантты заңгер жерлесіміз Қытайдың саясаттану және құқық университетінде докторлық диссертация жазып жүр. Сонымен қатар ол бір кездері өзі білім алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде онлайн-дәріс оқиды.
«Мен әлемдік тәжірибе жайында, оны Қазақстанда қолдану және бейімдеу туралы көп айтуға тырысамын. Мысалы, құрылыс мердігерлігінің шарттарын қарастыру кезінде азаматтық кодекстің бөлімі, сәулет және құрылыс қызметі мен қазақстандық заңнама туралы айтып қана қоймай, құрылыс келісімшарттарының халықаралық танылған нысандары жөнінде де ақпараттың көзін ашуға көп көңіл бөлемін. Қарапайым сөзбен айтқанда, мен мамандандыруға болатын, содан кейін жобаға ақша тауып, пайда әкелетін білім беруге тырысамын», дейді заңгер-оқытушы.
Гүлнұр өзінің заңгер мамандығын таңдауына әкесінің жалғыз ауыз сөзі себепші болғанын айтады. Саратов университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдаған әкесі өткен ғасырдың 90-жылдары алғашқылардың бірі болып акционерлік қоғам құрып, соның аясында халықаралық ынтымақтастық орнатуға әрекет жасапты. Шын мәнісінде, мұнысы республикаға шетелдік капиталды тартудың бастамасы болған екен. «Бірақ 90-жылдары белгілі бір адамдардан құралған топ әкемнің жетістіктерін «меншіктеп алуға» тырысты. Бұған олар «Алыпсатарлық» бабы бойынша жалған қылмыстық іс қозғау арқылы қол жеткізді. Іс жабылды, бірақ мұндай әділетсіздіктің кейін екінші инфаркт алған әкемнің қол-аяғы тартылып қалды. Өзі құрған акционерлік қоғамды басқара алмады. Кәсіпорын банкротқа ұшырады және бөлшектелді. Содан кейін ол маған әкеңді қорғау үшін заңгер боласың деп айтты», деп еске алады Гүлнұр Нұркеева.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы бизнестік қарым-қатынастың құқықтық саласында бай тәжірибе жинақтаған Гүлнұр Нұркеева еліміздің заңгерлеріне де ақыл-кеңес беріп тұрады.
Қарағанды облысы