• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2013

Алыс ауылдағы құрдастың арманы

308 рет
көрсетілді

Жақында Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Үлкен диқан ауылында тұратын танысым әрі құрдасым хабарласты. Аз-кем хал-жағдай сұрасқан соң:

– Біздің бір өтінішіміз бар еді, – деді ол. – Соны «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Парламент депутаттарына құлаққағыс ретінде жеткізуге көмектессең...

– Ол қандай өтініш?

 

Жақында Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Үлкен диқан ауылында тұратын танысым әрі құрдасым хабарласты. Аз-кем хал-жағдай сұрасқан соң:

– Біздің бір өтінішіміз бар еді, – деді ол. – Соны «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Парламент депутаттарына құлаққағыс ретінде жеткізуге көмектессең...

– Ол қандай өтініш?

– Депутаттар шалғайдағы ауылдарға неге келмейді? – деді құрдасым бірден. – Олар ондағы тұрғындармен кездесіп, алыстағы ауыл-селолардың жағдайымен танысса, ел-жұрт бір серпіліп қалар еді.

– Қазір Парламент депутаттары еліміздің аймақтарын аралап жүр ғой. Барып та қалар, – дедім үміттендіргендей сыңай танытып (бұл уақытта, яғни 28 қараша – 7 қаңтар аралығында депутаттар еліміздің ауыл, қалаларында сайлау­шылармен кездесулер өткізіп жүрген болатын – Ә.Қ.).

– Әй, қайдам, – деді ол сенімсіздікпен. – Бұл өмірден депутат көрмей-ақ өтіп кетеміз бе деп қорқамын...

Ауылдастың өтініш ретінде айтқандарын ой елегінен өткізіп, зерделеп көрсек, бұл жылы жауып қоя салатын мәселе емес екендігіне көз жеткізгендей болдық. Өйткені, Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан кең байтақ жерімізде облыстар мен аудандар орталықтарынан шалғайда орналасқан Үлкен диқан сияқты елді мекендер де баршылық. Сол елді мекендерде шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Міне, соларды халық қалаулылары – депутаттар келіп көрсе, тұрғындармен кездесіп, мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етсе, қандай ғанибет!

Парламент депутаттары ел аймақтарына жиі шығып, сайлаушылармен кездесу өткізіп тұрады. Бұл жағынан депутаттарымыз есе жіберіп жатқан жоқ. Бірақ, бір байқағанымыз – халық қалаулылары ел аймақтарын аралаған кездерінде, көбіне облыстар орталықтары саналатын қалалар мен соларға жақын орналасқан аудандарға ғана барып қайтады екен. Ал алыстағы ауыл-селоларға атізін өте сирек салатын көрінеді.

Мысал келтірейік. Алматы облысына халықпен, сайлаушылармен кездесуге келген депутаттар негізінен Алматы қаласының маңындағы Қаскелең, Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, сондай-ақ, Талдықорған қаласы мен оған жақын орналасқан аудандардан айналшықтап шықпайды. Депутаттар облыс орталығынан 350-450 шақырымдай қашықта жатқан Райымбек және Ұйғыр аудандарының елді мекендеріндегі сайлаушыларды, көпшілік тұрғындарды ұмыт қалдырған десе де болады.

Мемлекеттік шекарамыздың шебінде орналасқан осы екі ауданда қордаланған проблемалар өте көп. Сайлаушылар депутаттарға соларды айтқысы, жеткізгісі келеді. Олар да таза су ішіп, балаларын жайлы мектеп пен балабақшаларда оқытқысы, тәрбиелегісі келеді. Олар да жақсы жабдықталған медициналық мекемелерде емделіп, ой-шұқырсыз тегіс жолмен жүргісі келеді.

Алыс ауылдағы құрдасымның «тірі» депутатты көргісі келетін өтінішін Парламент депутаттарына осылайша жеткізуді жөн көрдік. Бұл өтініштің үлкендиқандықтарға ғана емес, еліміздің шалғайда жатқан өзге де елді мекендер тұрғындарына қатысы бар екендігіне шүбә келтірмейміз.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар