• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Ақпан, 2021

Жетісуда жемқорлыққа қатысты жағымсыз оқиға жиіледі

285 рет
көрсетілді

 

Жетісуда жемқорлығы әшкереленген лауазымды қызметкерлердің қатары азамай тұр. Өкінішке қарай, соңғы бір ай көлемінде ел құлағын елеңдеткен оқиға жиілеп кетті. Мәселен, жақында облыстық білім басқармасының басшысы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құрықтау операциясын Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен тобы жүзеге асырған болатын. Белгілі болған ақпаратқа сәйкес, іс бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, осы басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас  маманы Бақыт Қабдолданова және аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаев қамауға алынған. Сондай-ақ, бюджет қаржысын игеру кезеінде заңсыздыққа жол беріп, пара бергені үшін бірненше жеке кәсіпкердің күдікке ілінгені туралы айтылды. Күдіктілерге ас ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр екен. Мәлім болған дерек бойынша, сыбайласқан топ облыстық бюджет қаржысына компьютерлік техника сатып алу кезінде жеке кәсіпкерден 37 650 000 теңге сыйақы талап етіп, оның бір бөлігін қолма-қол ақша түрінде алып жатқан кезінде ұсталған.

Ал мұның алдында Талғар ауданының әкімі қызметін атқарған Серікжан Ерекешов пен оның қол астындағы бірнеше қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қамауға алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Қазір құзырлы орган бұл іс бойынша С. Ерекешевтің ұсталғанын растады. Бір қызығы, аудан әкімі орынтағында бір жылға жетер-жетпес уақыт қана отырған шенеунік жемқорлық бабы бойынша ұсталардан бір күн бұрын өз еркімен өтініш жазып, қызметінен кеткен көрінеді. Жалпы, қоғамдық талқылауға ұласқан істер бойынша тергеу жүріп жатқандықтан, егжей-тегжейін анықтау мүмкін болмай тұр.

Айтпақшы, Жетісудағы жемқорлық дерегінің жиілеуі өткен жылы да байқалған екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Мақажановтың айтуынша, былтыр  қылмыс құрамы бар 277 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 84 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Яғни, 2020 жылы 232 іс осы бап бойынша анықталған. Өкінішке қарай, бір жыл ішінде жемқорлар мемлекет қазынасына 4,9 млрд теңге залал келтірген көрінеді. Ал аяқталған қылмыстық істердің нәтижесінде 4,4 млрд теңге бюджетке өтелген.

- Біз өткен жылдың қортындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа аса бейім салаларды анықтадық. Оның көш басында кеден қызметі тұр, былтыр осы салада 114 сыбайластық дерегі анықталып, 33 тұлға қылмыстық жауапкершіліке тартылды. Екінші орында құрылыс саласы тұр деуге болады. Мұнда 28 дерек анықталып, 20 адамның қылмысы дәлелденді. Он бір адам түрлі жаза алды. Өкінішіке қарай, обылстың жер қатыннастары саласында жағдай мәз емес. Бұл бағытта 19 сыбайлас жемқорлық қылмысы ашылып, 18 адам жауапкершілікке тартылды. Одан кейінгі тәуекелді орта – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімдер болып тұр. Былтыр сала  бойынша  17 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 10 адам жазаға тартылды. Тағы жеті лауазымды тұлға түрлі мерзімге сотталды. Өткен мерзімде денсаулық сақтау саласында да 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 11 лауазымды тұлға қатаң жауапкершілікке тартылды, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов.

Сондай-ақ, былтыр пара алу мен пара беруге қатысты 196 қылмыстық іс қозғалған екен. Оның ішінде 117 адам пара беру кезінде ұсталса, 75 лауазым иесі пара алу үстінде қолға түскен. Мұнан бөлек, төрт жеке тұлғаға жемқорлардың арасында «жеңгетайлық» жасап, мәселені заңсыз жолмен шешуге ықпал еткені үшін «парақорлыққа делдал болу» бабы бойынша жаза кесіліпті. Ал пара алушылардың қатарында түрлі мекеменің тізгінін ұстаған 36 лауазымды басшы болған екен.