• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2021

Атырауда мейрамханалардың жұмыс уақыты өзгере ме?

605 рет
көрсетілді

Атырауда кәсіпкерлер мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын өзгертуді қалап отыр. Ал облыстың бас санитарлық дәрігері бұл мәселе жөнінде не дейді?

Өңірде 700-ге жуық қоғамдық тамақтандыру орны бар. Олардың 400-ден астамы Атырау қаласында, 300-ге жуығы аудандарда тіркелген. Қазір мейрамханалар мен дәмханалар кешкі сағат 20:00-ге жұмыс істейді. Бұл – облыстың бас санитар дәрігерінің талабы.

Атырау облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыс істеу уақытына қатысты мәселе қаралды. Жиынға мейрамханалар мен дәмханалардың иелері, сондай-ақ Атырау қаласы мен облысының бас санитарлық дәрігерлері қатысты. Кәсіпкерлердің сұрайтыны – жұмыс уақытын сағат 20:00-ден 00:00-ге дейін ұзарту.

«Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысына сағат 20:00-ге дейін ғана рұқсат етілген. Алайда клиенттер кешкі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін көп келеді. Бұл – қызметкерлер штатын ұстау, коммуналдық төлемдерді мен несиелерді төлеу, басқа да операциялық шығыстарды жабу үшін ақша таба алатын уақыт» дейді кәсіпкер Нұрлан Мұқышев.

Кәсіпкерлер жұмыс уақытын шектеу шығынға ұшыратқанын алға тартады. Өйткені табыстың 90%-ға жуығы жұма күні кеште және демалыс күндері түседі екен.

«Демалыс күндері мейрамханалар мен дәмханалар бір сағатта айлық тауар айналымының 20%-ын табады. Сол себептен, жеке тұрған мейрамханалар мен дәмханаларға бір адамға 5 шаршы метр жағдайда сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраймыз» дейді ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов бұл мәселені екі тәулік ішінде қарауға уәде беріп отыр.

«Егер бір аптада аймақтағы эпидемиологиялық жағдай нашарламай, «сары» аймақта қалу  жалғасса, біз мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын сағат 00:00-ге дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз» дейді Мәдениет Танауов.