Qoldau.kz платформасының бірнеше қызметі шаруаларға қолжетімсіз болып тұр. Себебі бұл платформа мал шаруашылығының тізімі қамтылған мемлекеттік базамен біріктірілмеген.
Мұның салдарынан фермерлер субсидия төлеудің мерзімін өткізіп алуы мүмкін. Бұл туралы Ақпараттық-есептеу орталығының баспасөз қызметі хабарлады. «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Qoldau.kz платформасының әзірлеушісі және иесі болғандықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия алуға өтінімдер қабылдау мерзімін кейінге қалдыру туралы ұсыныспен хат жолдаған. Оған себеп, ауыл шаруашылығы жануарларын біріздендіру (АЖБ) жүйесі мемлекеттік деректер базасымен бірікпеген соң, тиесілі қаражат өсімдік шаруашылығымен айналысатындар арасында бөлінуіне алып келуі мүмкін. Сәйкесінше, мал өсірушілердің мемлекеттік қолдаусыз қалу қаупі бар», делінген таратылған ақпаратта.
Біріктірілген жүйенің қарастырылмауы бірқатар қызметтің тоқтап қалуына әкелді. Атап айтқанда, мал сатып алуға байланысты несиелік пайыздық мөлшерлемені және мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды субсидиялау, сондай-ақ бұрын субсидияланған нысандарға, яғни малға мониторинг жүргізу қызметі қолжетімсіз. Интеграциялық жүйенің болмауы жайылымды жерлерді пайдалануға байланысты бақылауды тоқтатып, бұл айтарлықтай қиындықтар тудырды. Өйткені нақты мәліметсіз төрт түлікті онлайн-қызметі арқылы сақтандыру мүмкін емес.
«Интернет желісінде жаңа АЖБ мәліметтер базасы ашылып, интеграцияға өтінім беру керек деген ақпарат берілді. Өтініштер жіберілді. Бірақ мәселе біріктіруге арналған «қысқартылған нұсқалардың» орналастырылуында жатыр. Қарапайым сөзбен айтқанда, бізге жануарларға арналған 26 өлшем қажет, ал бізге тек 14-ін ғана ұсынды. Бұл өз кезегінде қызметтердің жұмыс істеуіне жеткіліксіз», деді «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат Құрманов.
Орталық өкілдері деректер базасының толық нұсқасы қашан шығатыны және біріктіру үдерісінің нақты уақыты белгісіз екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек жуырда порталдың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңа қызмет шығарылатынын хабарласа керек.
Заңға сәйкес, субсидия алуға қатысты өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан басталуы керек еді. Бұл ретте аталған орталық Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті базасымен біріккенге дейін мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында субсидиялау үдерісін тоқтата тұруды ұсынып отыр. Тиісті ұсыныс облыстық әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.