Ақтөбе қаласында 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының боксшылары тамаша өнер көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс қорытындысында қарағандылық былғары қолғап шеберлері Темірлан Кемерхан, Ислам Советов және Мадияр Тайпақов чемпион атанды. Күміс жүлдеге Дамир Байпақов, Мадияр Отар және Нұржан Думан ие болса, Никита Мамасахлишвили қола медальді қанағат етті. Сөйтіп, Қарағанды облысының құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ дәл осы мезгілде Алматы қаласында да бокстан 2003-2004 жылдары туған қыздар және 2005-2006 жылдары дүниеге келген жасөспірім боксшылар арасында ел чемпионаты өткен болатын.
Бұл турнирде де қарағандылық жас боксшылар нәтижелі өнер көрсетіп, намысты қолдан бермеді. Атап айтқанда, Қарағанды облысының құрама командасы төрт алтын және бір күміс жүлдеге, сондай-ақ бес қола медальға ие болды.