• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 09 Ақпан, 2021

Тойдан соңғы ой

331 рет
көрсетілді

Адамзатқа ақыл, ойы ортақ Абай атамыздың торқалы тойы ешқашан да тоқырап та, тоқтап та көрген емес. Ол қазақ халқы жасаған сайын қоса жасасып, ой мен санада жаңғырығып жалғасын таба береді.

Біз білетін сондай тойлар ақынның 100, 125, 150 енді, міне 175 жылдығы. Шындығын айту керек, халық биыл да мыңдаған үй тігіп, аста-төк дастар­қанын жайып, ат шаптырып, қыз қуды­ратын, балуан күрестіріп, аламан айтыс жасайтын торқалы тойды тосты. «Со­нау алапаты айығып бітпеген 1945 жылы да тарихта қалатындай тамаша той жасаған қазақ халқы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына заманда да аянып қалмас, барын салып, базарын шалқытар» деп ойлаған. Оның үстіне елі­міздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысын бастар-бастамастан Абай еліне келіп, ақсақалдардың ақ батасын алып, ақынның 175 жылдығын атап өту жөніндегі Жарлығына да қол қойып жібер­ген.

Шындығын айтайын, өз басым іс-шарамен танысқаннан-ақ екі-ұшты ойда отырдым. Айналасы бес-алты ай аясына сыя қоймайтын қыруар шаруалар санама күдік ұялата бастады. Әсі­ресе, Қарауыл ауылында 20-дан астам тұр­ғын үй салу, жаңа модульді мектеп тұр­ғызу, Ақшоқыда Құнанбай қажы мұра­жайын ашу, аудан орталығында Абай саябағын салу, Жидебайдың сипаты мен тұрпатын бүтіндей өзгертіп, жаңа мазмұнға келтіру сияқты әрі ұзақ уақытты, әрі қыруар қаржыны керек ете­тін шаруаларды аз мерзімде атқарып, аяқтау ақылға сыя қоймайтындай еді. Айта кетейін, бұл кез дүние жүзін жалын­дай шарпып жалмаңдап келген, ажал құрсауы – коронавирустың әлі елімізге дендеп ене қоймаған шағы болатын. «Нар тәуекел» дестік. Ат шаптырып, бәйге ұйым­дастыратын, балуан белдестіріп, айтыс та жа­сайтын болдық. Мұның сыртында жер-жерде ғылыми конференциялар, әртүрлі челендждер ұйымдастырып, Абай жө­ніндегі жаңа зерттеулерге жарқын жол ашу, Абайтанушы ғалымдардың кітаптарын шығару мәселелері де қоз­ғалып, атқарылатын іс-шараларға қосы­лып жатты. Тіпті Президентіміздің өзі бас болып, республикалық теледидардан Абай өлеңдерін жатқа оқудан жарыс та ұйымдас­тырып жіберген.

Кенет! Шайдай ашық аспаннан төбе­міз­ге жай түскендей болдық та қалдық.

Коронавирус! Атың өшкір алапат бізге де келіп жетті. Не істерімізді білмей дал болып қалдық. Екі күннің бірінде өлім. Аптал азаматтарымыз бірінен соң бірі ажал тырнағына ілініп, қара жер қойнына кетіп жатты. «Байтал түгіл бас қайғы». Үйден шықпай пұшайман болған қара басымыз қайран бабамыздың әруағына сыйынып, тыпырладық та қалдық. Шын­дығын айтайық, облыс басшылығы коро­навирусқа байланысты Абай тойы­на арналған барлық жұмысты кейінге қал­дыра тұратын шығар деп ойлағанбыз.

Жоқ, қателесіппіз. Арғы Семей жақты білмеймін, бергі Абай ауданының шекарасынан бастап ақын елі үлкен құрылыс ала­ңына айналып кетті. Күндіз-түні құм- топырақ тасып, арлы-берлі ағылған авто­кө­ліктер мен алып тракторлар үні жер жаңғырықтырады. Уақыт тіліне де, коро­навирустың жүгіне де бағынбай, тасты жарып, тауды қопарған мыңдаған адамдар­дың мысын ештеңе тойтара алған жоқ. Ал содан не шықты дейсіз ғой, айтайын:

Қасқабұлақ

Ұлы ғұламаның кір жуып, кіндік кескен жері. Ақын бауырым Бауыржан Жақып жыр­лағандай «Абайдың Қасқабұлағы» бұл.

Неге екенін білмеймін, бұл ара осы уа­қыт­қа дейін көзге де түспепті, көңілге де алынбапты. Рас, бұрнағы жылдары Абай ауданының бұрынғы әкімі, марқұм Б.Үйсімбаев бұлақ басындағы шаған төбе­ге қара граниттен құлпытас орнатқан бола­тын. Бірақ ол кісі де шалшыққа айналып, балдыр басқан, қасиетті бұлақ басын бүтіндей абаттандыра алмады. Өз басым осы жерде жыл сайын республикалық Абай оқуларына қатысушы балаларды ақын шәкірттеріммен бірге қарсы алатынмын. Бірақ бұлақты көрсетуге дәтім бар­майтын. Беті жап-жасыл болып жаз бойы борсып жататын, жүздеген жылқы үйез­деп шыбындап тұратын бұлақты не деп көрсетеміз. Қонақ балалардың бірі «Абай атаңызды ардақтағаныңыз осы ма?» деп қалса не бетімізді айтамыз. Хош, осы жерге енді келіңіз. Алла тағала даныш­­пандықтың нұрын сіңіріп, қасиетін дарыт­қан Қасқабұлақ басы бүгін бүтіндей абат­тандырылған. Жер баспайсыз, өрнекті тастар төселген өрлеу жолмен құлдилап барып мөп-мөлдір бұлақ көзінен су іше­сіз, қайтарыңызда Абай атамыздың ұлы­лыққа толы ұлағатты сөздерін гранит тастар­дан оқисыз. Сол сәтте-ақ санаңыз өз­геріп сала береді. Осындай оңалғанын ойға, күмбірлі күйге түсірген қолына дерт бермегір құрылысшы азаматтарға алғыс айтасыз. Ең бастысы қасиетті жердің табан асты қалмай қайтадан ұрпақтар зердесіне оралғанына қуанасыз.

Ақшоқы

Бұл жер мен Семей – Қарауыл тас жолының арасы 18 шақырымдай. Көтерме тастақ жолы болғанымен біраз бұрылыс. Абай ауданына келуші қонақтардың бара алмайтыны да сондықтан. Биыл мұнда да керемет жұмыстар атқарылды. Құнанбай қажы қорымы қайтадан толықтырылып, осында жатқан ұрпақтарының басына жаңа құлпытастар орнатылды. Де­мала­тын алаңқайлар жасалды. Ең бастысы­ Құнан­бай қажы мұражайы салынып, іші­не құнды жәдігерлер қойылды. Сөй­тіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлының «Абайды айтқанда оның әкесі, сайын сахара кемеңгері Құнанбайды да ұмыт­пауымыз қажет» деген келелі ойы­ның алғашқы парағы да ашылып, арманымыз орындалды.

Жидебай

Жидебайдағы өзгерістің басы бұры­лыс­тан-ақ көрініп тұр. Мазмұн мен мағы­наға бай көрікті стелла қиырдан көз тартады.

Жидебай! Жарықтық Абай бабамыз бен Шәкәрім атамыздың мәңгілік пана тауып жатқан жері. Қаншама өзгеріске түсті, қаншама қасиет танымастыққа ұшы­рады, тіпті біздің бала кезімізде ақын мүрдесін Семей шаһарына апарып қай­та жерлеу жөнінде ұсыныстар жасалып, Тобықты шалдарының «шатақ» мінез­дерінің арқасында аман қалғаны да бар. Топы­рақтарың торқа болғыр сол адамдар сол кезде ұрпақ болашағын қатты ойламаса, біздің де бүгінгідей Абай ауданы болып отыруымыз екіталай еді ғой...

Бабамыз ең алдымен төрт құлақты зиратта інісі Оспанның қасында жатты. Онан кейін басына мрамор тастан ескерткіш обелиска орнатылды. 1995 жылға дейін біз сол ескерткіштің мәрмәр тасы мен жұ­мыр қара шынжырлы қоршауын сипалап келдік.

Әлі есімде, халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков Абайға келген бір сапарында осы ескерткіш басында тұрып: «Әй, Хафиз, сен білесің бе, мына шынжырлар ненің белгісі?» деп салды. Сөзден де, ойдан да көп тосыла қоймайтын Хафиз (Матаев) ағамыз жөпелдемеде жөн таппай кәдімгідей күмілжіп қалды. Соны байқаған Өзағам: «Білмесең мен айтайын,­ мұндай жуан шынжырмен орыстар суға кетіп өлген матростардың басына бел­гі қояды, Абай орыс емес қой» деді. Деді де «аманшылық болса Абайдың 150 жыл­ды­ғына дейін бұл қателікті сіз боп, біз боп, түзетеміз» деп бір қуантып тастады.

1990 жылы басталып, 1995 жылы аяқталған Абай, Шәкәрім кесенесінің салуына шындығында да Өзағаң да Ха­физ аға да өз үлестерін қосты. Әйтсе де Жиде­байдың түлеп, жаңғыруын біз Егемен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастаймыз. Абай еліне төрт мәрте келіп, Абай елінің абыз ақсақалы, халық ақыны Шәкір Әбеновтен бата алған Нұрекеңнің «Абай – қазақ халқының бой­тұмары» деген қанатты сөзі бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да іс-әрекетінен айқын көрініс тауып жатыр. Соны біз бүгінгі Жидебайдың адам танымастай болып өзгергенінен көреміз. Шынын айтайын, бірінші рет көргенде менің өзім де аң-таң болып қалдым. Алғаш құры­лысшылар келіп кесененің іргетасын бұзып, астан-кестеңін шығарып жат­қан кезде шыбын жаным шырқырап «мы­наның соңы қалай болар екен» деп күдік­тенгенім де рас. Енді бүгін қарасам ертегідей. Ең бастысы бірінші қабаттағы айналмалы бос орын бүгінде тіршілік көзін ашқан. Құдды бір дала музейі сияқ­ты. Кезінде бұл кесене авторы Бек Ибраев­тың­ да арманы болған. Естуімше, ол осы идея­сы орындалмай қалғаны үшін өзіне беріл­ген Мемлекеттік сыйлықтан да бас тартқан ғой.

Қазір музейді бір аралап шыққан адам Абай іздеген толық адам жөніндегі толық мағлұматты алғандай болады.

Қарауыл

Қарауыл ауылына кіреберісте бірден көзге шалынып, көңіл өсіретін жаңа ны­сан – Абай лицейі. Небәрі 3-4 айда салынып пайдалануға берілді. Қазір бас­тауыш сынып оқушылары дәріс алып жатыр. «Қоңыр Әулие» үңгірін экскурсия аймағына айналдырып, ауданымызда тұңғыш рет бассейн салдырып берген Даниал Кенжетайұлы: «Абай елінен аянарымыз жоқ, мектеп те, тұрғын үйлер де салынады» деп еді. Айтқан сөзінде тұрды. Мектеп салынды, жаңадан бірнеше тұр­ғын үйлер салынып, пайдалануға бері­ліп жатыр. Қарауыл тауының етегіне қа­рай бірнеше нысан көш түзеді. Сол көштің басында сөз жоқ, Абай саябағы тұр. Осы саябақ жөнінде бір кезде бірнеше дау-дамай туғаны да рас. Бәзбіреулер саябақтың сырт сұлбасын фотосуретке түсіріп алып, «абайлықтар қазақтың домбырасын қорлап жатыр» деп даурықса, енді біреулер «айдалаға саябақ салып не керек» деп көкезуледі. Ал кейбір өзіміздің ақса­қалдарымыз «қу медиен қу далаға саябақ та тұрғын үй де салып керегі жоқ, ол жерде бір кезде «Дерикар» зауыты жұмыс істегеннен улы заттарын төккен, халықты уламауымыз керек» деп қамқорсынды. Қойшы, әйтеуір, қашан саябақ салынып біткенше ел еліруін қоймады. Сонда да саябақ салынды. Қазір сенбі, жексенбі күндері мұнда халық лықа толы.

Сонымен Абай тойы аяқталды «Абай күні» күнтізбеге, тарихқа енді. Бұл той бір жыл бойы жалғасып келіп 10 тамызда қортын­дыланып отырады деген сөз. Астанада ашылғалы жатқан «Абай институты» да ақын тойының жемісі.

Мен – Абай елінің қазіргі ақсақалда­рының бірімін. Жұртымның жақсылығына қуанып, жамандығына суалып отыра­тын жанмын. Сондықтан да Абай бабамыздың 175 жылдық тойының аясында атқарылған жоғарыдағыдай қыруар жұмыстарды көріп, біліп отырып үндемей қалуды жөн са­намадым. Олай болса, ең алдымен ал­ғашқы жұмысын Абай атамыздың 175 жылдығын тойлаудан бастаған Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Даниал Ахметовке ел атынан алғыс ай­тамын.

Тегінде, тас түскен жеріне ауыр деп жатамыз. Баба тойының барысында атқа­рылған жұмыстардың барлығы да Абай жерінде болды. Демек, ақын елінің атқа мінерлерінің көпшілігі жоғарғыда атқа­рыл­ған құрылыс нысандарының басы-қасында болды десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, бұдан бұрын да аудан хал­қы­на іскерлігімен, талапшылдығымен, ұйым­дас­тырушылық қабілетімен таныл­ған аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы Бай­сабыровтың арқалаған жүгі ауыр болды. Алғашқы жұмысын Қарауыл ауы­лындағы аға сұлтан алаңына ұлы Абай­дың ескерткішін орнатудан бастаған ол іле-шала Тоқтамыс батырдың қола мүсі­нін ел азаматтарының жанды көмегіне сүйене отырып, Қарауылдың кіреберіс қақ­пасының алдына орнатты. Әлі есім­де, ұлы Абайдың 150 жылыдық мереке­сінің салтанаты басталар алдында Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына ақбоз атпен шығып, рапорт берген өзі­міздің ағамыз, сол кездегі аудан әкімі, марқұм Өнер Смағұлов еді. Тарих­та қалатын бақытты сәт қой бұл. Сол сияқ­ты Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев той қорытындысын көруге Абай еліне, Жидебай жеріне келген күні Жарқынбек Борашұлы да Абайда атқа­рыл­­ған жұмыстар жөнінде есеп беріп, жо­ғары бағасын алды. Бұл да болса Абай ұрпақ­тарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің нәтижесі.

 

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ,

ақын, «Құрмет» орденінің иегері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Абай ауданының Құрметті азаматы