18-20 ақпанда Тель-Авивте (Израиль) дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Бұл Олимпиадалық рейтингке ұпай беретін бірден-бір әлемдік ірі жарыс болғандықтан, аталған додада ел намысын рейтингте жоғары ұпай жинап жүрген дзюдошылар қорғайды.
Атап айтар болсақ, Тель-Авив татамиінде 60 килода Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин, 66 кило салмақ дәрежесіне Елдос Жұмақанов пен Данияр Шамшаев сынға түседі. Ал 73 килода Жансай Смағұлов белдессе, Дидар Хамза мен Мәди Амангелді 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақтарын сынайды. Ислам Бозбаев, әдеттегідей, 90 килода күреседі. Айбек Серікбаев 100 килода, ал Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев аса ауыр салмақта, яғни 100 килодан жоғары салмақта өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес Grand Slam турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне әлемдік рейтингте ұпай сандары қосылады. Жеңімпазға 1000 ұпай, екінші орынға – 700, үшінші орын алған спортшыға 500 ұпайдан беріледі.