Түркістан облысының полицейлері көршісінің дүкеніне ұрлыққа түскен жігітті ұстады, деп хабарлайды Еgemen.kz
Бірнеше күн бұрын Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша оның дүкеніне белгісіз адам түнгі уақытта заңсыз кіріп, азық-түлік, сусындар, жаңа киімдер мен кассадағы ақшасын жымқырып кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 250 мың теңгеге жуық қаражатты құраған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен полицейлер оқиға орнына шыққан. Жедел-тергеу тобы ұрыны ұстап, қылмысты ашуға бірден кіріседі. Куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларын тексерген. Соның нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Қолға түскен жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті дүкеннің терезесін бұзуып кіріп, қолына ілінгенін алып кете берген. Айғақты зат ретінде ұрланған заттар ұрының үйінен тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Аида ОРАЛБЕК