• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2021

Атырауда қоғамдық тамақтану орындары түн ортасына дейін жұмыс істейді

627 рет
көрсетілді

Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты ұзартылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қоғамдық тамақтану объектілеріне сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін (ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 50-ден аспайтын отыратын орын орнатып, 50%-ға дейін толтырылуымен, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде 2 метр сақталуын қамтамасыз етіп), фудкорттар тек жеткізу қағидасы бойынша штаттық режимде жұмыс кестесін белгілей отырып, жұмыс жасауға рұқсат етіледі» делінген қаулыда.

Сондай-ақ күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс кестесі сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін белгіленді. Бірақ жексенбіде жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Ал сауда үйлері мен орталықтары (павильондар, бутиктер), сауда желілері сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін (толтырылуы объект сыйымдылығының 30%-нан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес), олардың ішіндегі азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда жұмыс істеуіне рұқсат етілді.