Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында бірқатар шенеунікке сөгіс жарияланып, тәртіптік шара қолданылды. Оған себеп те жоқ емес еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі кемшіліктерді атап, бірқатар сын-ескерту айтқан болатын. Айтылған мәселелер аппарат отырысында ортаға салынып, жауапты сала басшылары есеп берді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқыланған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыстар бойынша берілген тапсырма қанағаттанарлықсыз орындалғанын атап өтті. «Отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға ең аз қаражатты мемлекеттік органдар жұмсайды. Жергілікті қамту тек 30 пайызды көрсетіп отыр. Инфрақұрылымдық бағдарламаларды іске асыру аясында мемлекеттік органдар осы көрсеткіш бойынша 90 пайыз деңгейге жетуі тиіс еді. Іс жүзінде қазақстандық қамту 83 пайыз ғана қамтамасыз етілді. «Нұрлы жер» жобасына сəйкес, сегіз өңірде жүктелген тапсырма орындалмаған. Нашар көрсеткіштер елордада – 59 пайыз, Түркістан, Павлодар облыстарында – 64 жəне 61 пайыз», деді Мемлекет басшысы. Өңірге қатыстыра айтсақ, жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын құрылыс-монтаж жұмыстарындағы инфрақұрылымдық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті қамту үлесі, яғни облыстың құрылыс алаңдарының отандық тауарлармен қамтылуы 64%-ды құраған. «Құрылыс барысына отандық тауарлардың тартылуы, яғни жергілікті қамту үлесі қиынға соққан кездер болды. Бұл ең алдымен пандемиялық жағдайға байланысты, деп айта аламыз. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда құрылыспен айналысатын мердігер мекемелер уақытында тиісті есептерін бермегені де сеп болды», деді аппарат жиналысында есеп берген облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл салада бақылау, қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені үшін облыстық құрылыс басқармасының басшысына сөгіс жариялады.
Президент жоғарыда аталған жиында жайылым мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. «Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда аппарат отырысында ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс жерлердің тапшылығы Түркістан облысында да тіркелгені айтылды. Облыс әкімі пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аудан, қала әкімдіктерінде ұзаққа созылып, тиісті деңгейде жүргізілмейтінін мәлім етті. Облыстық басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне екі апта уақыт берді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарудың қадамдық алгоритмін әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Осы ретте ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізу жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырды.
«Жайылымдар туралы» заңға сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдар жоспары аудандар мен қалалар бойынша бекітіліп, нормативтік-құқықтық акт ретінде әділет органына тіркелді. Жоспарда әр елді мекен бойынша халықтың мұқтажына қажетті ортақ жайылымға алаңы 5 166,0 мың гектар жерді алу қарастырылған. Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов қазір өңірде 27 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай отырғанын айтты. Өткен жылғы түгендеу жұмыстары кезінде осындай 77 мың гектар жер анықталып, оның 50 мың гектары жер иелерінің келісімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Жауаптылардың айтуынша, қазір келісімін бермеген жер иеленушілермен заң аясында жұмыс жүргізілуде. Жалпы, Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар.
Үкімет отырысында айтылған сын-ескертудің бірі – жұмыспен қамтуға қатысты болатын. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отырғанын айта келе, Мемлекет басшысы бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мəлімет қайта-қайта енгізілетінін атап көрсеткен-ді. «Дəл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, əсіресе Түркістан (79%), Қызылорда (43%) жəне Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған», деген болатын Президент. Осыған байланысты Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша соңғы ақпараттарды ортаға салды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылғандай, өңірде мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан кей азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған. Бұл орайда облыс әкімі басқарма басшысына облыстық кіріс департаментімен бірлесіп тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру қорытындысы бір апта ішінде белгілі болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жауапты мамандарға тиісті шаралар қолданылатын болады. Сондай-ақ аппарат отырысында көрсеткіштері төмен Түркістан мен Кентау қалалық әкімдіктің әлеуметтік бөлім жетекшілеріне тәртіптік шара қарастырылды.
Түркістан облысы