Дана халқымыз «көп қорқытады, терең батырады» деп тегін айтқан жоқ. Мұндағы «көп» сөзін бүгінгі күн тұрғысынан тәпсірлесек – демография, яғни қоғамдағы бұқараның салмағы. Әсіресе, ұлан-байтақ өлкені меншіктеп отырған қазақ сияқты этнос өз территориясына толық иелік ету үшін саны көп, салмағы мығым болмақ керек. Атақты Бұқар жырау бабамыздың «Желкілдеген ту келіп, Жер қайысқан қол келіп, Сонан сасып тұрмасқа...» деп болашақ ұрпағына бекер ескерткен жоқ. Баба сөзінен біз «көп болсаң жау шаппайды, туың жығылып, түтінің өшпейді» деген өзегі нәрлі, өлшемі кең, өлмес өсиетті аңғарамыз.
Оның сыртында атам қазақтың «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейтін шыңыраудан шыққан шындықтай асыл тәмсілі де тегіннен-тегін айтыла салмаған. Аталарымыз, көптің күші көлдей, көшіп жүрген елдей екенін ертеден-ақ білген. Абыз Абайдың өзі «Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған» деді емес пе. Яғни бұл көп болсаң, тәңірдің өзі қолдайды деген сөз.
Осы орайда айтпағымыз, қазіргі жаһандану дәуіріне қазақ үшін демографиялық дүмпу ауадай қажет. Өйткені халық санының өсуі ел қауіпсіздігі мен дамуының стратегиялық маңызды мақсаттарының біріне жатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген болатын. Бұл рас айтылған дүние.
Мысалы, еліміз тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға ғана көбейіпті. Осы аралықта өзбек ағайындар 67,1 пайызға өсіп, 33 миллион 254 мың адамға жетсе, тәжіктер 78,6 пайызға, қырғыз ағайындар 43,1 пайызға, Әзербайжан халқы 42,4 пайызға, түрікмен бауырларымыз 65,6 пайызға өскен екен. Сөйте тұра бұлардан экономикалық әлеуетіміз көшілгері біздің демографиялық өсім қарқынды емес. Демек бұл – Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау, сонымен бірге идеологиялық бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жемісін бермей отыр деген сөз. Айта берсек, бұның себебі көп. Соның бірі – қоғамда белең алған бедеулік дерті мен ажырасу мәселесі.
«Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында.
Айталық, 1991 жылдан бері ел көлемінде 3,6 миллион жұп шаңырақ көтерсе, осылардың 1,1 миллионы ажырасып кеткен. Бұл – уақыт өткен сайын қарқын алып келе жатқан үлкен апат. Мәселен, 2018 жылы үйленгендер саны 137 797 жетсе, осылардың 54 797-сінің ақ некесі бұзылған, яғни ажырасу – 40 пайыз.
Одан кейін қоғамды алаңдатып жүрген тағы бір мәселе – суицид. Жыл өткен сайын елімізде өзіне өзі қол жұмсаушылар саны артып келеді. Тіпті республика бойынша қасақана кісі өлтіруден гөрі, өзіне қол жұмсағандардың өлімі үш есе көп. 1991 жылдан бері елімізде 106 мың адам өзіне өзі қол салса, 2018 жылы қасақана адам өлтіру 100 мың адамға шаққанда 4,8 жағдай тіркелсе, өзін өзі өлтірудің пайызы 13,8-ге жеткен. Жалпы, өзін өзі өлтіру – қоғамдағы әлеуметтік-идеологиялық тұрақтылықтың лакмусы болса, біздің қоғамды әлеуметтік жағдайы жақсы, рухани сау қоғам деп айту қиын.
Десе де, ауызды қу шөппен сүрте беру де ыңғайсыз. Бұрынғы КСРО құрамында болған славян жұртына қарағанда қазақтың өсімі Аллаға шүкір. Мысалы, соңғы 30 жылда украиндықтар 18,8 пайызға, молдовандар 38,2 пайызға, грузин жұрты 31,5 пайызға, латвия 28, 8 пайызға азайса, бізде қайта аз да болса өсім бар.
Демограф Ерболат Мұсабектің айтуына қарағанда, өткен 2020 жылы елімізде 425,6 мың сәби дүниеге келіп, 34 жыл мызғымай (1987 жылы 417 мың сәби дүниеге келген) тұрған рекорд жаңарған екен. «Елге ел, төлге төл қосылса құт» деген осы емес пе?! Бабаларымыз «бір төл артық туса, бір айыр шөп артық шығады» дегендей, әр тіршілік иесі өз ризығымен туары анық. Абай атамыздың «Ғадәләт пен мархамат – көп азығы» дегені осы. Немесе Бұқар жыраудың «Жарлыны жарлы демеңіз, Жарлы байға теңеліп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз, Жалғыз көпке теңеліп, Бір жаһанда соғысып, Кегін алмас демеңіз» деп толғағаны сияқты, елімізде тыныштық болса, байға да теңелерміз, жайлауға да шығармыз, жаһан бір жайылғанда кеткен есеміз де қайтар. Ел аман, жұрт тыныш болсын!