1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еліміздің тарихында қазақ жастарының ерлігі мен өрлігін, отаншылдығы мен намысшылдығын көрсеткен айтулы оқиғалардың бірі. Сол тұста көп жайт бүркемеленгенімен, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Желтоқсан көтерілісіне қатысты оқиғалардың көпшілігі анықталды, көтерілістің тарихи маңызына баға берілді. Түрлі әдеби, зерттеу шығармалары жазылып, кітап болып басылды, арнайы газет шығарылды, фильмдер түсірілді, әндер жазылды, т.б. Бірақ, Желтоқсан көтерілісі туралы тың деректердің әлі бар екенін, оларды елге жариялап отырудың еш артықтығы жоқтығына 1986 жылы 17 желтоқсанда көтерілістің негізгі ұйымдастырушыларының бірі, сол кездегі Театр және көркемсурет институтының студенті, бүгінде жеке кәсіпкер атанған Құрманғазы Айтмырзамен әңгіме барысында көз жеткіздік.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еліміздің тарихында қазақ жастарының ерлігі мен өрлігін, отаншылдығы мен намысшылдығын көрсеткен айтулы оқиғалардың бірі. Сол тұста көп жайт бүркемеленгенімен, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Желтоқсан көтерілісіне қатысты оқиғалардың көпшілігі анықталды, көтерілістің тарихи маңызына баға берілді. Түрлі әдеби, зерттеу шығармалары жазылып, кітап болып басылды, арнайы газет шығарылды, фильмдер түсірілді, әндер жазылды, т.б. Бірақ, Желтоқсан көтерілісі туралы тың деректердің әлі бар екенін, оларды елге жариялап отырудың еш артықтығы жоқтығына 1986 жылы 17 желтоқсанда көтерілістің негізгі ұйымдастырушыларының бірі, сол кездегі Театр және көркемсурет институтының студенті, бүгінде жеке кәсіпкер атанған Құрманғазы Айтмырзамен әңгіме барысында көз жеткіздік.
– Құрманғазы аға, қазіргі кезде Желтоқсан көтерілісі туралы дерек те, дәйек те молынан кездеседі. Ізденген адам Желтоқсан көтерілісіне себеп болған оқиғаның не екенін, алаңға қанша адам шыққанын, кімдер сотталғанын, кімдер қудаланғанын, осы көтерілісті зерттеу үшін құрылған комиссияның қаншалықты еңбек атқарғанын, тағы басқа да жағдайларды біле алады. Сөйтсе де алаңға шыққан жастардың қаншасы ажал құшқанын нақтылап, бір ізге келтірген деректер жоқ екен. Ол оқиға туралы не айтар едіңіз?
– КСРО Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде дайындалған «Метель» операциясы бойынша көтерілістің асқан қатыгездікпен басып-жаншылғанын сіздер білесіздер. Желтоқсанның толық шындығын ашуды тарихтың еншісіне, болашақ тарихшылардың еншісіне қалдырамыз. Солар бүге-шігесіне дейін зерттеп, әр нәрсені, әркімді өз орнына қояды деп үміттенеміз. Өз уақытында комиссия құрылды. Олар шамасы жеткен жерге дейін зерттеп, көп нәрсені қамтуға тырысты.
– Сіздің Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған жандардың бірі екеніңізді бертінде ғана біле бастадық. Оның өзінде сіз туралы да, жаныңыздағы серіктеріңіз туралы да мәліметтер онша көп емес. Біз мұның басында белгілі бір адамдардың тұрғанын қаперге алмай, әлі күнге дейін көтерілістің бұқаралық стихиясына мән береміз. Мұның себебі неде?
– Мұның ешқандай себебі жоқ. Кезінде көтерілісті ұйымдастырғанымыз да, сәйкесінше жазамызды өтегеніміз де рас. Одан кейін «мені жазыңдар, айтыңдар» деп өзім де бастама көтермедім. Өйткені, біз алаңға даңқты болу үшін, қандай да бір атақ алу үшін шыққан жоқпыз.
Міне, қазіргі таңда елге шығып, жастармен кездесу өткізіп, көтерілістің мән-мағынасы, Кеңес Одағына ықпалы туралы әңгімелерді бастап кеттім. Ақтөбеде кездесу ұйымдастырдым. 1500 орындық залда жастар толып отырды. Олар үш сағат бойы әңгімемді тапжылмай тыңдады. Кез келген тарихи қозғалыстардың басында жастар жүреді ғой негізі. Қоғамды өзгертетін де жастар. Олардың батыл сұрақтарына риза болдым.
– Көтеріліске оралайық. Мысалы, сіздің желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен байланысыңыз болды ма?
– Байланысым болған жоқ. Қайраттың ешқандай кінәсі жоқ екенін білемін. Савицкийдің өлімін бір адамның мойнына ілу керек болды, сол үшін бір адамды табу керек болды. Осы жала Қайратқа жабылды. Жалпы, деректерге сүйенсек, ол көпшілікті ұйымдастыруға қатыспаған. Алаңға шыққан 40 мың адамның бірі ғана. Бірақ, батырлығы бар, рухани дүниесі мықты жігіт. Қайтпас қайсар азамат. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде Қайратты көргенім де жоқ. Өйткені, өзіміз алаңның ана шеті мен мына шетіне бір шығып, жүгіріп жүрдік. «Төбелеске бармаңдар, біз бейбіт шеруге шыққан адамдармыз. Төбелессек, заң бойынша біздікі қате болады»дегенді айтып даусымыз қарлықты. Бір мезетте кейбір жастар «сендер қорқақсыңдар» деп өзімізге ұмтылды. Біз жастарды алаңнан алып кетуге тырыстық. Онымыз орындалды. Оларды көшемен жүргізіп өткіздік. Сол күні кешке бес-алты мың адамды жинап алаңға қайтып келдік. Оларды барынша әлгіндей үгіт-насихат айтып тәрбиелеуге тырыстық. Бірақ оған шамамыз жетпеді... Үкімет үйінің жанындағы телевидениені басып алуға тырыстық. «Бізде осындай оқиға болып жатыр», деп бүкіл әлемге жар салғымыз келді. Оған да шамамыз жетпеді, жеткізбеді...
– 16 желтоқсан күні өткен әйгілі КПСС Орталық Комитетінің пленумынан соң араға күн салмай-ақ сол кездегі Брежнев алаңына жоғары оқу орындарының студенттері мен жұмысшы жастардың басын қосу қалай мүмкін болды?
– 16 желтоқсан күні Нұрмахан екеуміз курс старостасы Желдібаев Еркіннің жалдап отырған пәтеріне барғанбыз. Сол жерде теледидардан Қонаевты қызметінен алып тастағаны туралы хабарды естіп, жатақханаға көңілсіз оралдық. Келсек жігіттер абыр-сабыр болып жатыр. Бөлмеде Орталық комитет пленумының шешімін қызу талқылай келіп, өзіміздің наразылығымызды білдіру үшін ертеңіне алаңға шығатын болып келісіп, оған басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін де тартуды ұйғардық. Бәріміз екі-үштен бөлініп, түн жамылып жан-жаққа тарап жаттық. Мен жаныма Үсіпханды ертіп, ҚазМУ-дың жатақханасына қарай тарттым. Онда біраз қыз-жігіттермен кездесіп, өз ойымызды ортаға салдық. Өз жатақханамызға қайтып келсек, вахта алдында Бақытбек пен екі-үш курстасымыз сыртқа шыққалы тұр екен. Соларға қосылып тағы да жатақханаларды аралауға кірістік. Содан не керек, түн ортасына дейін Алматыдағы біраз жатақханаларды жаяу-жалпы аралап шықтық. Ондағы жастардың бәрін ашу-ыза кернеген. Біздің бастаманы бірден қолдап жатты. Сол кездері өз елімізде өмір сүріп жатқанымызбен, қазақ тілінің жағдайы қиын болатын. Қазақ мектептері мен балабақшалары жабылып жатқан. Орыстанудың жаппай етек алғаны сондай, Алматыда болсын, басқа қалаларда да көшедегі алқаштардың өзі «говори на понятном языке» деп сес көрсететін. Осындай-осындай жағдайлардың бәрі миымда кептелісіп тұрды. Бір қуанарлық жағдай, достарымның ортақ істі ұйымдастыруға қосыла кеткені. Олар менің ішкі ойымды, намыстанған сезімімді айтпай-ақ түсініп, көрші институттардың жатақханаларына, зауыт жұмысшыларының жатақханасына барып үгіттеу жүргіздік. Бізге ешкім де қарсы болмады. Пленумдағы оқиғаны олар да естіген. Олар да ашулы, тек не істерлерін білмей ғана отыр екен. Сөйтіп, 17-желтоқсан күні алаңға шығуға бірауыздан келістік.
– Көрші жатақханаларға барып үгіт жүргізуге қалай батылдарыңыз жетті? Біреу-міреулер сатып кетеді-ау деген қорқыныш болмады ма?
– Бұл жерде қорқыныштан бұрын намыстану, ызалану сезімдері биік тұрды. Одан кейін біздің, яғни, Театр және көркемсурет институтының студенттері шетінен талантты болып келетін. Алматыдағы көптеген институттардың жастарымен байланыста болдық. Олар концерт өткізсе, міндетті түрде бізді шақыратын. Ал өз басым қандай сахнадағы концертке барсам да, міндетті түрде тіл туралы, қазақы болмыс туралы арасында әңгіме қозғайтынмын. Мұның түбі Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Мен айтар едім, Қонаевтың кетуі мен Колбиннің келуі көтеріліске түрткі ғана болды. Қазақ жастарының көкейінде сол кезде Шоқан Уәлихановтың 20 жасында орыс императорына «Быть или не быть нашему народу?» деп сауал қойғаны сияқты үлкен сауал бар еді. Қазір өздеріңіз білесіздер, Сібір халқы бордай тозып кетті. Аты-жөндері орысша, мойындарында крест, қолдарында арақ. Осы жағдай сол кезде бізге де үлкен ой салатын. Екіншіден, мен өзім 1981 жылдары Грозный қаласында әскерде болдым. Бірде бізді Осетияның астанасы Орджоникидзе қаласына алып келді. Ондағы мақсат – осетиндер мен чешендердің ұлтаралық қақтығысын басу. Ұмытылмастай болып есімде қалған жағдайлардың бірі – осетиннің әйел-аналары бізге бәліш, тәтті тоқаштар әкеліп беріп жүрді. Біз тұрған жерге қалай кіргенін білмеймін, мүмкін бір амалын тапқан шығар? Сонда бір ана: «Вы наших детей не убивайте, не стреляйте, наши дети правы, почему чужие на нашей земле должны хозяйничать, пусть уезжают, откуда пришли. Это наша земля, мы это не позволим. Мы вас понимаем, вам команду дали, только не стреляйте», – деп айтқан еді. Не деген намысшыл халық, тіпті, әйелдеріне дейін сұмдық намысшыл екен ғой деп ойлағанмын. Біздің халқымыз да осындай намысшыл болса екен деп тілегенмін іштей. Әрине, санадағы осындай эпизодтардың Желтоқсан көтерілісінің бұрқ ете қалуына әсерін тигізбеді деп айту қиын.
– Бейбіт шерудің соңы көтеріліске ұласып кетті. Қаншама жастар сотталды, қудаланды. Көтеріліс басылған соң сізді қандай жаза күтіп тұрды?
– Кеңес Одағының КГБ-сы мықты жұмыс істейтін. Қаланы жауып тастады. Пойыз тоқтатылды, ұшақтар ұшпады, телефон желісін де үзіп тастаған. Әрбір жатақханада КГБ-ның қызметкерлері топ-топ болып жүріп, студенттерді сұрақтың астына алғаны күні кеше болған сияқты. Біз шынын айтқанда оларды адастырып кетудің амалын жасадық. «Қара «Волга» мінген, қара пальтолы адамдар жатақханаларды аралап жүрді» дегенді ойдан шығарып, таратып жібердік. Мұндай ой Бақытбектің басына келді. Бұл іске асты. КГБ қызметкерлері әлгі өмірде жоқ «ұйымдастырушыларды» іздеп әуре болды. Әйтсе де біздің ұйымдастырғанымыз ашылмай қалған жоқ. Бізді ұстап әкетіп, тергеу изоляторына қамап тастағанда, қарсы куәлік берген студенттер де болды. Бір оқиға есімнен кетпейді. Сотта 54 адам куә ретінде тартылды. Олар болған жағдайды жасырмай, «бізді үгіттеген Айтмырзаев» дегенді айтты. Сонда істі жүргізіп отырған судья Мамыров куәгер жігіттің біріне «Сен не айтып отырсың? Бұл жігіттер де өздерің сияқты емес пе? Сендерді қалай үгіттейді?» деп ұрса жөнелгенде іштей риза болып едім. Сот үкімі шыққанша 11 ай тергеу изоляторында жаттым. Сосын 4 жылға сотталып, алдымен Мәскеу түбіндегі Потьма деген жерде, соңынан Мордованың түрмесінде «жазамды өтедім».
– Сіз туралы жазбалардың бірінде жарыңыз Алманың бірге болуға бел байлап, соңыңыздан Потьмаға барғаны жазылады.
– Иә, бұл оқиғаның тәрбиелік жағы ретінде қазақ қыздарының батылдығын, махаббатқа беріктігін айтуға болады. Тек менің емес, бірқатар желтоқсандық жігіттердің қалыңдықтары өз жігіттерінің соңынан түрмеге іздеп барып, жандарында болды. Бұл тұрғыдан алғанда біздің қыздардың ерлігі декабристердің әйелдерінің ерлігінен кем болған жоқ. Желтоқсанда алаңға шыққан қыздар туралы әңгіме бір бөлек тақырып. Иә, сол бір ауыр күндерде жанымда жұбайым Алма Ашықбаеваның болғаны рас. Екінші ұлымыз түрмеде дүниеге келген... Құдайдан жасырмағанды адамнан қалай жасырасың?
– 2011 жылы өзіңіз бастап Елбасының назарына деп айдар қойып, министрлікке хат жазған болатынсыздар. Онда Желтоқсан көтерілісіне лайықты саяси-құқықтық баға беру жайы айтылған. Сол хаттарыңызға жауап келді ме?
– Тиісті министрліктен жауап келген. Бұл мәселе қаралып жатыр. Жалпы, бұл жоғары басшылықтың назарындағы нәрсе. Басқа ештеңе де айта алмаймын...
– Түрмеден шыққан соң мемлекет тарапынан атаулы көмектер болды ма?
– Біздің мемлекетіміз жас мемлекет. Енді ғана аяғынан тұрып келе жатқан мемлекет. Тарих үшін кішкентай ғана уақытта «бізге жағдай жасамады» деудің өзі ұят нәрсе. Әрине, желтоқсанда бас бостандығынан айырылған кейбір қыз-жігіттерге жергілікті әкімшілік тарапынан пәтер берген жағдайлар кездесті. Кейбір қыз-жігіттерге атаулы көмектер де берілді.
– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен өзіңіз қандай сабақ алдыңыз?
– Меніңше, жастардың алаңға шығуы – тағдырдың жазуы. Біз шықпасақ басқа біреулер шығатын еді. Әрине, мұндайда адам шығыны болатыны табиғи құбылыс. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қаншама миллион адам қырылып кетті, қаншамасы із-түзсіз кетті, басқа елдің шекарасына өтіп кеткендер де бар. Бірақ біз тойлағанда жеңісті тойлаймыз. Әрине, бұл көтерілісті үлкен соғыспен салыстырып отырған жоқпын, тек желтоқсанның сабағы – тәуелсіздіктің қадірін әрбірімізге сездіре, ұқтыра білуінде деп айтқым келеді. Біз қалайда желтоқсанды ұмытып кетпеуге тиіспіз. Оның ұлттың рухын оятудағы мән-маңызын айта жүруге тиіспіз.
Халқымыз өз алдына мемлекет болды. Әскеріміз бар, шекарамыз бар... Салт-дәстүріміз, құндылықтарымыз қайтадан жаңғырып, жаңара бастады. Елде шешімін таппаған мәселелер болса, ол ел басқарып отырған азаматтардың үлесіндегі істер.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».