Атырау облысында 11 ақпанда 76 жастағы егде адам 150 қоймен бірге жоғалып кетті. Оны полиция инспекторы бір күннен соң тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
«Жылыой аудандық полиция бөліміне 11 ақпанда күндізгі сағат 10:35 шамасында Жем селолық округіндегі шаруа қожалығында жұмыс істейтін 76 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. Өріске 150 қойды бағуға шыққан егде адам қайта оралмаған. Сол күні полицейлер мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері егде жастағы адамды іздеуді бастады», деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Жоғалғаны қарияны іздестіру тоқтатылған жоқ. Бірнеше нұсқа қарастырылды. Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин жоғалған азаматты бір тәуліктен соң, 12 ақпанда сағат 11:00-де «Асан-Кеткен» қырынан тапты. Шаруа қожалығының қыстағынан 15 шақырым қашықтан табылған қарияның туыстары полиция инспекторына алғысын білдіріп отыр.
«Шынымды айтсам, жоғалған қарияның туыстары алғыс айтар деп күткен жоқ едім. Өйткені, қиналған адамдарға қол ұшын созуды міндетім деп санаймын. Сондықтан, мақсатым – жүрек қалауыммен таңдаған қызметімді, өзіме жүктелген міндетті абыроймен және адалдықпен атқару», дейді учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин.