• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2013

Қауіп қайдан? «Әл-Каидадан»...

1692 рет
көрсетілді

Экстремистік және террористік ұйымдардың іс-әрекетіне жол берілмеуі тиіс

Соңғы онжылдықта радикализм мен экстремизмнің және терроризм­нің жиірек көрініс беруі әлемдік қоғамдастықты ерекше алаңдатып келеді. Елдердің ұлттық қауіпсізді­гіне қатер төндіретін, бейбіт халықты қанға бояп, үрейлендіретін кез келген террорлық әрекеттің артында жат пиғылдағы белгілі бір топтың немесе терроршыл ұйымның тұратыны анық. Мұны бейбіт­­шілік пен тұрақтылыққа жасалған шабуыл деп қабылдаған жөн. Осыны ерте бастан білген елдер іс-әрекеті күмәнді шетелдік құрылым­дар мен ұйымдардың өз елдері аумағында қызмет етуіне тыйым салып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар. Сонымен, ол қандай ұйымдар?

Экстремистік және террористік ұйымдардың іс-әрекетіне жол берілмеуі тиіс

Соңғы онжылдықта радикализм мен экстремизмнің және терроризм­нің жиірек көрініс беруі әлемдік қоғамдастықты ерекше алаңдатып келеді. Елдердің ұлттық қауіпсізді­гіне қатер төндіретін, бейбіт халықты қанға бояп, үрейлендіретін кез келген террорлық әрекеттің артында жат пиғылдағы белгілі бір топтың немесе терроршыл ұйымның тұратыны анық. Мұны бейбіт­­шілік пен тұрақтылыққа жасалған шабуыл деп қабылдаған жөн. Осыны ерте бастан білген елдер іс-әрекеті күмәнді шетелдік құрылым­дар мен ұйымдардың өз елдері аумағында қызмет етуіне тыйым салып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар. Сонымен, ол қандай ұйымдар?

«Әл-Каида» – материалдық, қаржылық мүмкіндіктері бар халықаралық террористік ұйым болып саналады. Усама бен Ладен жетекшілік еткен бұл ұйым 1990 жылы Ауғанстанда Кеңес әскеріне қарсы күрескен моджахедтерді қолдады және 1996 жылдан бастап АҚШ, Израиль және олардың одақтастарына қарсы «қасиетті соғыс» (жихад) жариялады. Аталған ұйым 1998 жылы 7 тамызда Найроби қаласында (Кения) және Дар-эс-Салам қаласында (Танзания) АҚШ елшіліктеріндегі жарылыстарды, 2000 жылы қарашада Йеменде америкалық «Коул» эсминеціне шабуыл ұйымдастырды. Жалпы, АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық әрекеттер, басқа да ең ірі деген террорлық актілер осы ұйым содырларының қолымен жасалып келді.

«Әл-Каиданың» басты мақсаты – исламдық және исламдық емес мемлекеттердің аумақтарын біріктіретін утопиялық мемлекет құру. Сол арқылы бүкіл әлемде исламдық тәртіпті орнату. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Әл-Каиданы» террорлық ұйым деп таныған. Соған сәйкес ол халықаралық санкцияларды қолдану үшін мерзімі ұзартылған тізімге кіргізілген. Ұйымның қызметіне АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Ресей және Өзбекстан тыйым салған.

 «Асбат әл-Ансар» ұйымының штаб-пәтері Ливанның Сайда қаласындағы палестиналық лагерьде орналасқан. Бұл террорлық ұйым 1985 жылы құрылған. Ұйым Усама бен Ладен­нің қолдауымен аталған лагерьдің аумағын­да әлемнің «дүрбелең аймақтарына» арна­йы жіберуге содырлар дайындаумен айналысады. Ұйым жетекшілері кезінде АҚШ, Израиль, сондай-ақ, Батыс Еуропа мемлекеттері мен Ре­сейді «Асбат әл-Ансардың» негізгі дұш­пан­дары деп жариялаған еді. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сі «Асбат әл-Ансарды» мерзімі ұзартылған тер­рор­лық ұйымдардың тізіміне қосқан. Бүгінде Ресей, Өзбекстан және бірқатар елдерде осы ұйымның қызмет етуіне тыйым салынған.

 «АУМ Синрикё» («Алеф») 1984 жылы ақпан айында құрылған жапондық діни секта бо­лып табылады. Ұйым 1989 жылы «АУМ Шин­рикио Культ» деген атаумен діни корпорация ретінде Жапонияда ресми түрде тіркелген. Өткен ғасырдың 90- жылдарында осы сектаның өкіл­дері Австралияда, Германияда, Ресейде, АҚШ-та, Тайванда және Шри-Ланкада болған екен.

Сёко Асахара атты лақап атымен белгілі «АУМ Синрикёнің» басшысы Чизуо Мацумото 1994 жылы маусымда өзін «әулие император» деп жариялады. Ұйымның әлеуметке қарсы идеялары, тіпті, адам өлтiрудi насихаттайтын идеологиясы аса қауіпті. Олардың іс-әрекеті адамдардың денсаулығына физикалық және психологиялық зиян келтіру арқылы көпшілікке мәлім. Секта басшылары жаңадан мүшелікке кіргендерді өз қатарларында ұстап, айтқандарын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ, өздерінің қатарына жаңа жақтаушыларды тарту үшін ұйымның жасырын зертханаларында есірткілер дайындап, оларды діни жоралар жүргізу барысында жиі қолданып отырған.

«АУМ Синрикёнің» мүшелері өздерінің алғашқы террорлық әрекетін 1994 жылы шілде айында Ногано префектурасындағы Мацумото қаласында сектаның зертханасында дайындалған «зарин заман» зәрлi әрі улы затты қолдану арқылы жасаған. Соның салдарынан 7 адам мерт болып, 150-ге жуық адам улы заттан зардап шекті. Сектаның террорлық әрекеттері мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Бұған олардың 1995 жылы 20 наурызда Токио қаласындағы метрода жасаған террорлық әрекеттері дәлел болады. Сол кезде 12 адам қаза тауып, 5300 жолаушы зақымданған еді. Кейін осы террорлық құрылымның басшылары шетелден автоматты винтовкалардың жабдықтары мен бөлшектерін контрабандалық жолмен алып келіп, олардың түпнұсқаларын үлгi ретiнде қолдану арқылы оқпен атылатын қарудың сериялы өндiрiсiн заңсыз жолға қоюды жоспарлағандары белгілі болды.

Аталған ұйымның қолымен жасалған террорлық әрекеттер Жапонияның құқық қорғау органдарын едәуір алаңдатты, оның қызме­тіне бақылау күшейтілді. Қолданылған іс-шара­лар­­дың нәтижесінде және «АУМ Синрикё» қызметін бейтараптандыру мақсатында елдің құқық қорғау органдары сектаның 500-ге жуық мүшесіне қарсы қылмыстық іс қозғап, 100-ден астам адамды ұлттық іздестіру тізіміне қосты. Сонымен бірге, «АУМ Синрикёнің» көсемі тұтқындалып, 1996 жылғы 16 мамырда оны өлім жазасына кесу туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, Жапония билігі елдің ұлттық заңын басшылыққа ала отырып, сектаның қызметіне тыйым салу шараларын да қарастыр­ған еді. Соның нәтижесінде 2006 жылғы 23 қаңтарда Жапонияның қоғамдық қауіпсіздікті талдау комиссиясы секта қызметіне бақылау жасау жөнінде шешім де қабылдаған болатын. Өкінішке қарай, «АУМ Синрикёнің» жекелеген басшылары сектаның жұмысын жасырын түрде әлі де жалғастырып келеді. Бүгінде олардың идео­логтары жалған әдістер – йога-клубтар немесе «кездесуге арналған веб-сайттарды» қолда­на отырып, өздеріне жаңа жақтаушылар тарта­тын көрінеді. Жапондық құқық қорғау органдары­ның мәліметтері бойынша, осы елдегі аталған секта мүшелерінің саны 1650 адамнан асады екен.

Қазіргі уақытта «АУМ Синрикёні» Фуми­­хиро Дзеимен деген басқарады. Оның лақап аты – «Алеф». Бүгінде Жапонияның 17 префектурасында осы ұйымның 30 бөлімшесі мен діни орталықтары бар. Кезінде «АУМ Синрикё» жетекшілері өз бөлімшелерін біздің еліміздің аумағында да ашуға талпыныс жасаған болатын. Бір жақсысы, бұған еліміздің тиісті ведом­с­тволары жол бермеді. Астана қаласы сотының 2006 жылғы 17 қарашадағы шешімімен «АУМ Синрикё» ұйымының Қазақстан аумағында әрекет етуіне тыйым салынды. Бұл секта Еуропалық Одақ елдерінде және АҚШ-та террорлық ұйымдар тізіміне енгізілген.

«Боз гурд» – «Сұр қасқыр» ұйымы атауымен де көпшілікке белгілі. Ұйым әскерилендірілген ұлтшыл топтың бірі болып табылады. Оның негізгі мақсаты – Тұран ойпатында түркі халық­тарының біртұтас мемлекетін құру. Ұйымның негізін 1965-1970-жылдары Алпа­рыс­лан Түр­кеш қалады. 1968 жылы «Боз гурд» ұйымы басқа ұлтшыл түркі ұйымдарымен бірігіп альянс құрды, кейіннен бұл альянстың негізінде Ұлттық қозғалыс партиясы дүниеге келді. Партияның ұстанымы радикалды идеялардан тұрады. «Сұр қасқыр» 1974-1980 жылдар арасында қоғам қайраткерлерін, саяси партиялар жетекшілерін, журналистерді өлтірумен және қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде жарылыстар ұйымдастырумен аты шыққан.

Бірер мысал келтірейік. Алдымен 1977 жылы мамыр айында Ыстамбұлдағы қанды оқиға еске түседі. Сонда «Боз гурд» мүшелері ереуілге шыққан бейбіт халыққа оқ жаудырып, салдарынан 40 адам өлген болатын. Олардың бұдан кейінгі террорлық әрекеттері одан да асып түсті. 1978 жылдың желтоқсанында бір топ жанкешті Кахраманшехир қаласында діни рәсімнің кезінде жарылыстар жасау арқылы 101 адамды опат еткені, бір мыңға жуық адамды жарақаттағаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Содан кейін-ақ, көптеген елдер бұл ұйымды экстремистік деп таныды. Арада біраз жылдар өткенде, яғни 1992 жылы ұйым екіге бөлініп кетті. Бөлінген екінші топтан радикалды бағыттағы нағыз жанкештілер шықты. Әлем жұртшылығын алаңдатқан Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-ге қастандықты да осы ұйым ұйымдастырған еді. Өйткені, Рим Папасына оқ атқан А.Агджа «Боз гурдтың» мүшесі болатын.

Біртұтас түркі мемлекетін құру идеясын Қазақстанға да таратуға ниеттенгені жасырын емес. Деректерге қарағанда, ұйым мүшелері тарапынан елімізге келіп, жасырын жиналыс­тар ұйымдастыру фактілері тіркелген. Сондай-ақ, Түркияда оқып жүрген қазақстандық студенттерді аталған ұйым қатарына тарту оқиғалары да кездескен. Бұл ұйымның қызметіне біздің елімізбен қатар Түркия мен Өзбекстанда тыйым салынған.

«Мұсылман бауырлар» – трансұлттық, діни-саяси және террористік ұйым. Ол 1928 жылы Мысырда Хасан әл-Баннаның басшы­лығымен құрылды. 1950-жылдары Сейт әл-Кутб жүргізген өзгерістерден кейін ұйым радикалды сипатқа ие болды. «Мұсылман бауырлар» ұйымының негізгі мақсаты – қоғамды мұсылмандандыру, мұсылман емес өкіметтік құрылымдарды жойып, дүние жүзінде ислам діні негіздеріндегі халифаттық режімдегі мемлекет орнату. Ал ұйымдастырушылық негізгі қызметтерін сопылық ордендік қағидаттармен байланыстырады, саяси және жасырын әскери құрылымдарды террористік әдіспен өз қызметіне пайдаланады. Ұйымның ұраны: Алла – идеал, Пайғамбар – көсем, жихад – өз мақсатына жету құралы. Олар үшін Алла атымен өлу – ұлы армандардың бірі. Қозғалыстың негізгі эмблемасы Құран және айқышталған екі қылыш.

«Мұсылман бауырлар» ұйымының құрыл­тай­шылар комитетіне 20-дан астам адам басшылық етеді. 1940-1950 жылдары ұйым мүше­лері Египетте саяси тұлғаларды өлтіру әрекет­те­рін ұйымдастырумен айналысты. Бұған дәлел ретінде 1954 жылы осы елдің премьер-министрі Г.А.Насерге (кейінірек ол прези­­дент болды) қастандық жасағандарын айтуға болады. Жалпы, 70-жылдардың аяғы, 80-жылдар­дың басында Сирияда жергілікті «Мұсыл­ман бауыр­лар» ұйымының мүшелері террорлық әрекет­терін күшейтті. Мысалы, 1981 жылы террорис­тік ұйым мүшелері Кемпдевид келісімі бойынша Израильмен достыққа қол қойған Египет президенті А.Садатты өлтіру үшін қастан­­дық ұйымдастырды. Сонымен қатар, олар Ауғанстанда әрекет етіп жүрген ислами экстремис­тік топтарға да белсенді қолдау көрсетіп отырды.

Ұйым шабармандары жалдамалыларды тартумен бірге, оларды әуелі содырлардың дайындық жасайтын орнына, кейін әскери соғыс жүргізу үшін Ауғанстанға бағыттаумен де айналысқан. «Мұсылман бауырлар» ұйымы кезінде Египеттің бұрынғы президенті Х.Мүбәракқа бірнеше рет қастандық жасаған екен. Қазіргі кезде бұл ұйым Мысырда жартылай заңды жағдайда қызмет етуде. Ұйымның құрылымдық бөлімшелері әлемнің көптеген мемлекеттерінде әрекет ететін көрінеді. Аталмыш терроршыл құрылым эмиссарлары қызметінің іздері Қазақстанда да байқалған. «Мұсылман бауырлар» Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанда терроршыл ұйымдардың қатарына жатқызылған.

«Орталық Азиядағы моджахедтер Жама­атының» басқаша атауы – «Исламдық жихад тобы». Ұйым «Әл-Каидаға» қосылған «Өзбек­стандағы ислам қозғалысының» жауын­герлерінен құрылған. «Жамааттың» мақсаты – Өзбекстан аумағында террорлық акциялар ұйымдастыру арқылы конституциялық елді қатардан шығару. Сонымен қатар, аталған ұйым ислам мемлекеттерінің «жауы» ретінде саналатын АҚШ, Израиль және олардың одақтастарымен күресу мақсатын алдарына қойған. Осы тұста атап өтейік, 2004 жылы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің араласуымен Қазақстан аумағында «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер» құрылымы болып табылатын террорлық ұйым жойылған еді. Нәтижесінде оның жетекшiсi және осы «ұяда» тәрбиеленген 14 адам тұтқындалған болатын.

Ал 2002 жылдың екiншi жартысында «Әл-Каида» және «Талибан» басшыларының тап­сырмасы бойынша Қазақстан және Өзбек­стан аумақтарында террорлық әрекеттер ұйым­дастыруға жіберілген эмиссарлар анықталды. Олар Қазақстан бойынша эмиссар Ж.Бимұрзаев, Өзбекстан бойынша эмиссар А.Бекмирзаев дегендер екен. Аталған эмиссарлар тоқсаныншы жылдары Өзбекстандағы ислам қозғалысының мүшелері болған және олар Ауғанстанда діни, жауынгерлік дайындықтан өтіпті. Сондай-ақ, бұл эмиссарлар 1999-2000 жылдардағы Баткен оқиғаларына қатысқан, «Әл-Каиданың» мамандарынан барлауды ұйымдастыруды және жарылыстар жасауды үйренген.

«Жамааттың» жекелеген мүшелері 2004 жылдың наурызы мен сәуірінде және шілдеде Өзбекстан аумағындағы террористік актілерді дайындауға және іске асыруға қатысқандығы, оны тікелей ұйымдастырушылар жоғарыда аталған Бекмирзаев пен Бимұрзаев екендігі кезінде дәлелденген. Ұйым екі жыл шамасын­да Қазақстанның кемінде 20 және Өзбекстан­ның 50-ден астам азаматын шырмауына түсірген деген деректер бар. Ұйым ТМД-ның төрт мемлекетінде жұмыс істеді. Террорлық құрылымның жеке мүшелері «Әл-Каиданың» шетелдердегі лагерьлерінде арнайы дайындықтан өтеді.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қырағылық танытып, «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтерінің» содырлары бізбен көршілес жатқан елдер аумақтарына жасамақ болған бірнеше террорлық әрекеттердің алдын алғандығын атап өткен жөн. Алыстағы шетелде жасырынып жүрген террорлық ұйымның басшысы бұл терактілерді 2004 жылдың соңы­на дейін іске асырмақ болған. Қазақстан тарапы­ның ұсынысы бойынша БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесi 2006 жылдың 20 сәуiрінде «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер» ұйымын тыйым салынған террорлық ұйымдардың тізіміне қосты. «Жамааттың» қызметіне Ресейде де тыйым салынған.

«Өзбекстанның ислам қозғалысы» (ӨИҚ) – «Өзбекстанды азат етуші исламдық қозғалыс» және «Исламдық өрлеу партиясы» деген атау­лармен де белгілі. Ұйымды 1992 жылы Т.Юлда­­­шев деген экстремистік және діни ради­­калды әрекетке бейім адамдарды қатарына тарту арқылы құрды. Оның мүшелерінің көпшілігі 90-жылдардың басында Өзбекстанның Наманған облысында билікті күшпен басып алуға қатысқан және сол елдің құқық қорғау органдарынан қашып жүрген содырлардан тұрады.

ӨИҚ-тың басты көсемдерінің бірі Ж.Ход­жиев болатын. Оның Джума Намангани деген лақап аты бар. Ол 2001 жылы талибтерге қарсы халықаралық коалицияның жүргізген операциясы барысында қаза тапты. Ұйымның бас­ты мақсаты – Өзбекстан Республикасындағы конституциялық билікті құлатып, орнына ислам мемлекетін орнату болды. 1997 жылы «Талибан» қозғалысынан және «Әл-Каида» тарапынан қолдау тапқаннан кейін, ӨИҚ-тың қарулы содырлары Ауғанстанның солтүстік аймақтарында шоғырланды. Аталған терроршыл құрылымдардың көсемдері Усама бен Ладен және молла М.Омардың ықпалымен ӨИҚ Өзбекстан үкіметіне қарсы жихад жариялады. Сонымен қатар, Орталық Азия елдеріндегі радикалды ұйымдардың басын қосып, өз қарамағына енгізу жоспарын да жасады.

Ұйым террорлық әрекеттер жасаумен де белгілі. Мысалы, 1999 жылдың ақпанында ӨИҚ содырлары Ташкент қаласында алты жарылыс жасап, 20 адамды жер жастандырған еді. Сол жылдары ұйым содырлары Тәжікстан аумағы арқылы кіріп, Қырғызстанның Баткен облысында және Өзбекстанның Ферғана аймағында аталған елдердің әскерлерімен қарулы қақтығыстар жүргізгенін қырғыз бен өзбек ағайындар жақсы біледі. АҚШ-тың 2001 жылы Ауғанстанда террорға қарсы жүргізген көлемді операциясынан кейін ӨИҚ жағынан төнген қатер біршама азайды. Бірақ, бүгінде ӨИҚ көсемдері ұйымның негізін сақтап қалуға және оны қайта құруға тырысып бағуда. Ұйым мүшелерінің басым көпшілігі Пәкстанның солтүстік-батыс аймақтарында орналасқан.

«Талибан қозғалысы» – Ауғанстанда орна­­ласқан діни саяси ұйым. «Талибанның» құрылуы 1980-жылдардың басында Пәкстанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясы мен Белуджистан аумағында сол кездегі Пәкстан билігінің нұсқауы бойынша жабық түрдегі және соған сәйкес идеологиялық және діни тәрбие алған Ауған қашқындарының балаларынан құрылған. Қозғалыстың этникалық негізін пуштун қауымының өкілдері құрайды. «Талибанның» әскери-саяси көсемі – молла Мұхаммад Омар. Ауғанстанда күресті бастаған олар екі жылдан соң осы елдің үлкен бөлігін өз бақылауларына алады.

«Талибан» негізінен террорлық әдістерді қолданады. «Әл-Каида» және басқа да суниттік бағыттағы халықаралық террорлық ұйымдармен тығыз байланыста қызмет етеді. Қазіргі уақытта «Талибан» мен «Әл-Каида» Ауғанстан әскері мен полициясына, халықаралық әскери күштер коалициясына қарсы террорлық әрекеттер жасау­ды үйреншікті әдетке айналдырғандай.

Ал «Хизб-ут-Тахрир» – халықаралық экстре­мистік саяси діни ұйым. Ұйым палестиналық Тақиюддин Набхани дегеннің басшылығымен 1953 жылы Сирияда алғаш рет пайда болды. Олар бірінші кезекте Палестинаны азат етуді және сионизммен күресуді өз алдарына мақсат етіп қойған. «Хизб-ут-Тахрир» мүшелері, сондай-ақ, халықты жаппай исламдандыру жолымен халықаралық көлемде мұсылман мемлекеттері халифатын құру идея­сын көздейді. «Хизб-ут-Тахрир» этникалық және конфессиялық төзімсіздікті таныта отырып, дiни араздықты тұтатады.

Ұйымның идеясы әлемнің 40-тан астам елінде таралған, көптеген мұсылман елдерінде олардың қызметіне ресми түрде тыйым салынған. «Хизб-ут-Тахрирдің» елдер конституцияларына қарсы бағытталған рұқсат етілмеген акциялары, насихат жұмысын ұйымдастыру және экстремистік мазмұндағы парақшалар мен әдебиеттер дайындап, оларды тарататындығы бұрыннан-ақ белгілі болатын. «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясының қызметіне Германияда, Канадада, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Пәкстанда, Сирияда, Иорданияда және басқа елдерде заңды түрде тыйым салынған.

Дін істері агенттігінен алынған мәліметтер бойынша, еліміздің соттары шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қызмет етуіне тыйым салынған шетелдік құрылымдар мен діни ұйымдардың саны он беске жуықтайды. Олардың ішінде жоғарыда аталғандардан басқа «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Түркістанның ислам партиясы», «Күрд халық конгресі», «Лашкер-е-тайба» және «Әлеуметтік реформалар қоғамы» деп аталатын діни экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдар бар.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар