Әрқайсысының өзіне сай қылығы мен қиындығы бар жылдың төрт мезгілінде дала төсінде еңбек көрігін қыздыратын мұнайшылардың ерен еңбегі, жалпы осы саланың тыныс-тіршілігі мен толағай табысы еліміздегі түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен түсіп көрген жоқ. Десек те, көбіне мұнай-газ компаниясының қызметіне қатысты жарияланымдарда мұнай мен газ өндірудің көлемі, сақтаулы қорлар, өнеркәсіптің құрылымы және кірістері жайлы айтылады. Алайда, «медальдің екі жағы бар» дегендей, компанияның өз қызметкерлері үшін жасап жатқан жұмыстары, әлеуметтік жауапкершілігі туралы сирек жазылатыны жасырын емес.
Әрқайсысының өзіне сай қылығы мен қиындығы бар жылдың төрт мезгілінде дала төсінде еңбек көрігін қыздыратын мұнайшылардың ерен еңбегі, жалпы осы саланың тыныс-тіршілігі мен толағай табысы еліміздегі түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен түсіп көрген жоқ. Десек те, көбіне мұнай-газ компаниясының қызметіне қатысты жарияланымдарда мұнай мен газ өндірудің көлемі, сақтаулы қорлар, өнеркәсіптің құрылымы және кірістері жайлы айтылады. Алайда, «медальдің екі жағы бар» дегендей, компанияның өз қызметкерлері үшін жасап жатқан жұмыстары, әлеуметтік жауапкершілігі туралы сирек жазылатыны жасырын емес.
Қай салада, қай мекемеде болсын, өз қарамағындағы қызметкерлердің жағдайын жасау, тұрмыс-тіршілігін біліп, қолдан келгенше қажеттіліктермен қамтамасыз ету жағы қарастырылады. Бұл еңбектің өнімділігін арттыру, ішкі береке-бірлікті ұйыта түсу үшін ғана емес, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы өзара сыйластықтың, түсіністіктің және өркениет әлеміне ұмтылған жоғары адамгершілік қағидаттың бұлжымас өрнегі болуы тиіс. Жоғарыда тоқталғанымыздай, қақаған аяз бен аптап ыстықта құрыш білегінің күшін ел ырысына жұмсап, жігерлене еңбек етіп жүрген мұнайшылардың жағдайын жан-жақты жақсартуды «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ екінші кезекке ысырмай, ұдайы назарда ұстап келеді. Компанияда бұл міндетті оның еншілес кәсіпорны «KMG EP-Catering» ЖШС атқарады. Аталмыш серіктестік мұнайшыларды жұмыс күндері, вахта кезінде тамақпен қамтамасыз етіп, еңбектен тыс уақытта да олар үшін қажетті жағдайларды жасаумен айналысады. Серіктестіктің Жаңаөзен, Атырау қалаларында бөлімшелері бар. ҚМГ БӨ кен орындары бөлімшелеріндегі қызметкерлерді тамақпен қамтамасыз ету басты міндеті болып табылатын компания тек Атырау, Маңғыстау облыстарындағы түскі ас әзірлейтін, тұрақты асханаларға ғана қызмет көрсетпейді.
Тамақтандыру – өте жоғары жауапкершілікті жүктеп, тазалықты талап ететін жұмыс. Компания құзырында азық-түлікті сатып алудан бастап, ас дайын болғанға дейінгі аралық тұрақты және мұқият бақылауға алынған.
– Мен орасан зор адам санына жауап беретінімді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Біз мұнайшыларды қалай тамақтандырсақ, олардың көңіл-күйлері де, жұмыстарының сапасы да, тіпті денсаулығы да соған байланысты болмақ. Байқаусызда кетіп қалған титтей қателік те үлкен мәселелерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, біз күнделікті жұмысымызға зор жауапкершілікпен қараймыз және қызметкерлерден үнемі тазалықты, сақтықты, жауаптылық пен кәсіби шеберлікті талап етіп отырамыз, – дейді «KMG EP-Catering» ЖШС бас директоры Бекқожа Боранбаев.
Ас мәзірі ауыр жұмыстағы адамдардың ағзасына қуат беретін дәрумендерге бай, құнарлы тағам түрлерімен тұрақты толықтырылып отырылады, сондай-ақ, тағамдар тәжірибелі кәсіби аспаздар қолымен өте дәмді етіп әзірленеді. Асханалар мен ас үйлер түрлі тағам дайындау технологиясына қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, «тазалық – денсаулық кепілі» дегендей әрі жұмысшылар үшін жайлы, таза.
Дала табиғаты мен мінезі адам қалауына бағынбайды. «Қара алтынның» көмбелері мұнайлы өлкелердің сырын бүккен сары даласының әр қиырына шашырай орналасқан, яғни кен орындарының орналасу географиясы әркелкі. Тіпті, олардың бір-бірінен арақашықтықтары жүздеген шақырымға дейін созылатындары да бар. Мұндай шалғайдағы ұңғымаларда жөндеу жұмыстарымен айналысатын бригадалар үшін тағамдар арнайы термостармен жеткізіледі және осы мақсатта компанияда аспаз-экспедиторлар жұмыс істейді.
Тамақтандыру мәселесімен бірге, «KMG EP-Catering» ЖШС кен орындарында тұрмыстық-шаруашылық кешендеріне сервистік қызмет көрсету жұмыстарын да өз мойнына алған. Арнайы тұрғызылған модульдік ғимараттарда әрбір жөндеуші немесе техника жүргізушілерінің бригадасы үшін жабдықталған киім ауыстыратын бөлмесі, душ бөлмесі, кір жуатын орны, киім кептіргіші және демалатын бөлмесі бар.
«KMG EP-Catering» ЖШС мұнайшыларға жағдай жасаудың көп салалы болуына мән беріп, көрсетілетін қызмет аясын жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Солардың бірі – «Кендірлі» демалыс аймағындағы «Ақбөбек» балаларды сауықтыру орталығында мұнайшылар мен олардың балалары үшін демалыс ұйымдастыру. Барша қазақстандықтар үшін аты мәлім Кендірлі аймағы Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан демалыс орны. Көк теңіз жағасында алтын құмы күнге шағылысып, демалуға менмұндалай шақырып тұратын Кендірлі демалыс орны көпшілікке кеңінен танымал шетелдердегі жағажайлардан кем түспейді. Туристік кластерді дамытып, болашақ дамудың негізгі тетіктерінің бірі туризм саласы ретінде қарастыратын тәуелсіз Қазақстанның алыстан турист шақырып, келгенге мақтана көрсетіп, марқая демалуына ұялмай ұсынатын негізгі нүктелерінің бірі осы – Кендірлі. Мақтаулы Кендірлінің мұнайшылар үшін есігі қашан-да ашық. Демалыс орны өзіндегі балалар лагері, жабық және ашық жүзу бассейндері, отбасылық және жастарға арналған коттедждері, жазғы дәмханалары, мейрамханалары, ойын-сауық орталықтары сынды инфрақұрылымы жағынан шетелдік ең озық демалыс орындарымен таласа алады. «Кендірлі» демалыс аймағына мұнайшылар өз отбасыларымен бірге демалуға жылдың кез келген уақытында зор ықыласпен келеді. Ал серіктестік оларды жылы қарсы алып, көңілді және мазмұнды демалуы үшін лайықты қызмет көрсетуге тырысады. Осылайша, ауқымды істерді қолына алған «KMG EP-Catering» ЖШС Жаңаөзенде жуырда ғана вахташы-мұнайшыларға арнап ашылған «Шерқала» заманауи қонақ үйі мен денешынықтыру-сауықтыру кешеніне де қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, компанияның Атырау, Астана қалаларында түрлі нысандары мен кеңселері бар. Әңгіме, нысандар мен кеңселердің санында емес, халыққа, мұнайшыларға сапалы қызмет көрсетуде, ауыр қызметте қолтығынан демеуде, ел несібесінің артуына өз үлесін қосуда жатыр. Әркез осы биіктен көрінуді міндет санайтын «KMG EP-Catering» ЖШС қызмет көрсетудің аясын ғана емес, сапасын да заман талабына сай жетілдіру үстінде. Өйткені, қызмет көрсету үлгісі мен сапасы заман ырғағымен бірге күн санап жетіле түскен заманда өз біліктіліктерін дамытудың аса маңызды екендігі белгілі.
«KMG EP-Catering» ЖШС қазір қызмет қырларын дамыта түсу үшін соны ізденіс үстінде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».