Тарих табалдырығында тұрған көк тұлпар – жаңа жылқы жылы қарсаңында Астана қаласының әлеуметтік жағынан қорғалмаған бірнеше отбасылары қоныс тойын тойламақ.
Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен құрылыс компаниялары арасында дәстүрге айналған мемлекеттік-әлеуметтік серіктестік қайырымдылық шаралары аясында мүгедек балалар тәрбиелеп отырған 11 отбасына жаңа пәтер кілттері табыс етілді.

Жүйке жүйелері дімкәстанған, сал ауруына шалдыққан, онкологиялық кеселмен ауыратын балаларды күтіп-бағып, жұмыстан қол үзіп, ата-аналары үйде отырып қалған бұл отбасыларының ахуалы төмен. Пәтер жағдайларын жақсартуға ешбір мүмкіндіктері жоқ. Міне, осындай жағдайды ескере келіп, қала әкімдігінде құрылыс компанияларының көмегімен осындай отбасыларына тегін пәтер беру дәстүрі жалғасып келеді.
Биылғы жылы қаладағы «Астанапромстрой-М», «Allur Auto Astana» «СК Құлагер», «АстанаТрейдинтернейшнл», «АстанаСервисСтройМонтаж-01», «Алтын ХХІ», «Азия», «Астанастройинвест», «Центр КазЭнергоМонтаж», «АльянсстройИнвест» құрылыс компаниялары елорданың 11 отбасына жаңа пәтерлер сатып алып берді. Бұл отбасылардың әрқайсысы көлемі тиісінше 35-67 шаршы метрді құрайтын бір және екі бөлмелі пәтерлерге ие болды.
Тұрмыс тауқыметін тартып, баспана қиындығын көріп келе жатқан отбасылардың бүгінгі қуаныштарында шек болмады. Бұл отбасылар тағдыр талайымен айықпас дертке шалдыққан балаларының жағдайымен әлеуметтік қиындықтарды көріп келеді. Жаңа жыл қарсаңында қуанышқа кенеліп, пәтер кілтін алған отбасылардың қатарында мүгедек екі бала тәрбиелеп отырған Жорабековтер жанұясы бар. Бүгін пәтер кілтін алған А.Жүсіпованың ұлы сал ауруына шалдыққан болса, Ю.Ожогинаның баласы айықпас қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Сонымен бірге, Ауған соғысының ардагері, ІІ топтағы мүгедек Рауза Ережеповаға да осы қайырымдылық шарасы аясында жаңа пәтер кілті табыс етілді.
Астана қаласында осындай қайырымдылық шарасын өткізу соңғы жылдары игі дәстүрге айналып келе жатыр. Алғаш рет 2011 жылы әлеуметтік жағынан қорғалмаған осындай отбасыларына Қала күні мерекесі қарсаңында пәтер тапсырылған болатын. Содан бергі өткен уақытта осындай 60 отбасы қоныс тойын тойлау құрметіне ие болды. Бұл игілікті шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».