Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның осы жылдағы соңғы жалпы отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және жол жүрісі мәселелеріне қатысты заң жобаларын талқыға салды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның осы жылдағы соңғы жалпы отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және жол жүрісі мәселелеріне қатысты заң жобаларын талқыға салды.
Биылғы жылдың жұмысын қорытындылай келіп, спикер 2014 жылы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударылатындығын атап өтті. Жалпы, 5-ші шақырылымның үшінші сессиясы барысында 16 жалпы отырыс өтіп, 41 заң жобасы мақұлданыпты. Соның 20-сы еліміздің басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен халықаралық шарттарды және келісімдерді ратификациялауға қатысты екен. Ал үшінші сессия басталған төрт ай ішінде Елбасы 19 заңға қол қойыпты. Мәжіліс депутаттары 2012 жылдың қаңтар айынан бері, 175 заң жобасын мақұлдаса, оның 153-іне Президенттің қолы қойылған. Депутаттар 21 заң жобасына бастамашы болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп дегенді білдіреді. Сондай-ақ, палата Төрағасы әріптестерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға қатысты ауқымды заңдық жұмыстарды қолға алу міндеті тұрғанын атап көрсетті.
Ал қаралған құжаттарға келсек, Мәжіліс депутаттары Сенаттан кейбір өзгерістерімен қайтарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қолдады. Бұдан кейін қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да мақұлданды.
Заңдық құжат қайта құрылымдау жүргізілген банктерді қосу мен олардың акцияларын иеліктен шығару рәсімдерін реттейтін заңнамалық базаны жетілдіруге арналған. Және де кредиторларды, депозиторларды, клиенттерді, корреспонденттерді және қаржы салушыларды қайта құрылымдау рәсімі өткен банктердің қосылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуы туралы мекенжайы бойынша хабардар ету талабын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлау ұсынылады. Жалпы, жаңа енгізілімдер көп жағдайда акционерлік қоғамдар мен бағалы қағаздар нарығына қатысты.
Жалпы отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу (ұшырып әкету) туралы ақпаратты алған кездегі іс-қимылдарын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әуе шабуылына қарсы қорғаныс біріккен жүйесі күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің іс-қимылдары бойынша бірлескен жаттығулары жыл сайын өткізіліп отыратындығына назар аудартты.
Сондай-ақ, отырыста «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарына әскери инфрақұрылым объектілерін орналастыру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басқа мүше мемлекеттермен Ұйымның мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің әскерлер (күштер) топтарын, әскери инфрақұрылым объектілерін өз аумақтарына орналастыру туралы шешім қабылдайтынын алға тарта отырып, ол шұғыл консультацияларды өткізгеннен (келіскеннен) кейін және олардың ресми қарсылықтары болмаған кезде жүзеге асырылатынын алға тартты.
Бұдан басқа кеше «Жол жүрісі туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлданды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Рамазан Сәрпеков басқаратын жұмыс тобы құжатқа қатысты 40-қа жуық отырыс өткізіпті. Соның барысында депутаттар көлік құралын мемлекеттік тіркеу, жүргізудің агрессивті әдісі ұғымдарын енгізіп, тұрақ пен паркинг анықтамаларын да нақтылапты. Сол сияқты жол жүрісін ұйымдастыру, әскери көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымын жақсарту мен өткізу қабілетін арттыру және жүргізушіні даярлайтын оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Әсіресе, Елбасы тапсырмасы бойынша жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтіліпті.
Жұмыс тобы жетекшісінің сөзіне қарағанда, мас күйінде өзі немесе өзге мас адамға көлікті басқаруға бергені үшін 2 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқынан айыру 3 жылға арттырылса, авариялық жағдай туғызғаны үшін 4 жылға, зардап шегушінің денсаулығына зақым келтіргені, жол құрылыстары мен өзге де мүліктерді бүлдіргені үшін 5 жылға жүргізу құқынан айырылады. Осы әрекеттер әкімшілік шара қолдану мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса, 7 жылға дейін жүргізушілік құқынан айыру көзделеді. Осыдан кейін тағы қайталанса, онда 15 тәулік әкімшілік қамау мен 10 жыл жүргізуші құқынан айыру, 30 тәулік қамау мен 15 жылдық мерзімге ауыстырылып отыр.
Бұл ретте жолаушылар тасымалдау үшін пайдаланылатын, шыққанына төрт жылдан артық емес, орындар саны сегізден аспайтын және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын көлік құралдарын міндетті техникалық тексеруді өткізуден босату ұсынылған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».