Ұзақ жылдан бері дау-дамай болып келе жатқан атышулы «Астана LRT» жобасы туралы естімеген адам елімізде жоқ шығар, сірә. Тіпті балабақша балдырғандарының өзі елорданы суреттегенде осы құрылыстың қаңырап тұрған бетон қаңқасын салатын болыпты. Балақайлар қайдан білсін, негізі бұл ғажайып жоба болуға тиіс екенін, бірақ биліктегі «ағалары» оған бөлінген қаржыны жеп қойып, «ертегі» ерте аяқталғанын...
Шытырман «оқиғалы» жоба
Елордалық әкімдікте жеңіл рельсті жүрдек көліктер мәселесі алғаш көтерілгенде сол көлікті бүгін-ертең мініп кететіндей қатты қуанғанымыз есімізде. Ол кезде қалалық газетте жұмыс істеп жүрген кезіміз. Ұмытпасақ, бұл жобаның дүниеге келу тарихы 2005-2006 жылдардан бастау алады. Қаланың көз ілеспес жылдамдықпен қарқынды дамып жатқан кезі. Тотыдайын таранған бас шаһардың бет-әлпетін одан әрі әрлей түсу үшін ертегідей ерекше жобалар қажет болды. Елбасының тапсырмасымен сол кездегі елорда әкімі болған Өмірзақ Шөкеев жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды. Бірақ сол жылы ол басқа өңірге әкім болып ауысып кетті де, жобаның нобайы аяқсыз қалды.
Ал 2008 жылы бас шаһарға әкім болған Асқар Мамин LRT-ден бас тартып, оның орнына BRT (Busrapidtransit) жобасын дұрыс деп тапты. Егер осы жүрдек автобустар желісі жүзеге асып кеткенде бәлкім, қазіргідей LRT дауы болмас та еді. Бірақ Асқар Маминнің қала әкімі лауазымынан кетуіне байланысты бұл жүйрік автобустар да астана еншісіне бұйырмады.
Бағамдасақ, бұл әу бастан «бағы ашылмаған» жоба болыпты: бір әкімнен екінші әкімнің қолына өткен, басталмай жатып, «басына бұлт үйірілген»... Қош, сонымен 2008 жылы елорда әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов LRT идеясын қайта жаңғыртты. Нақты шараларды қолға ала бастады. Жобаға жауапты «Astana LRT» ЖШС мекемесі құрылды. Франция үкіметі жобаны мақұлдап, 570 мың еуро көлемінде грант бөлді. Осылайша, жобаның қазығы қағылып, 2011 жылы қала күні қарсаңында құрылыс басталатын жерге капсула салынды.
Сол кезде жобаның құны 2,3 млрд АҚШ долларына бағаланғаны айтылып жүрді. Сөйтсек бұл қаржының бер жағы ғана екен. Кейін жоба тым қымбатқа шығып кеткен соң, оның баламалы түрін іздестіру мәселесі көтерілді. Сол кезде BRT жобасы қайта қаралды. Бірақ 2014 жылы әкім болған Әділбек Жақсыбеков жеңіл рельсті трамвай құрылысын аяқтауды жөн деп тауып, жобаны мақұлдатып алды. Кейін оның орынбасары болып қала әкімдігіне Нұрәли Әлиев келді. Ол 2016 жылы қаланың көлік құрылымын қайта жаңғырту жөніндегі «Астананың жаңа көлік жүйесі» атты жобаны таныстырды. Оның ішінде осы LRT де бар. Н.Әлиев мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеп, жеңіл рельсті трамвай елорданың жаңа кескін-келбетіне сұранып тұрған жоба екенін айтқанда бәріміз таңдай қағып, тамсанып қайтқанбыз. Экологиялық таза көлік екені, шығыны аз болатыны, жолаушыларды діттеген жеріне кептеліссіз, кедергісіз жылдам жеткізетіні қиял-ғажайыптай елестеп кеткені рас. Биліктегілер жаңа вокзал мен ескі вокзалды, шет аумақ пен орталықты, халықаралық әуежай мен ЭКСПО көрмесін жалғайтын рельстің алғашқы кезеңі халықаралық көрме қарсаңында пайдалануға берілетінін сүйіншілей жеткізді. Тұрғындар елде жоқ ерекше жобаны тағатсыздана күтті. Бірақ уәде етілген жоба салынып болмады. Қада қаққандарды да көрмедік. Кейін жеңіл рельсті көлік құрылысын Үкімет бақылауына алды. Соның өзінде басынан қиюы қашқан іс алға жылжи қоймады.
Ал 2019 жылдың ақпан айында халыққа есеп беру кездесуінде елорданың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады деп айтып қалды. Бірақ сол жылдың сәуір айында жоба құрылысы мүлде тоқтап қалғаны елге жария болды.
Шығынға батқан ел, шетелге қашқан шенеунік
Жолы ауыр жоба неге алға баспай қойғанын, құрылысы неге аяқастынан тоқтап қалғанын жұрт кейін білді. Сөйтсек, «Астана LRT» – жемқор шенеуніктерге нағыз «майлы жілік» болыпты...
2019 жылдың жазында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында LRT құрылысын сынға алып, «халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылғанын» айтты. «Білуімше, жобаны жүзеге асыру барысында сәулетшілер мен арнайы мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлікпен бір тәулікте шамамен 146 000 адам жүреді деп жобаланған. Бірақ бұл − ақиқаттан алыс жатқан болжам. Себебі дәл осы маршрутпен қазіргі күні әуежай мен темір жол вокзалына дейін бар-жоғы 2-ақ мың адам қатынайды. Сонда жолаушылар санын 70 есеге қалай көбейткелі отырсыздар?» деген Президент Үкімет пен әкімдікке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы жерде «көтере алмайтын шоқпарды беліне байламай», жобаны тоқтату керек қой» дегендер де табылды. Мысалы, былтыр жобаны бүге-шігесіне дейін зерттеген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті осыған қатысты тексеріс нәтижесін сайттарына жариялады. Аудиторлар Үкіметке «Астана LRT» құрылысын әрі қарай жалғастыру тиімсіз деп бірден кесіп айтты. Олардың дерегінше, ұзақ жылдан бері шу болған жобаға 2015-2019 жылдар аралығында бюджеттен 150 млрд теңге шығындалған. Оның 40,7 млрд − жерді алуға, 124 млрд − құрылыс келісімшартын жасауға, 31,4 млрд несиені жабуға жұмсалған. Соның өзінде жұмыстың бар-жоғы 17%-ы орындалған. «Астана LRT» 2016 жылдың қыркүйек айында құрылыс келісімшартынан бөлек, сырттан негізсіз қарыз алуға өтініш берген. Сол жылдың желтоқсан айында қаржы «Астана банкінің» шотына түскен. Осылайша, Қытай даму банкінен алынған 415,5 млн доллардың тек 86 млн ғана құрылысқа жұмсалған. 257,6 млн «Астана банкінің» салымына салынып, оны алу мүмкіндігі төмендеген» делінген Есеп комитетінің есебінде. Аудиторлардың «ақшаны алу мүмкіндігі төмендеген» деп отырғаны, 2018 жылы «Астана банкі» жабылып қалды да ақша банкте «күйіп» кеткен. Кейін «Проблемалы кредиттер қоры» қаражаттың тек 3,4 млрд теңгесін әзер қайтарып алғанын жариялады. Министрлер кабинетінің отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жобаға қатысты қаржыны іздестіру жұмыстары 2020-2021 жылдар бойы жүргізілетінін, депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы 30-40 пайыздан аспайтынын, қалған миллиардтаған қаржыны мемлекеттің шығынына жатқызуға тура келетінін мәлімдеді.
Бір жобаға бола миллиардтаған шығынға батса да еліміз бәрібір құрылысты жалғастыруға шешім қабылдады. Қазақстанның шегінерге жолы да жоқ еді. Өйткені Орталық Азияда жоқ бірегей жоба салатынымыз туралы хабар елімізден тыс, өзге мемлекеттерге де жарияланып кеткен. Оның үстіне жобаға тым көп ақша жұмсалып қойған, шетелден аста-төк кредит алғанымыз тағы бар. Алда-жалда құрылысты тоқтатса, Қазақстан келісімшартқа сәйкес бүгінге дейін жұмыс істеген барлық мердігер компанияның кеткен шығынын жабуы тиіс. Әрі бұл істі анау-мынау емес, халықаралық арбитраждық сот қарайды. Осындай міндеттемелерді ескере келе, Мемлекет басшысының сөзінен кейін Үкімет «Астана LRT» жобасы мәселесін шешуге шындап кірісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Президенттің тапсырмасымен Нұр-Сұлтандағы LRT жобасына қаржы қаншалықты негізді жұмсалғанын тексерді. Белгілі болғандай, бюджетке келтірілген шығын 5 млрд теңгеден асқан. Тергеушілердің мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиардтаған қаражатты қағаз ақшаға айналдырған. Атышулы іске қатысы бар бұрынғы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС лауазымды тұлғалары мен мердігерлік ұйымдардың басшылары анықталды. Алайда іске қатысты күдікке ілінгендердің бірнешеуі шет мемлекеттерге бой тасалап үлгеріпті.
Ал «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға 2019 жылдың жазында халықаралық іздеу жарияланған еді. Содан бері одан хабар-ошар жоқ. Бірақ былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов журналистерге берген сұхбатында күдікке ілінгендердің қай елде жасырынып жүргенін білетіндерін, бірақ тергеу мүддесіне сай келмегендіктен, жариялауға болмайтынын айтқан болатын.
Жүрдек көлікке мінуге әлі де үміт бар
Соңғы он бес жылда әлем елдері 80-нен астам жеңіл рельсті көлік желісін салып тастағанда біздің ел осынша уақытта әлі бір жобаның аяғына жете алған жоқ. Оның құрылысы басталуы былай тұрсын, қомақты қаржыны жымқырған жемқорларды да әлі түгендеп, ұстай алмай жүрміз. Ұзақ жылдарға жалғасқан нағыз атышулы жемқорлық оқиғасы болды бұл.
LRT жобасына байланысты «ақша жымқыру ісі» бойынша сот тыңдауы былтыр 29 қазанда басталғаны белгілі. Елордалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір жеті айыпталушының ісі қаралып жатыр: Нұр-Сұлтан қаласының алтыншы шақырылымындағы мәслихаттың бұрынғы хатшысы Жанат Нұрпейісов, қалалық көлік және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, «Астана Innovations» компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім және Дәурен Әбдіхамитов, Ұлықбек Ачилов, Тимур Касабаев, Дулат Мүсенов деген төрт кәсіпкер бар. Оларға «ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету» және «өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Сот тыңдауы әлі жалғасып жатыр, кезекті сот отырысы 15 ақпанда өтті. Ашық тыңдау әрі қарай да болады.
Сонымен, Президент айтқандай, жеңіл рельсті көлік жобасы жалғасатын болды. Бірақ жоба нақты қашан жүзеге асады? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жақында, 10 ақпан күні елордалықтармен өткен есептік кездесуінде айтты. «LRT – тұрғындарды толғандырып жүрген мәселенің бірі. Пандемияға байланысты бұл жобаның құрылысы жүргізілмеген. Өйткені Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен ғана емес, халықаралық банктерден де сыртқы займ алу қажет болды. Қазір бұл жұмыс қайта жанданды», деді әкім. Ол сондай-ақ LRT бағандары қала көркіне нұқсан келтіріп тұрғанын, лаж болса, жұмысты неғұрлым тезірек бастап әрі қарай жалғастыратынын жеткізді. Соған қарағанда жүрдек көлікке мінеміз деген қалалықтардың үміті әлі де ақталатын сияқты.
Билікте жүрген тұлғалардың жүрегінде еліне деген кішкене болсын, жанашырлық сезімі болса дейсің. Егер олар орта жолдан ақшаны талан-таражға салмағанда қазір керемет көлік жүйесі бой көтеріп, оның игілігін жұрт көріп отырар еді. Ал қазір оның орнына қала көркін бұзып, кең көшені тарылтып, бетон бағандар тұр сұрланып. Ел арасында бұл бағандарды «жемқорлыққа арналған ескерткіш» деп те атап кеткен. Мұның өзі ел алдында жүрген тұлғаларға үлкен сын.