• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2021

Қатерлі ісікке қарсы тексерілуден неге қашамыз?

402 рет
көрсетілді

Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінің Бас онкологы Диляра Қайдарова ендігі жерде жұмыс беруші, яғни кез келген мекеменің, ұжымның басшысы өз қызметкерлерін, жұмысшыларын жалақысын сақтай отырып, бір күнге қатерлі ісіктерге тегін тексерілуден өтуге жіберуге міндетті екенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, мемлекет осы іске орасан қаржы жұмсап отырғанына қарамастан, тегін скринингтерден өтуге талай адамның мойны жар бермейді. Өз денсаулықтарына жүрдім-бардым қарайды. Тіпті жүрексінеді...

2020 жылы обырға шалдыққандар көбейді

Медицинасы дамыған бірқатар мемлекеттің қызметкерлері жылына бір рет қатерлі ісікке қарсы тексеріліп тұрмаған жағдайда жалақы алатын шоттары бұғатталып қалады. Өйткені рак аурулары өршіп тұрғанда қай елге болса да оны емдегеннен гөрі, асқындырмай, алдын алған тиімді. Сол сияқты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан бастап, басқа да онкологиялық орталықтар тұрғындарды тегін скринингтен өтуге шақыру үшін түрлі шаралар, акциялар мен ашық есік күндерін өткізіп, бұл іске БАҚ өкілдерін, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушыларын қосып жатады. Бірақ нәтиже мардымсыз...

Есесіне, елімізде жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Мысалы, тек қана Алматы онкологиялық орталығында 2020 жылы 14 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаған.

Бүгінгі таңда елімізде диспансерлік есепте 190 мыңға жуық қазақстандық тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 14 мың адам көз жұмады. Ал бұл осыншама адамның отбасылық қасіреті ғой... Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі, өкпе, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды обыр болып отыр. Сондықтан елімізде жатыр мойны обырын, сүт безі қатерлі ісігін және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау Ұлттық скринингтік бағдарламалар арқылы жүргізіледі.

Қазақстан азаматтарына онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді және мемлекеттік бюджеттен толығымен қамтылған. Бірақ жоғарыда атап өткендей, Алматы қаласында онкологиялық науқастар саны 2019 жылмен салыстырғанда 1 733 адамға көбейген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 546 науқасты құраса, 2019 жылы 12 813 науқас ем қабылдаған. 2020 жылғы көрсеткіштер бойынша қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі – сүт безі, одан кейінгі орындарда ішек пен асқазан қатерлі ісіктері тұр.

«Алматы онкологиялық орталығының хирургтері аптасына 45-55 ота жасайды. Мәселен, өткен жылы 2 514 ота жасалған. Оның ішінде кеуде қуысы, іш, онкоурология, бас және мойын ісіктеріне арналған оталар бар. Олардың 40%-ы инвазивті, яғни лапароскопиялық жолмен жасалатын оталар», дейді онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев.

Сонымен қатар алматылық мамандар ісік алу оталарын жасап қана қоймай, анатомиялық кемістіктерді де пластикалық жолмен жоюды жүзеге асырып жүр. Мәселен, былтыр тілдің түбірінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған науқасқа ота үстелінде анатомиялық ақауларды пластикалық жолмен жоя отырып, күрделі ота жасалды. Операция бинокулярлық оптика астында 7 сағатқа созылған. Көлемі 20 см болатын ісікті дәрігерлер терімен бірге алып тастады. Ота сәтті өтіп, науқас қазіргі уақытта тек сөйлей ғана емес, сонымен қатар өздігінен тамақтана алады. Бұл бір ғана мысал.

 

Әншілер мен тележүргізушілер де қалыс қалған жоқ

Алдымен отандық медицинаның көмегімен елімізде обырды жеңген адамдардың бар екенін айта кеткен жөн. Оқырман есінде болса, былтыр қатерлі ісіктен құтылғандар туралы арнайы мақала әзірлеген болатынбыз. Алайда дәрігердің алдына дерті асқынбай тұрып баратындар әлі де аз. Сондықтан ақпан айының басында эстрада жұлдыздары, танымал тележүргізушілер мен блогерлер үндеу жолдап, халықты міндетті түрде тегін онкоскринингтен өтуге шақырды. Қазақстандық онкологтердің акциясын Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Баян Мақсатқызы, Жеңіс Ысқақова, Рүстем және Әлинұр Нұржігіт, Айгүл Мүкей, Сағынай Абдулин, Айбек Жансейітов (Бүркіт), Елена Исаева, Аида Кауменова, Жанна Орынбасарова, Айгүл Бабаева, Аша Матай, Нұрберген Махамбетов қолдады.

Осы акцияға қолдау білдірген адамдар ең көп таралған қатерлі ісік түрлерін ерте анықтауға арналған онкоскринингтерді тұрғылықты жері бойынша емханалардан өтуге болатынын түсіндірді. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігінің скринингіне 40-70 жас арасында әйелдер 2 жылда 1 рет баруы керек. Жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі 30-70 жасқа дейінгі әйелдер 4 жылда 1 рет, тоқ және тік ішектің қатерлі ісігіне 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет қаралуы тиіс.

 

The Lancet Oncology журналы не жариялады?

2021 жылғы 5 ақпанда The Lancet Oncology журналының соңғы санында қазақстандық онкологтердің біріккен авторлығымен арнаулы мақала жарық көрді. Мамандар арасында беделі бар бұл журналда Қазақстандағы сүт безі мен жатыр мойны обырларының таралуы туралы тарқатылады. Мақаланың толық атауы – «Бұрынғы кеңестік 10 елдегі сүт безі және жатыр мойны обырларының таралуын салыстыру: популяциялық зерттеулер». Бұл мақаланың жазылуына әлемнің әр шалғайындағы авторлық ұжымдар атсалысқан. Қазақстандағы қатерлі ісік мәселелеріне ҰҒА академигі, профессор Диляра Қайдарова үн қатып отыр.

Сараптамалық мақалада СБО мен ЖМО соңғы он жылдағы түрлі сатыларының таралуы туралы мәліметтер келтіріледі. Яғни қазақстандық онкологтердің он жыл бойғы сүт безі мен жатыр мойны обырларының пайда болуына қатысты зерттеулері медицинасы дамыған елдердің мысалдарымен салыстырыла отырып талқыланады.

Осы көрсеткіштердің тіркелімінде Қазақстан, Беларусь пен Украинада жатыр мойны обырының 1-2 сатылары 70%-ды құраса, Армения мен Молдовада обырдың осы түрінің 3-4 сатысы 50%-ды көрсетеді. Бұл – онкологиялық кеселдерді алдын ала тексеру, скринингтер қорытындысында тербеліп тұрған көрсеткіш. Демек, елімізде қатерлі ісікті асқындырмай, емге көнетіндей кезде анықтау 20%-ға артық. Сондай-ақ скринингтердің рөлімен қатар, мәліметтерді унификациялау мен канцер-регистр құрудың қажеттілігі де атап өтілген. Осы мақсатта IARC жетекшілігімен канцер-регистрлерді дамыту жөніндегі бағдарламаларды дамыту бойынша Жаһандық бастама қолға алынып отыр.

 

Балалардағы онкологиялық кеселді анықтау өте қиын

Жыл сайын 15 ақпанда әлемде Халықаралық қатерлі ісік ауруы бар балалар күні атап өтіледі. Бұған Обырға шалдыққан балалардың ата-аналары ұйымдастырған халықаралық конфедерациясы (ICCCPO) мұрындық болып келеді.

«Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікпен ауырады. Көп жағдайда бұл қан ауруы – лейкемия. Балалар онкологиясының жалпы құрылымында ми ісіктері, нейробластома, лимфома және ретинобластома басым. Қазіргі уақытта елімізде балалардың кейбір онкологиялық аурулары кезінде емдеудің тиімділігі 70-90 пайызды құрайды. Сондай-ақ қатерлі ісіктің генетикалық ақаулардың салдарынан пайда болатын түрлері де бар және оны емдеу нәтижелері әлі де жоғары емес. Бірақ әлемдік медицина бір орнында тұрған жоқ, Қазақстанда да емделу мен бақылауға мүмкіндік бар», дейді ДСМ бас онкологі, «ҚазОжРҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Д.Қайдарова.

Баладағы онкологиялық ауруды анықтау өте қиын. Сондықтан ата-аналар балаларының денсаулығына өте мұқият болуы керек. Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақтылы диагноз қоюға байланысты екенін есте ұстаған жөн. Қатерлі ісікке шалдыққан балалардың халықаралық күнін үмітсіздік күні деп санауға болмайды. Бұл – дертін жеңген балалардың мерекесі!

 

56% – еңбекке қабілетті жастағы адамдар

Орайы келіп тұрғанда айта кету керек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада қатерлі ісік түрлеріне шалдығу 100 мың тұрғынға шаққанда 173,5 адамды құрады. Абсолютті түрде 32 526 жаңа жағдай анықталды. Сырқаттанушылықтың төмендеуі 11,4% құрады. 2020 жылы онкологиялық науқастар контингенті 190 159 науқасты құрады (2019 жылы 186 326 пациент). Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі (13,2%); екінші орында өкпе қатерлі ісігі (10,4%), үшінші орында колоректалды қатерлі ісік (9,6%) тұр. Ауырғандардың жас құрылымында еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 56,0%. Онкологиялық науқастардың электронды тіркелімінің деректері 2020 жылы обырдан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 75,5 құрағанын көрсетті, бұл – 14 150 қайғылы жағдай. Өлім деңгейінің төмендеуі 0,7%-ды құрады. Өлім-жітім құрылымында бірінші орында – өкпе қатерлі ісігі (16,4%), екінші орында – асқазан қатерлі ісігі (11,5%), үшінші орында – колоректалды қатерлі ісік (10,7%) және сүт безі қатерлі ісігі (7,8%) тұр. 2020 жылы 0-I сатыдағы онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау жаңа қатерлі ісік жағдайларының жалпы құрылымында 25,5%-ды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бес жылдық өмір сүру деңгейі 54,0%-ға жетті (2019 жылы – 52,5%).

Ересек тұрғындарға онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ және «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ, өңірлерде 15 онкологиялық диспансер мен орталық, 5 онкологиялық бөлімше және 452 онкологиялық кабинет жүзеге асырады.

 

Онкологиялық кеселдерді емдеуде ілгерілеу бар

– Қазір қатерлі ісікті емдеу қарыштап алға басты деуге болады. Бүгінгі таңда 10-15 жыл бұрын емдеу мүмкін болмаған кеселдерге ем бар. Онкологиялық ауруларды емдеудегі әлемдегі алдыңғы қатарлы әдістемелер игерілді және олар Қазақстанда белсенді қолданылады. Осының барлығы тегін емделуге мұқтаж әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қолжетімді. Алайда ұзақ уақыт емделуден арылуға және тіпті өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор – тұрақты онкоскрининг пен аурудың ерте кезеңдерінде азаматтардың жүгінуі, – дейді Д.Қайдарова.

Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунтерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиятерапиялық және таргеттік препараттар ТМККК шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бері сүйек кемігін трансплантациялау жүргізіліп жатыр. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтердің жеке кәсіби қызметі пайда болды.

Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режімдерін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, сәулеленудің немесе химиятерапияның оңтайлы курсын тағайындауға, емдеудің тиімділігін бақылауға және негізсіз оталарды болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. Онкологиялық аурулардың ерте белгілерін анықтайтын және анықталған аурулары бар пациенттерге алғашқы көмек көрсететін емханалардың қызметкерлері үлкен жұмыс атқарады. Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары аясында қатерлі ісіктің кең таралған түрлерімен ауыратын пациенттерге үйде паллиативтік көмек көрсету бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды.

Сонымен қатар қазақстандық науқастар пациенттерге арналған мектептер форматында қорқынышты диагноз туралы білген пациенттерге ақпараттың жетіспеушілігі мәселесін шешуге ғана емес, бұған қоса терапияға төзімділікке байланысты психологиялық және әлеуметтік проблемалар мен мәселелерді шешуге көмектесетін қолдау бағдарламаларына қол жеткізе алады. Қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік жауапты бизнес бұл жұмыста онкологтерге баға жетпес көмек көрсетеді.

 

Ұлттық скринингтік бағдарлама

Қысқасы, ауруды асқындырмай, ерте сатысында анықтап, оның туындауына әсер ететін қауіпті факторлардың, олардың өршуінің алдын алу, халық денсаулығын нығайту үшін Қазақстанда Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізілгенін қаперге салып отыру парыз. Бұл халықтың нысаналы топтарының, яғни нақты аурулар бойынша белгілі бір жас тобындағы дені сау тұлғалардың жаппай профилактикалық-медициналық тексеріп-қараудан өтуді қарастырады. Тексеріп-қарау ешқандай симптомдар болмаған жағдайда да, өз денсаулығыңа деген сенімділік үшін қажет. Скрининг тегін жасалады. Және бұл тек қатерлі ісіктерге ғана қатысты емес. Профилактикалық тексеріп-қарауды қаржыландыру Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысы есебінен іске асырылады, сондықтан скрининг өту үшін сақтандырылушы мәртебесінің болуы қажет.