• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Ақпан, 2021

«АЙҚАП» журналының алғашқы саны шыққанына – 110 жыл

1788 рет
көрсетілді

Мұхамеджан Сералин десе, қазақ журналистері ішкен асын жерге қояды. Мұхаңа басын иеді. Өйткені ол – шынайы қазақ басылымының не екенін еліне тұңғыш көрсетіп, халқының ой-санасын ашқан, халқын мәдениетке сүйреген алғашқы кәсіби журналист, редактор. «Айқап» журналы – Мұхаңның басты еңбегі, оның атын даңққа бөлеген, қаламгердің көркем шығармасы іспетті бірегей туынды.

«Айқап» журналы 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Таралымы 1 мың дана болды. Соңғы саны 1915 жылдың қыркүйек айында жарық көрген журналдың елдің саяси-әлеуметтік өмірінде орасан зор рөл атқарғанын атап өткеніміз жөн. Бір өзі ұйымдастырушы, баспагер, бас редактор болған Сералин­нің табандылығына, төзімділігі­не, икем­ділігіне, іскерлігіне таң қа­ласың. Байлардан ақша жинап, журнал арқылы қазақтың тұң­ғыш романын жазуға конкурс жа­риялаған.

Тумысынан халық жағын­да болып, елінің ауыр тұрмыс-халін, мәдениетінің төмендігін, қараңғылығын көріп өскен Мұха­меджан тәрізді озық ойлы азаматтар ғана осындай елдік іске баратын еді. Әкесі Серәлі Еруәліұлы сияқты Мұхамеджан да ақындықты мұрат етті. Зеректігімен татар, орыс, парсы тілдерін жақсы біл­ді. «Рүстем-Зорабы» дастанын пар­сы тілінен еркін аударғаны, орыс газеттерінде тілші болып істе­гені, татар мектебінен де бі­лім алғаны оған дәлел. Серәлі ақын­ның отаршылдыққа қарсы шы­ғарған өлеңдері оған қатты әсер еткені байқалады. Орыс ре­во­люционерлерімен қарым-қаты­наста болуы саяси сауатының тез жетілуіне ықпал жасаған. Бә­рі­нен бұрын оның Ахмет Бай­тұрсыновпен, Міржақып Ду­ла­тов­пен, Сұлтанмахмұт Торай­­ғы­ровпен әдеби, рухани байланыс­­­та болуы, пікірлестігі өмірлік ұс­та­­нымының қалыптасуына не­гіз болған. Мұхамеджан да қазақ­тың бір арысы. Тегінде арыстар бі­рін бірі таба, табыса білген, бірі­не бірі түрткі, қозғаушы күш бо­ла алған. Мұхамеджанның «Ай­қа­­бынан» Ахаңның да, Жа­қаң­ның да, Әлиханның да, көп­теген Алаш қайраткерлерінің де шы­ғар­маларының, саяси көзқарас­та­рының табылатыны соның айғағы.

«Айқап» нағыз халықтық басылым болғаны соның белгісі. Айбарын айға білеген Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың өзі қазақ көгіне Мұхамеджанның «Айқабын» бас­палдақ етіп көтерілді деуге болады. Қазақ ісін арыстар осылайша бастап, бірін бірі сүйеу етіп, тірек етті. Мұхамеджан Се­ралиннің тарихтағы орны да осында. Қазақ өмірінің мешеулеп қал­ғанын көрген Мұхаңның «Әй, қап!» деп санын соғып, өкіне отырып, іс бастағаны орнықты жұмыс болды.

«Айқаптың» тәжірибесі «Қа­заққа» үлгі болған еді. «Айқаптың» бетінде қазақ өмірінің күрделі мәселелері көтерілді. Қазақ шаруа­сын құрудың, көшпелі тірліктен отырықшылыққа көшудің, оқып білім алудың, әйел теңдігінің, жал­пы мәдениет дамуының түбе­гейлі жайлары талқыланды, тал­данды. Өмір сүрген соң жайба­ра­қат отырмаудың, адам болып түзелудің, жұрт қатарлы ел болу­дың қилы әңгімелері шертілді. Патша өкіметінің қол астында отырған ба­ғынышты халықтың көңілін аулап, күйін кеулеп, көкірегіне жа­ңа сезім орнатуға, ойының көк­жиегін кеңейтуге, бұл да болса сеп болған еді. Әлемдегі оқиғалар, жер жүзі халықтарының өзгеше тірлігі жөнінде хабардар еткен басылым қазаққа түрліше ой са­луға жараған. Басқалар осылай етіп жатқанда біз неге тырбанбай­мыз, ұйықтай береміз бе, оған жол болсын, біз де тірілейік деген ой «Айқапты» оқыған әр қа­зақтың құлағына жетіп жатты. 1911 жылы «Айқап» пайда болса, 1913 жылы «Қазақ» газеті өмірге келді. «Қазақ» болса, бүкіл қазақ жұртының бостандық күресінің штабына айналды. «Қазақ» «Айқап­тан» ой алып, өсіп шықты деу­ге болатыны сондықтан. Біздің Ахаң, Жақаң, Әлекең сияқты арыс­тарымыздың ойын жаулап ал­ған бостандық идеясының, қазақ тір­лігін өзгертудің саяси мәні алды­мен «Айқаптың» бетінен парақ­талып шықты деуіміздің қисыны да осыдан.

«Айқап» пен «Қазақ» арасын­да да идеялық күрес болды. Тү­йінді мәселелерде кереғар келіп қа­лып жүрді. Мысалы, жер мә­се­лесі, оты­рықшылық, съезд ашу мәсе­ле­ле­рінде пікірлері тоқайласпады. Бірақ бұған қарап, бұл екі басы­лым­ды біріне бірі қарама қарсы болып еді деуге болмайды. Екеуі де қазақ болашағына қызмет етті. Қазақ зиялыларының пікірталас мінберіне жарады. Ойшылдар ірілігін қалай болғанда да осы маңдайымызға біткен екі басылым бетінде көрсетті. Екеуі де қа­зақ өмірін өзгерткісі келді, жа­ңартуды көкседі. Екеуінің де көздегені бір мақсат еді. Екеуінің де араға екі жыл салып, бірінен соң бірі дүниеге келуі табиғи еді. «Әй, қап!» деп шырылдай ту­ған «Айқап» өзімен іле-шала «Қа­зағын» әкелді. Егер «Айқап» болмаса, «Қазақ» та айтарын бірден айта алмас еді. Сондықтан да «Қазақты» жауынгер күреске да­йын­даған «Айқап» еді деп батыл айта аламыз.

«Айқапта» материалдарын жариялай жүріп, Ахаңдар га­зет­шіліктің құпия сырларын, тә­жі­рибелерін үйренгені сөзсіз. Мұха­меджан мен Ахмет – замандас, пі­кір­лес, бірін бірі жете білген, қа­дірлес адамдар. Бірі Орынборда, бірі Троицкіде тұрып, қазақ елі үшін қайталанбас жұмыс істеді. Екеуі де төңірегіне қазақтың ойлы азаматтарын жиып, топтас­тырды. Қазақ зиялылары ішінде осы екі басылым айналасында кө­рінбегендері тым аз. Ақын да, жа­зушы да, қоғам қайраткерлері де, қазақтың бостандық күресінің от-жалынында шарпылып, елінің азаттығы жолында жанып кеткендер де «Айқап» пен «Қазақтан» шықты. Еңіреген ерлеріміздің қай-қай­сысының ғұмырбаянын оқы­саңыздар да осы жайға тап боласыз.

Қазақ журналистерінің атасы Мұхамеджан Сералиннің «Айқа­бы» әлі күнге сөнбейтін жа­рық жұл­дыздай ұлт баспасөзі кө­гінде жар­қырап көрінеді. Одан алар өнеге мол. Тіпті біздің жас жур­налис­теріміз халық үшін бас­­па­сөз­ді қалай пайдалана бі­луі керек, қа­лам құдіретін қалай көр­сетуге бола­ды, тіпті қарапайым ма­қа­ла­ны қалай жазу керек дегенге кел­сек те Мұхаң көз алдымызда тұруы керек сияқты. Баспасөздің мән-мағы­насы мен қоғамда атқа­ратын маңы­зын Мұхамеджан атамыз бізге көрсетіп, ұқтырып кетті. Қала­мыңды көрінген бостиянға жұм­самай, елдің қарымына жұм­сауды Мұхаңдардан үйренуіміз қа­жет. Қазақ жур­налистикасы­ның атасы бізге осыны міндет етіп кетті.

Атақты ғалым Бейсенбай Кен­жебаев былай деп пікірін білдіреді: «Айқап»... жалпы алғанда, демо­краттық-ағартушылық бағытта бол­­ды, қазақ тарихында прог­рес­шіл рөл атқарды: халықтың оянуына, саясат, шаруашылық, мә­дениет жақтан өсуіне біраз әсер етті.

Мұхамеджан Сералин «Айқап» арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған жаңа әдебиеті­нің XX ғасыр басында өркендей түсуіне атсалысты.

Сонымен, Мұхамеджан Сера­лин қазақ халқының ХХ ға­сыр басындағы әрі көрнекті қо­ғам қайраткері, әрі көрнекті-жур­налист-ақыны болды».

Тәйірі, журнал шығарғанда не тұр? Сол журналды шығарды деп Сералинді несіне әспеттейміз, неге оны қазақтың тұңғыш кә­сіби журналисі, редакторы деп қас­терлейміз? Одан басқа да бет­ке ұстар адамдар бар емес пе? Осы секілді жөн-жосықсыз әңгі­мелерді ара-тұра естіп қала­сың. Сондайда Мұхамеджан ата­мыздың сонау қиын заманда езгідегі қалың қазақтың көзін ашып, отырықшы ел болып, өзге өрке­ниетті жұрттар қатарына қо­суға талпынғанын, туған халқын бостандыққа жетелегенін, сол үшін «Айқап» журналын ашқанын айтып, тойтарыс беруге тура ке­леді. Бұған қайтіп ашынбассың, қа­лай ренжімессің? Ол «Айқап» журналы арқылы халқымызды өнер-білімге шақырып, егін егіп, бау-бақша өсіру, ағаш отырғызу, отырықшы болып, мектеп, тұрғын үй салу, Ресей, тіпті шетелдердегі оқу орындарына оқуға түсіп, бі­лікті маман болып, елге қызмет ету жайлы тың ұсыныстар, пайдалы кеңестер берді. Сералин елінің өркендеп, өсуін, азаттығын аңсады. Ақтық демі біткенше соны армандап өтті. Шын мәнісінде біз осындай ізгі жүректі, кең пейілді, жан-жақты білімді, бірнеше тілді білген әмбебап асылды әлі бағалай алмай жүрміз. Қазақстандағы аудан­дар мен қалалардың не жо­ғары оқу орындарының біріне Се­ра­лин есімін беру, ҚазМУ-дағы, Еуразия ұлттық унверситетінде­гі журналистика факульттерінде оның атындағы кафедралар мен дәрісханалар ашу, арнайы стипендиялар тағайындау, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Журналистер күніне орай Сера­лин атындағы сыйлығын бел­гілеу, республиканың бірқатар қа­ла­ларындағы көшелерге Мұ­ха­меджан атамыздың есімін беру, Қостанай, Нұр-Сұл­тан қала­ла­рын­да тұңғыш кәсіби журна­лиске еңселі ескерткіш орнату қа­жет. Сонда ғана бәріміз туған хал­қына өлшеусіз еңбек сіңірген Мұха­меджан Сералинге лайықты құр­мет көрсеттік деп айта аламыз.

Адамзат тарихына үңілсек, халық үшін күрескендердің қай­сысы да ауыр азап кешіп, қайғы­лы өмір сүреді екен. Мұхамед­жан Сералин де ондайды басы­нан кешкен. Талай қудаланды. Бірақ ол 1929 жылғы зұлматқа жетпей өмірден озды. Ахаңдар сияқты ол да осы жылдың қуғын-сүргіні­не ілігетін еді. Алайда ол жолғы тарт­­паған азабын артында қалған от­басы, туған-туысқандары тартты. Әйелі, бала-шағасы түгелімен айдауға кетіп, Арал теңізінің Бар­са­келмесіне жіберілді.

Мұхамеджан Сералиннің артында жоқтаушылары қалды. Қа­зақ журналистикасы, қазақ елі оны мәңгі есінде сақтайды. Оған біз кәміл сенімдіміз. Қазақ әдебиетінің де ол орны бөлек өкілі. Мұхаңның шығармалары, «Гүлкәшима», «Топжарған» поэ­малары – ел тарихынан сыр шер­тетін асыл мұралар..

Алайда Мұхаңның ел ал­дын­дағы өлмес еңбегі – «Айқап» жур­­налы. Қазақ баспасөзінің көш­басшысы – «Айқап». Жалынды ақын Міржақып Дулатов аталған жур­нал жайлы «Білім әлеміне ашыл­ған бір терезе болды» деп айт­қандай, «Айқап» қалың қазақты мүл­гіген ұйқысынан оятып, ұлт болып ұйысуына, сауатын көтеріп, мәдениетті, отырықшы ел қата­ры­на қосылуға ұмтылуына жол ашты.

 

Есенгелді СҮЙІНОВ,

жазушы,

Қазақстанның мәдениет қайраткері