• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2021

Бестамақтағы шошқа фермасы жұмысын тоқтатты

776 рет
көрсетілді

Экономикалық сот Ақтөбе облысы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының қызметін қалдық су ағызғаны үшін тоқтату туралы шешім шығарды. Бұдан басқа, биологиялық қалдықтар қоймасын пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шошқа фермасының иелеріне қатысты қатаң шаралар кәсіпорында экологиялық нормалар өрескел бұзылғаны белгілі болғаннан кейін қолданылды. Бастапқыда бұл туралы кәсіпорын орналасқан Бестамақ ауылының тұрғындары хабарлады.

Жоспардан тыс тексеру барысында шошқа фермасындағы барлық өндірістік және биологиялық қалдық, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары ауылдың жанындағы орға көмілгені белгілі болды. Ол жердің аумағы 6 гектарға жуық.

Тексерушілер 200 тоннаға жуық қалдықты қазып шығарды. Бұдан басқа, кәсіпорын екі жыл бойы қоршаған ортаға эмиссия болмай, рұқсатсыз жұмыс істегені анықталды. Фермада жобада айтылған 40 мың шошқаның орнына 50 мыңнан аса шошқа болған. Барлық заңбұзушылықтан келген жалпы залал 7 миллиард теңге болды.

"Жинақтауыш тоғандарға және жергілікті территорияға өндірістік қалдық суды ағызу бөлігінде серіктестіктің шаруашылық қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ заңбұзушылық жойылғанға дейін биологиялық қалдықтар қоймасын пайдалануға тыйым салынды. Жауапқа тартылған мекеме қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу мүмкіндігінен айырылды", деді судья Жанар Жұбатова.

Айта кетейік, былтыр 19 қарашада Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының 80-нен астам тұрғыны шошқа фермасын жабуды талап етіп, наразылыққа шыққаны хабарланған едік. Кейін шошқа фермасының иесі Гайк Тертерян кәсіпорын қандай жағдайда жабылатынын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар