Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30 жылдан асты. Бір қарағанда мемлекеттік тілді меңгергендердің қарасы аз емес, күн санап көбейіп келе жатыр дейміз. Бірақ мемлекеттік тіліміз мінбер биігінен көріне алып жүр ме деген сауалға келсек күмілжитініміз рас.
Тіл үйренуге 50 жаста да кеш емес
Тәуелсіз Қазақстанда тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру жолға қойылғалы бері, мемлекет тарапынан қамқорлықтың аз жасалмағандығын мына деректер айғақтайды. Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының зерттеуінше, мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен 2001 жылы 0,1 млрд, 2008 жылы 5 млрд, 2011-2013 жылдары 19,1 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы бөлінген 1,7 млрд теңгеден баспа өнімдеріне 1 017 млн теңге, тілді интерактивті оқытуға 121 млн, форумдар мен конференциялар өткізуге 113 млн, тіл орталықтарын аккредитациялаудың методологиялық жүйесін жасауға 95 млн, www.til.gov.kz порталын қолдауға 43 млн, конкурстар өткізуге 31 млн теңге бөлінген.
Бюджеттен тіл саласына бөлінетін қыруар қаржының қаншалықты орынды жұмсалатындығы, я тиімсіз іс-шаралар өткізуге кететіндігі беймәлім. Бір анығы, VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының ант беру рәсімінде 26 сөзден тұратын ант мәтінін ежіктеп оқи алмай міңгірлеген депутаттардың немкеттілігі мен білдей министрдің қазақ тілін білмей сынға ұшырауы екіұдай ойға қалдырған. «Бұл – қазақ тілін көпе-көрінеу менсінбеу ме әлде расымен тіл үйрену қабілетінің кемшіндігі болғаны ма, апыр-ай», дескен жұрт қозғалақтасып қалған. Сонымен мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерге қалай үйретеміз? Қазақ тілін үйрену мүмкін бе? Мүмкін болса адам қанша уақытта тілді меңгере алады? Осы орайда қазақ тілін нөлден бастап үйреніп қана қоймай, үйретіп жүрген тіл мамандарын сөзге тарта отырып, осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.
Қазақ тілін үйрету әдістемелерінің авторы Қанат Тасыбеков өзінің жеке тіл үйрену тәжірибесінен алынған, екі бөлімнен тұратын «Ситуативный казахский» кітабының авторы. Кітап дүкендерінде топ ондықта сатылған кітапты өз тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та назарға алып, «Қазақ тілін үйренуге және барлық азаматтарымызды жақындастыруға бағытталғандықтан «Ситуативный казахский» жобасы мен «Мәміле» клубын атап өтуді маңызды деп санаймын», деген еді.
Мамандығы кәсіби филолог емес автордың өзі қазақша үйренуді 50 жастан соң ғана бастаған және тіл үйренуге ешқашан кеш емес деп біледі.
– Мен туған 1959 жылы Кеңес кезінде халық саны аз, қазақ саны 29 пайыз ғана болған. Өзім орыс тілді қазақпын. Елуге келген адам ел ағасы атанып, жұртқа жол көрсететін еді. Мен болсам әлі қазақша дұрыс сөйлей алмаймын. Бір жерге бара қалсаң «О, Қанекең келді» деп төрге отырғызады. Алдымен сөз беріп, артынан бата сұрайды. Сондай кездерде қазақша ойымды дұрыс жеткізе алмай, қиналып қаламын. Содан қолыма қалам алып әр жағдайға қазақша мәтіндер жазып дайындалып, жаттап жүрдім. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп меңгеріп алдым. Қарасам жазған-сызғаным әжептәуір дүниеге айналыпты. Сөйтіп кітап жазуға тура келді, – дейді ол. Оның айтуынша, мемлекеттік тіл саясаты бағдары ауқымды міндеттерді іске асыруды көздегенмен, әйтсе де сол іс-шараларды іске асырушы ұйым жұмыстары көңіл көншітпейді.
– Кез келген мәселеде жақтаушылар, қарсы шығушылар және бейтарап қалушылар болады. Біздегі Тіл саясаты комитеті тек жақтаушы топпен ғана жұмыс істегенді жөн көреді. Тілді үйреніп жүрген адамдар арасында конкурс өткізіп, одан қалса өзге ұлт өкілдерін көрсетіп қояды. Бұл мәселені шешпейді. Комитет басшылығына қазақша майын тамызып сөйлейтін адам емес, тіл методикасының жүйесін білетін маман келуі керек. Министрлік құрамындағы ақын-жазушы басқаратын кішкентай департамент емес, билігі жүретін құзырлы ұйымға айналуы тиіс, – деген ол азаматтық бастама көтеріп жүрген топпен құзырлы ұйымдар арасында бірлескен талқы, мәміле жүруі тиіс деп біледі. Сондай-ақ қазақ тілін өздігінен үйренудің тәжірибесі мен тілдік ортаның мәдениеті жайында сөз қозғаған әуесқой лингвист мемлекет қызметкерлеріне қазақ тілін білуді міндеттеу керек екендігін айтады.
– Демографиялық процестер мен өзге елдерден қандастарымызбен толығуымыздың нәтижесінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп жатыр. Халық қазақша сөйлейді, ал халықты басқаратын Үкімет орысша сөйлейді. Мен осыны айтудан шаршамаймын. Қазақ үшін екі қасиетті дүние – жер мен тіл мәселесі, дәл осы дүниеде аса мұқият болуымыз керек, – деді Қанат Тасыбеков.
Тілді бір айда меңгеруге болады
Өзбекстан тумасы Владислав Тен қазақ тілін өз бетінше меңгеріп алғандардың бірі. Он шақты жыл бұрын Қазақстан астанасына көшіп келген соң дәрігер болып жұмыс істеп, кейінірек тіл оқыту орталығын ашқан. Қысқа уақытта қазақ тілін қалай үйренгенін әңгімелеп берген ол елдегі тіл мәселесі жайындағы ойларымен бөлісті.
– Бірнеше тіл үйренуден тәжірибем болғандықтан, шет тілдерін жеңіл үйренудің жолын жақсы білемін. 2017 жылы ағылшын тілін үйретуге бел буып, тіл оқыту орталығын ашқан кезде қазақ тіліне шындап кірістім. Осылайша қазақ тілін шет тілі ретінде бір жылда оңай меңгеріп алдым. Байқауымша, қазақ тілі мұғалімдері қазақ тілін ана тілі ретінде үйретеді, бұл қиынға түседі. Кезінде өз аталарымыз да корей тілін білмегеніміз үшін бізге көп ұрсатын. «Корейше үйреніңдер», «корей емес, мәңгүртсіңдер» дейтін. Сондықтан тіл мәселесін, онда да қазақ тілі мәселесін өте жақсы түсінемін, – дейді ол. Оның айтуынша, ниет болса тіл үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, бастысы тілдің схемасын түсініп алу керек.
– Дәл қазір Ресейден келген қазақ қызы біздің орталықта тіл үйреніп жатыр. Негізінен нөлден бастаған оқушы менімен күнде бір сағат жаттықса қарапайым деңгейде сөйлеп шығуы үшін бір ай жетеді. 2017 жылы ашылған орталықта ең басында 90 пайыз ағылшын тілін үйретуді бастаған едік. Қазір қазақ тілі мен ағылшын тілін үйренетіндердің саны теңесті. Жеке 200 студент, топпен мыңнан көп студент қазақ тілін үйреніп жатыр. Қазақ тілін толық үйретемін деп кесіп айту қиын, өйткені түрлі жеке бас мәселесіне қатысты үйренуші барлық назарын сала алмай жатады, – дейді Владислав Тен. Оның айтуынша, қазақ тілін үйрене алмадым деу сылтау, менсінбеушілік қана. Ал мектептерде қазақ тілін үйрететін мұғалімдерге құлшыныс керек.
– Мұғалімдерді жазғыру орынсыз. «Бір ай ішінде он студентті қазақша сөйлете алсаңыз, еңбекақыңызға осынша үстемеақы төленеді» деген шарт қойылса жанын салып оқытар еді. Қазақстандықтардың көбі қазақша сөйлегісі келеді, сөйлегісі келмейтіндер әлдеқашан кеткен. Әділдік тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақ тілінің кең қанат жаюын қолдаймын. Біз Ресейде емес, Қазақстанда тұрамыз, – дейді ол.
«Қазақша жаз» еріктілер қозғалысы
Қазақ тілінің аясын кеңейтуді көздейтін «Қазақша жаз» еріктілер қозғалысының табанды жұмысы аз уақытта нәтиже көрсетуімен тез танылды. Ерікті топтың талап-тілегінен кейін еліміздегі «KFC», «LG», «Mechta.kz», «Sаmsung», «Glovo», «Huawei» және осы тектес көптеген компания әлеуметтік желідегі парақшаларына қазақ тілінде ақпарат бере бастады. Еріктілердің қатарында дизайнер, программист, журналистер мен күнделікті қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын адамдар бар.
– Қазақстанда тіл жағынан кемсітуге ұшырап отырған жалғыз ғана топ бар, ол Қазақстандағы ең ірі топ – қазақтілді адамдар. Біз соның кішігірім бір бөлігі болғымыз келмейді. Қазақ тілін дамытқыңыз келсе, қазақша білмейтін адамдарға «Қазақша сөйле!» деп айқайлағаннан гөрі, қарапайым тұтынушы құқығын қазақша талап ете бастау керек. Қазақстандағы ең ірі топ өз тілінде ақпарат алуға құлықты болмауынан, ниет танытпауынан, өзінің тұтынушылық құқын білмеуінен де тіл дамымай отыр. Осы себептен, Қазақстанға келген халықаралық компаниялар да, жергілікті компаниялар да, тіпті мемлекеттік органдар да аккаунттарын қазақша жүргізгісі келмейді, жүргізбей-ақ қойғанды жөн санайды. Бәріне солай ыңғайлы. Тіпті қазақша білетін адамдардың өздеріне де солай ыңғайлы болып тұр, – дейді олар.
Қазақ тілін қазақ әдебиетінің нысаны ғана етумен шектелмей, қоғамның бар саласында шынайы сұранысқа ие болуы қашанда өзекті мәселе ретінде аталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы» деген барша қазақстандықтарға үндеуі нақты іске, шешімге ұласса деген үміт тудырғаны анық. Сөз соңын қазақ тілін екі айда меңгерген аустралиялық Иуан Смиттің мына бір пікірімен түйіндегіміз келеді: «Менің ойымша, шет тілін үйрену уақыт пен күшті қажет етеді. Бірақ адам басқа елде тұрса, сол елдің тілін үйренуге тырысуы керек. Жақында қазақ тілін үйренуді бастағандарға айтар кеңесім: сізді қызықтыратын тақырыпты тауып, содан бастаңыз». Бәлкім, қазақ тілін үйренуі тиіс һәм үйренгісі келетіндер үшін бір кәдесіне жарап қалар?!