• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Ақпан, 2021

Әділетті мемлекет құру қадамдары

629 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында еліміздегі прокуратура органдарының қызметіне ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Жүктелген міндет жүйелі жолға қойылып, Мемлекет басшысының тапсырмасы ойдағыдай орындалды. Оған еліміздің Бас прокуратурасында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлы жобалары таныстырылған кезде көз жеткіздік.

Жыл өткен сайын елімізде азамат­тардың құқығын қорғауды күшей­туге қатысты түрлі қадамдар жасалып жатқаны белгілі. Олар, ең алды­мен, заңдылық пен əді­лет­тілікті қамта­масыз етуге жол ашатыны анық. Осы жөнінде Президент: «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» – бұл, шын мə­нісінде, «Əділетті мемлекет» құру тұ­жырымдамасы. Азаматтардың мəселе­лерін тыңдап, көріп қана қою жеткілік­сіз. Ең бастысы – дұрыс жəне əділ шешім шығару қажет», деген болатын.

Əділетті мемлекет құрудағы жаңа да нық қадамдарды еліміздегі цифр­ландыру жұмыстарының барысымен байланыстыруға болатын сияқты. Мәселен, Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық және әкімшілік процестерді автоматтандыру, тексерулер тағайындау, өтініштермен жұмыс бойынша бірқатар жоба іске асырылғанын атап өтті. Бұл бастамалар мем­ле­кеттік органдардың қызметін оңтай­ландырып, азаматтардың құқық­тарын қорғауды күшейтуге, құқық­тық статистиканың ашық­тығы мен анықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін барынша азайтуға, бюд­жет қаражатын үнемдеуге мүмкін­дік береді.

Президент прокурорлық қа­да­ғалау жұмысы үнемі кешеуіл­деп жататынын сынға алып, «Про­ку­рор­лар іс­тің мəн-жайымен тек сотқа жіберер ал­дында ғана та­нысады», деген еді. Осы олқы­лықтың да орны толып отыр. «Сот­қа дейінгі тексеру­лердің бірың­ғай ті­зілімі» (СДТБТ) жүйесінде сотқа дейінгі тергеу органдарының негіз­гі шешімдерін прокурорлармен келісу тәртібі жолға қойылған. Бас проку­рор­дың орынбасары осы бағытта атқа­ры­лып жатқан жұмыстарға да ерекше тоқталды.

Сонымен қатар Жоғарғы сот 2016 жылы сот органдарының іс­тер­ді сотта қарау сатысын автомат­тандыратын ведомстволық орталықтандырылған «Төрелік» ақпа­раттық-талдау жүйесін енгізді. Аталған жүйелерді интегра­циялау қылмыстық құқық бұзушы­лықты тіркеуден бастап, сот үкімін шығаруға дейінгі қылмыс­тық процестің барлық сатысын кейіннен ауқымды автоматтан­дыруға түрткі болды. 2017 жылы Бас прокуратура «СДТБТ» АЖ ба­засында «Электрондық қылмыс­тық іс» модулін әзірледі. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­тап қылмыстық істерді тергеп-тексеруді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі» ақ­па­раттық жүйесінде 162783 қыл­­мыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 73546 құқық бұзу­шылық бойынша қылмыстық істер электрондық форматта тер­гелді. Осылайша, тергеудің цифр­лы форматына көшуді жандан­дыруға жол ашылды.

М.Ахметжанов проку­рор­дың негізгі процестік шешім­дерді келісуінің жаңа тәртібін де түсіндіріп өтті. Бүгінде «Е-қыл­мыстық іс» платформасында про­курордың негізгі процестік ше­шімдерді келісуінің жаңа тәр­тібі толық іске асырылуда. Бұл қыл­мыстық істер материалдарына жедел қолжетімділікті және бұ­зушылықтарды уақтылы анық­тауды қамтамасыз етеді. Айта кету қажет, аталған жоба Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмасын орындау аясында қолға алынып отыр.

Осыған байланысты, Бас про­ку­ра­тура қолданыстағы қыл­мыс­тық-процестік заңнамаға бірқатар өзге­ріс дайындады. Өткен жылғы 1 қазан­нан бас­тап қанатқақты режімде бұл жұмысқа барлық өңір­лер қосылды. Сондай-ақ 2020 жылғы 31 желтоқсаннан бас­тап елімізде «Қылмыстық процес­те азаматтардың құқықтарын қор­ғауды күшейту туралы» заң күшіне еніп, онда прокурордың негізгі процестік шешімдерді келісу рәсімі көзделген.

Бұл жұмыстың мәні тергеуші адамды күдікті деп тану, әрекетті саралау, қайта саралау, мерзімдерді үзу, істі тоқтату туралы өзінің шешімін, сондай-ақ адамды айыптау хаттамасын және бұйрық өндірісін қолдану туралы қаулыны электрондық түрде СДТБТ-де қалыптастырады. Прокурор онлайн режімде белгіленген мерзімде олардың заңдылығын тексереді. Бұзушылықтар анық­талған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды. Ең бастысы, про­курордың келісуі мен бекітуінсіз процестік шешімдердің заңдық күші болмайды.

Сонымен қатар қылмыстық процеске қатысушылар қабыл­данған процестік шешімдерді қашықтан қадағалауына, келіспеген жағдайларда уақтылы шағымдануға мүмкіндік бе­ріл­ген. Мұндай модель іс жүргізу құжат­тарын дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады. Сон­дай-ақ адамдардың құқықтары мен бос­тандықтары тиісті деңгейде қорғала­тын болады. Бұл жұмыстар – қыл­мыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі саналады.

Осылайша 2021 жылдың ба­сы­нан бері прокурорлармен 29934 шешім келісіліп, бекітіліп отыр. Сонымен қатар 4101 ше­шім бойынша келісуден және бекі­туден бас тартылды. Осы арқы­лы қылмыстық процестің ашықты­ғына, іс материалдарының онлайн қолжетімділігіне, бұрмалау тәуе­кел­дерін төмендетуге, телефонға СМС хабарлама арқылы күн тәр­ті­бін алуға мүмкіндік пайда болды.

Сондай-ақ қылмыстық процес­ке тартылған сәттен бастап оның қатысушылары СДТБТ АЖ «Жария сектор» қызметі арқы­лы электрондық қылмыстық істің тиісті материалдарына қол жеткізе алады. Бұл қадам азаматтарды кабинет аралап, табалдырық тоздырудан арылта отырып, өтініш­хаттар (шағымдар) беруге жә­не оларға электрондық форматта жауап алуға мүмкіндік беріп отыр.

Адвокаттардың комитетке жә­не оның аумақтық органдарына қыл­мыстық істердің қозғалысы, қабыл­данған іс жүргізу шешімдері бойынша сұрау салуы да артқаны байқалады. Мәселен, 2015 жылы мұндай сұрау саны небәрі – 49, 2016 жылы – 203, 2017 жылы – 901, 2018 жылы – 1592, 2019 жылы – 28 16 болса, өткен 2020 жылы мұндай сұ­рау саны – 3976-ға жетіп отыр. Сон­дай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде адвокаттар­ды автоматты түрде тағайындау үшін СДТБТ Әділет министрлігінің «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйе­сімен ықпал­дас­тырылды. Бұл рет­те елімізде сәтті жүзеге асырылып келе жатқан автоматтандыру жұ­мысына шет мемлекеттер де қызы­ғушылық танытып отыр екен.

Ведомство басшысының орынбасары таныстырған тағы бір жоба – «Әкімшілік іс жүргізудің бір­ыңғай тізілімі» (ӘІБТ). Бұл жоба әкі­м­шілік істерді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ М.Ахметжанов бүгінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеу және хаттамаларды рәсімдеу процесі 100% автоматтандырылғанын алға тартты. Соның нәтижесінде, өткен жылы 6 млн-нан астам әкімшілік хаттама мен нұсқама электрондық форматта ресімделіпті.

Мемлекет басшысы «Про­ку­ратураның қадағалауын азамат­тарды жəне бизнес саласын толған­дыратын проблемаларды тиімді шешуге бейімдеп қайта бағдар­лау керек», дей келе, кез келген тергеу əрекеті тек сот немесе про­курор санкциясы арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс деген бо­латын. Бұл ретте, М.Ахмет­жанов қадағалау жеделдігі мен бизнесті заңсыз тексеруден қорғау үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамта­масыз ететін «Тексеру субъек­тілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйесі (ТСОБТ) құрылғанын жеткізді.

Сондай-ақ Бас прокурордың орын­басары халыққа құқықтық ақпа­раттың қолжетімділігін қамта­масыз ететін «Qamqor» ақпараттық сервисінің жұмысын да таныстырды. Осы сервис арқылы азаматтар полицияға арыз беріп, оның қаралуын қадағалай алады. Со­нымен қатар көліктің қандай да бір жол-көлік оқиғасына қатысы барын да осы қосымша арқылы білуге болады. Қылмыстық істің қозғалысын, айыппұлдар туралы ақпаратты, сондай-ақ алимент төлемеген борышкерлер мен адамдарды іздеу туралы мәлі­мет­терді де осы сервистен табуға болады.

Ең бастысы, осындай қадам­дардың барлығы қарапайым адам­дардың заң­ды мүдделерін қорғап, құқығын қам­тамасыз етуге бағытталып отыр.