«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі жолдаған мәліметіне сүйенсек, көп кешікпей Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағына демеушілер есебінен Сапар орталығы салынбақ екен.
Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалау құжаттары дайын тұр. Жақын арада құрылыс жұмыстары басталады. Ғимарат төрт бөлмеден тұрады, яғни әкімшілік, музей экспозициясы, қонақ бөлмесі және шаруашылық орындары қарастырылған. Сондай-ақ бұл орталықта саяхатшылар мен зияратшыларға қызмет көрсетудің арнайы тетігі де қарастырылған.
«Сапар орталығының салынуы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін дамыту, қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары қатарына жатады. Бұл іс өз орайында еліміздегі туризм саласын дамытуға зор серпіліс берері анық», дейді мекеме басшысы Нұрболат Ахметжанов.
Қолда бар тарихи деректер мен аңыз-әфсаналарға сүйенсек, Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі шәкірті болғандығы айтылады. Оның кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елді мекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар бұл нысанға 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған көрінеді.