• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 22 Ақпан, 2021

Сенаторлар халықаралық шарттар туралы заң жобасын қарайды

140 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті.

Онда депутаттар 2021 жылғы 25 ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады.

Палатаның алдағы жалпы отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат халықаралық құқық саласындағы ұлттық заңнаманы әрі қарай жетілдіруге және халықаралық шарттардың әрекет ету тәртібі мен шарттарын анықтауға арналған.

Сонымен қатар Сенат отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да шығарылды. Бұл заң жобасы сотталған адамдарды беру кезінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Соның негізінде сотталған азаматтар жазаны өз елдерінде өтеуге мүмкіндік алады.

Сенаторлар алдағы Палата отырысында «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды. Хаттаманы ратификациялау азаматтық және қылмыстық өндірістер саласында өзара құқықтық көмек көрсету бойынша құзіретті органдардың нақты қызметін белгілеуді көздейді. Сондай-ақ, аталған құжат Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының құқықтарын толыққанды қорғауға бағытталған.

Одан бөлек, Бюрода сенаторлар Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетін бас комитет етіп белгіледі.