Коронавирус пандемиясы көптеген саланы теңселтіп кетті. Бұрын көлікті көйлекше ауыстыратын әлемдік байшыкештер де «байтал түгілі бас қайғы» болып кеткен секілді. Өйткені былтыр автокөліктердің сатылуы дүниежүзі бойынша әдеттегіден 21,36 млн автоға кеміген. Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары «2020 жыл әлемдік автонарықтың күйреу кезеңі болды» дейді.
Көлденеңнен келген кесел қай саланы да есеңгіретіп жіберді. Бұрын мызғымастай көрінетін көлік нарығының өзі шығынға белшесінен батты. Ел мен ел араласудан қалып, қатаң карантиндік шаралар енгізілген кезде барлық өндіруші арасында өндірістік-логистикалық байланыс үзілді. Автодилерлер көліктерін өткізе алмай абдырады. Зауыттан шыққан су жаңа көліктер салоннан әрі ұзай алмай қалды. Аuto.vercity дерегіне сүйенсек, былтыр автомашиналарды сату әлем бойынша 24%-ға құлдыраған. «Аяғы жерге тимейтін» Toyota маркалы көліктерінің өзі 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы сатылымы 65,4%-ға төмендеп кеткен.
Freedom Finance Insurance талдаушылары былтырғы автокөлік нарығының күйреуі бірнеше факторға байланысты дейді. Біріншіден, карантиндік шектеулер мен барыс-келістің азаюы көлік құралдарына деген сұранысты түсіріп жіберген. Автомашина шығару өндірісінің тоқтауы, шекаралардың жабылуы да жаңа автомашиналарды жеткізуге кедергі келтірген. Осыған байланысты ресми делдалдық орталықтар өнімді жұмыс істей алмаған.
Әлемдік автокөлік нарығын күйреуге әкелген тағы бір фактор − көптеген кәсіпорынның жабылуы мен жұмыссыздықтың өсуі болды. БҰҰ жанындағы Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың тоғыз айы ішінде әлем бойынша қызметкерлер саны 11,7 пайызға қысқарды, бұл 323 млн жұмыс орны деген сөз. Табыстан айырылу, адамдардың қаржы қорын үнемдеуге деген талпынысы ертеңге деген үрейі ірі әрі қымбат дүниені сатып алмауға мәжбүрлейді. Автокөліктердің сатылымы кенет түсіп кетуіне осы жағдай да әсер еткен.
Көліктердің өтімділігі қай елде азайып кеткеніне сараптама жүргізген Freedom Finance Insurance мамандары 2020 жылы бәрінен көп залал шеккен Volkswagen маркасы екенін айтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда оның сатылымы 74,1%-ға түскен. Антирейтингтің екінші орнында Suzuki (71,2%), үшіншісінде Hyundai тұр (70%).
2020 жылы көлік сатып алушылар арасында ең танымал марка әдеттегідей Toyota болған. Дүниежүзі бойынша 3 млн адам осы жапондық темір тұлпарды сатып алған. Үздіктер үштігінде Volkswagen (1,9 млн) және Ford (1,7 млн) бар. Әлемнің жекелеген елдеріндегі көлік сату көрсеткішіне көз жүгірткен сарапшылар, әсіресе Еуропа мемлекеттерінің автонарығы ерекше күйзеліске ұшырағанын жеткізді. Айталық, заманның түзуінде жылына 3 млн-ға жуық көлік өткізетін италиялық дилерлер былтыр бар-жоғы 1,2 млн көлік сатқан, яғни сатылым көрсеткіші бірден 40,1%-ға қысқарған. Испанияның автонарығы да осы деңгейде. Ал Ұлыбританиядағы көлік сату көлемі 30%-ға төмендеп, ағылшындар бар-жоғы 1,6 млн машинаны әупірімдеп өткізген. Францияның автонарығы да күрт құлдырап, көліктің өтімділігі бірден төрт есеге азайған. Бұл соңғы бес жылда болмаған төмен көрсеткіш, дейді мамандар. Ал америкалықтар 2020 жылы 13,3 млн-нан астам жаңа автомашина сатқан. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда 24%-ға төмен.
Дүние жүзінде автонарығы еш зардап шекпеген жалғыз ел Қытай болып тұр. Әсілінде індетке байланысты карантиннің кесірін көп көрген елдің нарығы да құлдырауы тиіс еді. Бірақ қытайлар дәл автокөлік саласында қысыла қойған жоқ. Мұнда көлікті сату көрсеткіші сәл азайғанымен 2020 жылдың соңғы айларында қайта жанданып, 11%-ға ұлғайған. Әлемдік автонарықта үздік позицияны иеленген Қытай былтыр 22,4 млн машина сатқан.
Ал дүниежүзі бойынша көлік сату және сатып алу жағынан өсімі тоқтамаған, тіпті жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген қай мемлекет дейсіз ғой? Ол – біздің ел. Автокөлік нарығындағы 2020 жылдың көрсеткіштерін сайтына жариялаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр қазақстандықтар 93 мың жаңа автокөлік сатып алғанын атап өткен. «Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан 2020 жылы Қазақстанда өсім тоқтаған жоқ және ол әлемдегі ең жақсы көрсеткіштердің бірі болды. Қазақстан автобизнес қауымдастығының (ҚАБҚ) мәліметінше, 2020 жылы ресми дилерлер 972 млрд теңгеге 92 989 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатқан. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 24%-ға көп» делінген министрліктің ақпаратында.
Кейбір азаматтарымыз басында баспанасы болмаса да көлік сатып алғанды тәуір көретіні рас. Қазақстандықтардың көлікке деген қызығушылығын індеттің өзі тоқтата алмаған секілді. COVID-19 вирусының таралуына байланысты мамандандырылған ХҚКО-лар 2020 жылдың сәуірінде жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болғаны белгілі. Осы уақытта небәрі 3 066 көлік есепке алынған. Бұл соңғы 6 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болған. Содан кейінгі мамыр айында елімізде төтенше жағдай режімі аяқталып, жұмыс қайта жанданған кезде жұрт жапа-тармағай көлігін сатып, көлік сатып алуға ұмтылған тәрізді. Өйткені министрліктің мәліметінше, былтырғы мамыр айы көлік ең көп тіркелген кезең болыпты. «Мамыр айында жағдай тұрақталып, тіркеу қайтадан жанданды. Ал қыркүйек айында басқа рекорд болып, 2015-2020 жылдар кезеңіндегі ең көп көлік тіркелді (145 154 бірлік)», дейді ведомство өкілдері.
Әсіресе былтыр төртінші тоқсанда көлік көп сатылған, жылдың соңғы бірнеше айында 29 465 жаңа автокөлік иесін тапқан. Қазақстандықтар көбіне Hyundai және Chevrolet сатып алған. «Жалпы, жыл қорытындысында Hyundai көш бастап келеді. Дилерлер 17 856 автомобиль сатты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Екінші орында Lada тұр. Елге импортталатын автомобильдердің ішінде көшбасшысы – Toyota. Жапон маркасының дилерлері Қазақстанда 10 081 автомобиль (-29%) сатты. Chevrolet сатылымы да қарқынды түрде өсіп келеді», делінген министрліктің дерегінде.
Қазақстанның автокөлік нарығы биыл да шығын көре қоймайды. Сарапшылардың болжамы да жақсы. Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2021 жылы 100-120 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылуға тиіс.
Ал дүниежүзілік автокөлік нарығы да былтырғы қиындықтар мен қателіктерді қайталай қоймайды, дейді сарапшылар. «2021 жылы автонарық күйреу алдындағы көрсеткіштерге қайтып оралмайды. Дегенмен де доллар бағамының өсуі, автозауыттардағы өндірістік күштің азаюы, табыстың қысқаруы сұранысты төмендетуі мүмкін. Бірақ дәл былтырғыдай зардап шеге қоймайды» дейді Freedom Finance Insurance компаниясының мамандары.