Жаһандық білім сарапшылары пандемия жайлағалы білімдегі дағдарыстың басталғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Жақында жарияланған PISA – Білім алушылардың жетістігін халықаралық бағалау бағдарламасының көрсеткіштері қашықтан оқытудың 3 айдағы нәтижесі бойынша дамыған елдердің өзінде білім сапасының айтарлықтай нашарлап кеткенін көрсетті. Мәселен, әлемде білім беру сапасы жөнінен алдыңғы қатардан түспейтін Аустралия оқушыларының математикалық сауаттылығы 16,7%, ал оқу сауаттылығы 11,5%-ға төмендепті. Алпауыт АҚШ-та 2019-2020 жылдар бойынша білім алушылардың көрсеткіші математикадан 30%, оқу сауаттылығынан тіпті 50%-ға нашарлап кеткен.
Көлеңкеде қалғандар
Бұл көрсеткіштер пандемияға дейін мектепке қатынап оқып жүрген қалыпты балалардың білім деңгейіне қатысты. Ақыл-ойында ауытқуы жоқ, 12 мүшесі сау, оқуда еш кедергіге кезікпейтін, үйренуге ұмтылып тұратын талапты балалардың өзін қашықтан оқытуға қиналдық, сапаның түсіп кеткенін көрдік. Ал ерекше балалар, әсіресе үйде оқитындар қалай білім алып жатыр? Дәл осы мәселе көлеңкеде қалып қойғандай.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 18 жасқа дейінгі 161 мың 826 бала бар. Бұл – тіркелгендері ғана. Әлі анықталмай, соның себебінен тізімге іліге алмай, мүгедектік анықтамаға қолы жетпей немесе алуға жүрегі дауаламай жүрген жандар қаншама. Енді осы тізімдегі 12 864 бала орта білімді үйден алып отыр. Бірақ сол үйден оқу дегеннің өзі аты бар да, заты жоқ сипатында секілді.
Ата-ана ерекше білім бере алмайды
Екі бірдей ерекше баланы өсіріп отырған ана Толқын Баймаханова қазір 2-сыныпта оқитын қызы Бегімнің оқуға құштар екенін жеткізді.
«Осыдан 8 жыл бұрын егіз босандым. Жаратқанның жазғаны шығар, екеуі де ерекше бала болды. Бегімнің сыңары – Сезім, ол тырыспасы болғандықтан, оған қоса ауыр диагнозына байланысты оқи алмайды. Төсек тартып жатады. Ал Бегім қоянжырық болып туды, оның үстіне сколиоз (омыртқасы қисайған).
Сол жырығын түзетеміз деп 3 рет операцияға түсті. Операцияның бәрі де дұрыс болмады, жөнді нәтиже бермеді. Соның салдарынан жүрегіндегі жарығы үлкейіп кетті. Операция басымен байланысты болды ғой, содан құлағына зақым келіп, нашар еститін болып қалды. Қазір құлаққа киетін арнайы аппаратпен жүр. Омыртқасын түзетуге де болады. Алайда ондай күрделі операцияны әзір көтере алмайды. Сол себепті ұзақ отыруға болмайды, белі ауырады. Осының бәріне қарамастан, Бегім білімге құштар, жаңа нәрсені бір үйретсе, қағып алады. Алайда оған үйрететін адам көңілінен шығуы керек. Кішкентай кезінде тіпті жаңа ойыншықтың өзінен қорқып жылайтын. Қызылорда қаласындағы №198-мектептің арнайы педагогтері үйге келіп оқытады. Бегім мұғалімдерін жақсы көреді. Өкініштісі, пандемия басталғалы мұғалімдері үйге келе алмай қалды. Өтініш айтқанымыздың нәтижесінде сынып жетекшісі ғана онлайн сабағы басталмай тұрғанда келіп кететін болды», дейді Т.Баймаханова.
Осы мақаланы жазу барысында ерекше баласы бар бірнеше ата-анамен сөйлестік. Соның ішінде бірі (аты-жөнін көрсетуден бас тартты) карантин кезіндегі қашықтан оқуда баласының үлгерімі тым төмендеп кеткенін жеткізді. Ата-ананың айтуынша, оған бірден-бір себеп – оқушының мұғалімнен тікелей сабақ алмағаны.
«Ақыл-ойының ауытқуы болса да 4-сыныпта оқитын ұлым сабақты жақсы оқитын. Әрине қатарынан кеш дамыды. Бірақ өз деңгейіне сай оқу бағдарламасынан қалыс қалған емес. Ерекше балаларға ерекше білім керек. Мұғалімдері тапсырманы маған жібереді, соны орындатамын. Дені сау баланың өзін оқыту қиын. Ал мұндай балаларға бірдеңе үйрету үшін мен арнайы маман болуым керек қой. Соны мектебіне хабарласып, директорына бірнеше рет айттым, бірақ нәтиже болмады. Кейін баруды да, хабарласуды да қойдым. Олардың құлағы тыныш, бірақ менің жүрегім жай табар емес. Өйткені күн сайын кері кетіп бара жатқан баламды көріп, көңілім құлазиды», деді аты-жөнін көрсетуден бас тартқан ана.
Мектеп мүдделі ме?
Республикадағы оқушылар пандемия кезінде қашықтан оқыту форматына көшті. Дегенмен шағын жинақталған мектептерде бала санының аздығына қарай дәстүрлі форматта оқыту жалғасып келеді. Оған қоса оқушылары көп мектептердің ата-аналарына бастауыш сыныптағы балаларын мектепке жіберуге рұқсат берілді. Яғни ата-ана баласын үйден оқыта ма, әлде мектепке жібере ме – өзі шешеді. Осындай таңдау құқығы ерекше балалары бар ата-аналарға берілмей отырғаны өкінішті. Былай қарасаңыз, бір педагогте ерекше білім беруді қажет ететін санаулы бала ғана болады. Әрі олар 1 бөлмеде, 1 жерде топырлап жиналмайды да. Иә, арнайы мектеп-интернаттары санитарлық талаптарды сақтап оқуды дәстүрлі форматта жалғастырды. Ал үйден оқитын балалар ше?
Дәл осы сұрақты Арнайы және инклюзивті білім беру ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Мерекеқызына қойып көрдік. Ол: «Ата-ана ең әуелі онсыз да иммунитеті төмен ерекше баласының амандығын ойлағаны жөн. Қаншама жол жүріп, бірнеше адаммен байланыста болған мұғалім оқушының үйіне келіп сабақ бергенде балаға вирус жұқтырып кетсе, жағдай мүлдем қиындай түседі ғой. Өздеріңіз білетіндей, коронавирусты жеңе алмай ажал құшқандардың басым бөлігі – қандай да бір сырқаттың түрімен тізімде тұрғандар. Бізде эпидемиялық ахуал тұрақтанған өңірлер бар. Ондай облыстардағы мектептердің ерекше балаларына мұғалімдерінен көзбе-көз сабақ алуына болады. Дегенмен арнайы педагогтердің жұмысын бұрынғыдай жалғастыруына рұқсатты біз емес, санитар дәрігерлер береді. Бұл мәселе мектеп директоры, ата-ана, санитар дәрігердің өзара келісімімен шешіледі. Біз өз тарапымыздан қашықтан оқыту жағдайында қандай жаңаша әдіс-тәсілдер қолдануға болатыны жөнінен арнайы педагогтерге вебинар арқылы кеңестер бердік», деп жауап берді.
Иә, бұл мәселе үш жақты келісіммен шешіледі. Эпидемиялық ахуалдың тұрақталғанына қарай өңірдің бас санитары арнайы педагогке ерекше оқушыларын үйіне барып оқытуына рұқсат берер. Ата-ана да баласының бетпе-бет білім алғанын қалайтыны сөзсіз делік. Алайда мектеп мүдделі ме? Мәселенің мәнісі осында секілді. Келесі жайт, ақиқаты көңілді күпті етіп, күрсінткен оқиға осы ойға бекінтті.
Қабырғасыз үй секілді
Жоғарыда аталған орталық өзінің ресми сайтын басқа мемлекеттік мекемелерге ұқсамай, жауапкершілікпен жүргізеді екен. Өйткені сайт қолданушылары инклюзивті білім беруге қатысты сұрақтарын қойса, міндетті түрде жауап берілетіні көрініп тұр. Соның ішінде бір ата-ана жарты жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 28 мамырында:
«Менің ұлым Баққали Әбдіхамит Аханұлы 1998 жылы туған. Мүгедектігіне байланысты үйде оқыды. 2009-2012 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте 5-6-7-сыныптарды оқу керек еді. Бірақ мұғалімдер үйге келіп сабақ бермеді. Сабақ берілді деп жалған құжаттар жасап, 3 жыл бойы мемлекет қаржысын жеп келген. Жамбыл облыстық Білім саласын бақылау департаменті тексерді, бірақ ешқандай шара қолданбады. Мектеп директорына 37 мың теңге айыппұл салумен шектелді. Баламның оқымай қалған 3 жылы енді не болады? Мүгедек баламның жағдайын кім ойлайды?», деп сұрақ қойыпты. Ауыр сауал.
Ә.Мерекеқызы басқарып отырған орталық ата-анаға баланы үйде оқытуда тегін көмек алу үшін облыстық Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеске қайта өтініш жасауды ұсынған. Содан соң: «Мемлекет ақшасын қайтарып алуға қатысты айтарымыз, облыстық Білім саласын бақылау департаменті сіздің балаңыз бекітілген мектептен айыппұл өндіріп алды», деп жауап беріпті.
Ақша қайтарылған шығар-ау, ал білім қайта беріле ме? Өткен жылдардың есесі қайтарыла ма? Қайтадан оқытады десек те, уақытты кері қайтара алмасы анық. Білім балаға жасына сай берілуі тиіс. Оқу бағдарламасы баланың жас ерекшелігін, психологиялық, ақыл-ой қабілетін ескеріп әзірленген ғой. Енді 20 жастан асқан адамға 7-сыныптағы бағдарламаны оқытудың не мәні бар? Негізгі білім алатын маңызды жылдары «ұрланды». 4 тіреуішімен төбесі жабылып, қаңырап қалған қабырғасыз үй секілді. Ойсырап тұрған білімнің орнын кім, қайтіп толтырады?
Қоғам шеттетпесе, мүмкіндік шектелмейді
Балалардың цереберальды параличі (БЦП) диагнозымен туып, арбаға таңылса да, жақсы оқыған жамбылдық Жұмабек Күлетовті мұғалімдері мектептегі үлгерімі нашар сыныптастарына үлгі ететін. Тіпті сыныптастары оны емтихан тапсыруға көмектесу үшін оқу ошағына өздері көтеріп әкелген кездері болыпты. Ал қалған уақыттың бәрінде үйден оқыды.
«Жамбыл облысының Жаңатас қаласында Абай атындағы мектепті 11 жыл бойы үйден оқып бітірдім. Үздік болдым, математика, физика, информатика пәндерін жақсы көретінмін. 11-сыныпты бітірерде сыныптастарым емтиханға көмектес деп мені үйден өздері алып кеткен кез болды. Көмектескім келген, бірақ мүгедек жан емтиханнан босатылған деп мені олармен бірге емтиханға қатыстырмады. Үйден білім алғанда мұғалімдер аптасына 1-2 рет келіп оқытатын. Еңбекке баулу, музыка, дене шынықтыру секілді сабақтарды оқымадым. Мектепте пандус, жедел саты болғанда қатынап оқитын едім. Онда білімім қазіргіден де терең болар ма еді. Мүмкіндігінше баланы қатарға қосып, мектепте оқуына жағдай жасаған жөн. Әр бала мектепте оқуға лайық қой. Мүгедек балалар сау балаларға қарап талаптанса, сау балалар да мүгедек балаларға қарап үлгі алар еді», дейді Ж.Күлетов.
Аптасына 1-2 рет мұғалімнің төбесін көрсе де сыныбында үздік болды. Расымен мектепке күн сайын барып, сабақтарды қалдырмай оқыса, бәрі басқаша болар ма... Емтиханнан шеттетпесе, мүмкіндігі шектелмес дерсіз. Дегенмен осы алған білімімен-ақ алғыр, қабілетті кейіпкеріміз Жамбыл облысының Қаратау қаласындағы колледжге оқуға түсіп, бағдарламашы мамандығын алып шықты. Қазір компьютер жөндеп, бағдарлама орнатып нәпақасын тауып отыр.
«Болашақта ІТ мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, білімімді жетілдіргім келеді. Әттеген-айы, университеттерде пандус, жедел саты жоқ. Ал қашықтан білім алу, үйден оқу дегеніңіз оқытушыларды көзбен көріп, оқу орнына барып оқығанға жетпейді», дейді Ж.Күлетов.
Түйін
Осыдан кейін әлемдегі 70-ке жуық елдің адам құқықтары бойынша түрлі мониторингтер мен зерттеулер жүргізетін үкіметтік емес ұйым Human Rights Watch-тың 2019 жылғы зерттеуіндегі «Қазақстанның Конституциясы барлық баланың жалпы және арнаулы орта білім алу құқығына кепілдік береді. Бірақ Human Rights Watch кей балалардың шын мәнінде ешқандай білім алмайтынын анықтады», дегеніне сенбеске шара жоқ. Оған 3 жыл бойы үйден тиісті білімін ала алмаған Абдухамит Аханұлының, үйде оқығандықтан еңбекке баулу, музыка (бәлкім шебер немесе музыкант болар ма еді) секілді адам өміріндегі маңызды пәндерді оқи алмаған Жұмабек Күлетовтің жағдайы дәлел болады.
Білімнің көкжиегі кеңеймесе, қаншама мыңдаған баланың кейбір сабақтарға қатысу мүмкіндігінен айырылған ерекше білім алушылардың құқығы шектеле береді.
Балалар мүмкіндігінше оқу ошағын көзімен көріп, ондағы аураны сезініп, мектептің өзінде оқыса дейміз. Бірақ пандемия жайлағаннан бері сөз басындағы Бегім секілді 12 мыңнан аса бала мұғалімді үйде көру мүмкіндігінен де айырылып қалды ғой...