Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында алғаш рет тіркелген қатерлі COVID-19 вирустық инфекциясы адамзатқа үлкен үрей туғызып, бүкіл әлемді жаулап алғанына міне, бір жылдан асты. Осы мезгілде бұл ауыр індет дүние жүзінің 215 еліне тарап, 110 млн-нан астам адам ауырып, олардың 2,5 млн-ы көз жұмыпты.
COVID-19 вирустық инфекциясының бірінші толқынының өзі көптеген елді қатты састырып, әбігерге түсіргенін білеміз. Өкінішке қарай, елімізді де бұл індет айналып өтпеді. Мыңдаған адам аталған инфекциямен ауырып, күтпеген қиындықтарға кез келді. Індет 2020 жылы жаздың басында, яғни 1,5-2 айдың ішінде (маусым мен шілдеде) қу қамысқа тиген оттай бүкіл өңірді аямай шарпып, қоғамымыздың оған дайын емес екенін мойындатты: ауруханаларда – орын, емдеуге – дәрігер-мамандар мен қажетті дәрі-дәрмектер болмай, демалдыру аппараттары (оттегі конденсаторлары, өкпеге дем беру құралдары және с.с.) жетіспей көпшілікті қатты әлекке салды. Ел-жұрт арасында үрей, қорқыныш өрбіді. Жүздеген адам тажал тырнағына ілігіп, біраз отбасы жақындарынан айырылып, қара жамылды. Бұл біздің елдің ғана емес, экономикасы мен әлеуметтік ахуалы жоғары мемлекеттердің өзін тығырыққа тіреп, қатты қобалжытты, қауіпті індетке дайын емес екенін көрсетті.
Әлемнің ғалымдары – вирусологтері, бактериологтері, инфекционистері мен эпидемиологтері коронавируспен бұрыннан (олар 30-40 жылдай бұрын анықталған болатын) таныс болғанымен, мына COVID-19 вирусының жұмбақ тұстары мен табиғатын біле алмай дал болды, тіпті оны қалай емдеуді білмей көптеген қателік жіберді. Елімізде де орны толмас қателіктер жіберіліп, қатерлі пандемияға дайындық шараларына жүрдім-бардым қараған сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз тобымен қызметтен кетті. Содан сабақ алған медицина қызметкерлері ковидтің екінші толқынына дайындық жұмыстарын бастап кеткен болатын. Пандемияның екінші толқыны көптеген елде басталып, коронавирустың жаңа түрлері (өзгертілген, мутацияға ұшыраған штаммдары – «британдық коронавирус», «бразилиялық коронавирус», «Оңтүстік Африка коронавирусы» және т.б.) халық арасында кеңінен тарала бастады. Қазақстанда коронавирустың жаңа түрлері әзірше тіркелген жоқ деп мәлімдейді, еліміздің бас санитарлық дәрігері. Әрине беті аулақ, оның болмағаны халыққа жақсы. Сонда да оған дайындық барынша жүргізіліп жатыр. Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері коронавирустың алдын алу шаралары, оған дайындық және карантиндік талаптардың орындалу барысы жайлы білмек болып өңірдегі біраз емхана мен аурухананы тексеріп қараған болатын. Қоғамдық кеңес отырысында облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстың бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Найля Муликова есеп беріп, облыстағы жалпы ахуалды баяндаған болатын.
Қоғамдық кеңестің атынан тексеру жүргізген топ жетекшісі Қалыбек Атжан мән-жайды ширатып, біраз кемшіліктің орын алып отырғанын тілге тиек етті. Әлі де халық арасында коронавирус індеті жайлы түсініспеушілік басым. Індет біреуден екінші адамға ауа арқылы, қол алысқанда, бетпердесіз қорғанбай жақын жүргенде жұғатыны белгілі. Бірақ өкінішке қарай, сол талаптарды өзі жүрген ортада орындамайтын жандар арасында тажал-індет тарап, біразын ауыр халге жеткізіп, тіпті одан бақилық болып жатқанын көріп отырмыз. «Қазақ тойшыл халық» деп кеуде керіп мақтанамыз. Сол той өткізу алғашқыда біраз уақыт тыйылғаны белгілі. Бірақ соңғы кезде бұрынғы, бейберекет дағдылы жолға оралып, астыртын тойлар барынша әр ауылда, қалада «ұрланып» өткізіліп жатқаны жасырын емес. Пандемияға қарсы құрылған мобильдік топтар (оның құрамына әкімдік қызметкері, дәрігер, полиция, журналистер және т.б.) өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап отыр дегенге сену қиын, жауапкершілік жоқ. Бұл топтар қағаз жүзінде бар да, атқарып жатқан іс-шаралары мардымсыз. Жыл басынан бері карантиндік талаптарды бірнеше рет бұзған дәмхана мен мейрамхана жабылып, мемлекет есебіне жалпы алғанда, бар болғаны 20 млн теңге айыппұл түсті. Ал құрыққа ілінбегендері қаншама? Әрине әр тойханада дер кезінде байқалған, көзге іліккен проблеманы шешетін «көкелері» отырғаны белгілі. Содан болар, тойхана иелері өздерін тым еркін сезінеді. Оның залалы халыққа тиюде, тойдан кейін біразы ауыр індетке шалдығып, өміріне қауіп-қатер төнеді. Қоғамдық көліктерде, дүкендерде және халық көп топтасатын орындарда қажетті карантиндік талаптар (маска тағу, қолдарды антисептиктермен өңдеу, адамдар арасында қашықтықты сақтау және т.б.) орындала бермейтіні көпшілікті қынжылтады. Оны бақылайтын, тәртіпке шақырып, ретке келтіретін өңірдегі жасақталған топтар, санитарлық-медицина қызметкерлері мен ішкі істер департаментінің қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті толық атқармай отырғаны көңілге қаяу түсіреді.
Денсаулық сақтау басқармасы әкімдіктің қолдауымен коронавирустың алдын алу, қатерлі індет тұрғындар арасында тарала қалған күнде оны емдеу шараларын қалай өткізу керек екенін анықтап, дәрі-дәрмек, қорғану құралдары мен тыныс беру аппараттарын сатып алып, біраз дайындық жүргізгені белгілі. Атап айтқанда, облыс орталығындағы бұрынғы қалалық перзентхана коронавирусқа шалдыққан ауруларды емдейтін 200 төсектік арнайы ауруханаға айналдырылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қаладағы ауруханаларға 4 компьютерлік томограф, науқастарды үздіксіз оттегімен қамтамасыз ететін 4 оттегі стансасы орнатылып, қажетті көлемде тыныс алу аппараттары, оттегі конденсаторлары, коронавирусқа қарсы пайдаланылатын дәрі-дәрмектер мен қорғану құралдардың екі айлық қоры дайындалды. Оның біразы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді. Алдағы уақытта халық көп шоғырланған аймақтардағы емханалар немесе ауруханалар жанына компьютерлік томограф орнату жоспарда бар екенін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев есептік кездесуінде мәлімдеді (жеке кәсіпкер, қазір Парламент депутаты Гүлдара Нұрымованың қолдауымен Меркі ауданының орталығына КТ және МРТ қондырғылары 2020 жылы қойылған).
Медициналық көмекті халыққа қолжетімді ету үшін өткен 2020 жылы 8 жылжымалы медициналық кешен алынып, қазіргі күндері аудандық ауруханаларға берілді. Тек тиімді пайдаланылса деген ой мазалайды. Әйтпесе, әлгі «жылжымалы амбулатория» әзірше (қыстың қарлы-мұзды кезеңіне байланысты) бірнеше ауданда қаңтарылып тұр. Көктем шығып, жер кепкенде оның маршрутын жасап, ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмекті барынша жақсартамыз деп отырған аурухана басшылары бар. Өйткені әлгі кешенде рентгендік, стоматологиялық қондырғымен қатар ЛОР, гинеколог, хирург кабинеттері бар. Әрине оны керекті маман-дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесі туындап отырғаны жасырын емес. «Кадр барлық мәселені шешеді» деген сөз орынды айтылған. Қазіргі таңда облыстық емдеу-профилактикалық мекемелеріне 250 дәрігер жетіспейді. Сол кемшілікті толтыру мақсатында облыс әкімі Б.Сапарбаев Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетпен келісімшартқа отырып, Таразда университет филиалын ашуға қол жеткізді. Жоғары курс студенттері облыс орталығындағы емханалар мен ауруханаларда білгір дәрігерлердің көмегімен сапалы тәжірибеден өтіп, диплом алғаннан кейін облыстық емдеу мекемелеріне қызметке алынбақ. Оның тиімділігін уақыт көрсете жатар...
Жалпы, облыс көлеміндегі ауруханалар мен емхана қызметкерлері коронавирус індетін азайту мақсатында біраз дайындық жұмысын жүргізді. Оның арасында облыстық көп бейінді балалар ауруханасы, Тараз қалалық №5 емхана, Т.Рысқұлов ауданының орталық аурухана басшылығы халық арасында пандемияның кең таралмауына, профилактикалық шаралардың мәнісін дұрыс түсініп, Денсаулық сақтау министрінің, бас санитарлық дәрігерлердің карантиндік-эпидемиялық талаптарын орындауға бар күш-жігерін жұмсауда.
Өкінішке қарай, біраз емханалар (қалалық №7 және т.б.) мен ауруханалар (Меркі ауданының орталық ауруханасы) ковидтің екінші толқынына толық дайын емес. Бұл мекемелердің басшылары мен эпидемиологтері қызметтеріне жауапкершілікпен қарамай, профилактикалық жұмыстарды ақсатып алған.
Денсаулық сақтау басқармасы жағынан емдеу-профилактикалық мекемелердің коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шараларын ұдайы бақылауда ұстап, орын алған кемшіліктерді қысқа мерзімде ретке келтіргендері орынды болар еді. Соның бірі – шалғайдағы аудандық ауруханаларды шағын көлемді оттегі стансасымен қамтамасыз ету мәселесі. Әйтпесе барлығы қазір оттегі толтырылған баллондарды облыс орталығынан, яғни Тараз қаласынан тасуға мәжбүр. Бұл баллондар дер кезінде жеткізілсе жақсы, ал олай болмай қалса ше? Ойланатын мәселе...
Әлемді жайлаған COVID-19 індетінің беті, өкінішке қарай, әзірше қайтар емес. Дүниежүзі қатерлі індетпен күресуге бар мүмкіндігін салуда. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Әйтсе де, «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, ауру жұқтырмау азаматтардың өздеріне байланысты екенін естен шығармайық. Карантиндік талаптарды әр азамат орынды қабылдап, індеттен қорғану талаптарын барынша сақтаса, бұл ауыр тажал-індеттен, оның әкелетін зардаптарынан көп уақыт өтпей құтылар едік.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі
ТАРАЗ