«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға қызмет алу ыңғайлы болу үшін, көптеген сервистерді енгізіп жүргенін көріп жүрміз. Олардың қатарында проактивті қызметтер, құжаттарды, көлік нөмірлері мен жүргізуші куәлігін үйге жеткізіп беру қызметтері бар. Енді жеке менеджер қызметі іске қосылуда, деп хабарлайды Egemen.kz
Мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға бармай-ақ алуға көмектесетін жеке менеджер қызметін пайдалану - азаматтардың уақытын үнемдеумен және қолайлылығымен ұтымды.
Ол үшін, ең алдымен ХҚО-ға барып жеке менеджермен келісімшартқа отыру қажет. Алатын қажетті қызметтер тізімін ұсынып, қызмет құнын төлейді.
Келісім-шартқа отырған сәттен бастап құжаттарды рәсімдеу машақатынан құтылып, халық көп шоғырланатын орындарда денсаулығыңызды қатерге тікпейсіз.
«Қызмет нәтижесін сіз айтқан жерге дейін әкеліп береді. Келісім шартты 1 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге жасасуға болады. Қазіргі таңда жеке менеджерлер фронт-офистерде отыр. Алдағы уақытта жеке менеджерлер келісім бойынша құрылыс компанияларында да отыратын болады. Олар осы компаниядан алынған жылжымайтын мүлікті нотариуссыз рәсімдеу қызметін көрсетеді» - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
Жеке менеджер құны қажет қызметтер тізімі мен қызметтің күрделілігіне қарай бағалар прейскурантына сәйкес тағайындалады.
Жеке тұлғалар төлемді бірден жүзеге асыруы тиіс. Ал заңды тұлғалар қызмет ақысын атқарылған жұмыс актісіне сәйкес төлейді.