Қап тауын жайлаған біздің шешен-ингуш халқы да зобалаң шақтың зардабын әбден тартқандығы – баршаға мәлім. 1943 жылдың аяғы мен 1944 жылдың басында жүк пойыздарына еш жазығы жоқ бейкүнә шешен-ингуш халқын күштеп артып, көз көріп, құлақ естімеген Шығысқа қарай көшіру ұлы қасіреттің басы еді.
Адамзат баласына зор қайғы әкелген зұлмат соғыс қимылдары майданда қыза түскен уақыт. Бес қаруын бойына асынған солдаттар чешен-ингуштарды атақонысынан күштеп көшірген. Қайда бара жатыр, неге бара жатыр, қара басып, қандай қылмыс жасап қойды? Әркімнің көкірегінде осындай сауал. Бірақ жауабын ешкім білмейтін. Түптеп келгенде, талай жұртты қынадай қырған саяси қуғын-сүргіннің бет қаратпас сұрапыл жоспары бойынша кең көлемде жасалған репрессия осылайша бастау алған. Олар мынау қаусаған кәрі шал, мынау шиеттей жас бала деп қарамаған. Аяушылық дегенді білмеген. Оған себеп, «тау халқының арасында опасыздық жасауға уәделесу бар» деген жалған ақпарат тараған.
Жазықсыз жандарды тасымалдауға 180 эшелон жұмылдырылыпты. Чешен-ингуш халқының 493 269 адамы осындай эшелондармен қоныс аударған. Негізінен, Қазақстанға. Көнекөз қарияларымыздың айтуына қарағанда, адам емес, мал таситын ашық-тесік вагондар екен. Таңғы сағат бестің кезінде тұтқиылдан тап беріп, үйлеріне баса-көктеп кіріп, күштеп осы вагондарға тиегеннен кейін біздің халық қапелімде жарытып жолға қамдана да алмаған. Сондықтан жолаушылардың көбі суықтан, аштықтан өлген. Ал шалғайдағы барар жолы қиын Хайбах, Таргим, Цори, Гүлім, Монкара аудандарының тұрғындарын сол жерде атып тастаған. Дәмі таусылмаған, тіршіліктен үміті барлардың бәрі жаңағы вагондарда азап шеккен.
Қайғы арқалаған пойыз сәл-пәл аялдай қалса, ішіндегі нақақ жандардың мәйіті ондап, жүздеп түсіріледі екен. Тіпті жол бойы шашылып жатыпты. Ал артта қалған атамекен аяусыз тоналған, тарихи жәдігерлер, ұлттық құндылықтар талан-таражға түскен.
Осының барлығы чешен-ингуштар фашистерге көмектеспек деген қате пікірден туындаған. Шындығында, бұл ақиқатқа жанаспайтын жаңсақ сөз болатын. Атажұртта мұндай оқиға орын алған емес. Есесіне, вайнах халқының ерлері қан майданға қатысып, нағыз қаһарман батырларша асқан ерлікпен соғысты. Отан қорғау жорығында мыңдаған адам опат болды. Ерлігімен көзге түскендер де аз емес. Мәселен, көне тарихтың көмбесін ақтарып көрсеңіз, Ханпаша Нұрәділова, Ыбрайхан Бейбулатов, Хасболат Дачиев тәрізді есіл ерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның өзі оңай берілмеген. Өйткені 1942 жылдың наурыз айында И.Сталиннің №6362 құпия қаулысы қабылданған. Онда «чешен-ингуштардың жасаған ерлігі марапатталмасын» деген жасырын бұйрық берілген. Соның өзінде де біздің халық қанына біткен қайсарлық қасиетімен басқыншы жауға тойтарыс берген.
Ал атамекеннен көшірілген қаншама жұрт босқа қырылып қалды. Қазақ даласына жеткендерінің бағы бар екен. Жергілікті жұрттың қамқорлығының арқасында ауыздары аққа тиді. Ол кездегі баспананың жайы белгілі. Қазақтар тар болса да қабақ шытпай, құшақ жая қарсы алған. Кейін сол кезді көзімен көрген қазақтың ақсақалдарымен кеңестік. Бірақ олардың бірде-біреуі «біз солай жасап едік» деп айтқан емес. Жасаған жақсылықты міндет етпеу – көңілдің кеңдігі, жанның жомарттығы. Бауырмалдықтың асқан үлгісін көрсеткен қазақ халқына алғыс айту аз, ата-бабамызды аузын арандай ашып келген ажалдан арашалап алып қалғаны үшін төбемізге көтеруіміз керек. Біз өздеріміздің жастарымызға тар кезеңдегі елдің ерлігі туралы үнемі айтып отырамыз. Жалғыз жергілікті жерде ғана емес, Кавказдағы ағайын да қазақты құрмет тұтады. Арыдағы аталарымыз қазақ халқын құрметтеуді бізге аманат етіп кеткен. Біздің жұрт – сөзге берік, аманатқа адал. Бір ғана мысал келтіре кетейін, Көкшетау қаласында Тумгоевтар отбасы тұрады. Олардың аталары қазіргі Бурабай ауданының қазақ ауылдарына тап болып, жергілікті жұрттың жақсылығының арқасында аман қалған. Кейін ақсақалдар өзара ақылдаса келе, кейінгі ұрпағына жақсылықтың қарымтасын қайтарыңдар деп айтып кеткен. Қазір бұл отбасы қала тұрғындарына ауыз суды тегін таратады. Барша шығынды өздері өтейді. Әрине, ол арқылы бар жақсылықты толайым қайтара алмаса да, қазақтардың қамқорлығын жан дүниесімен түсінген, жанашырлығын ешқашан ұмытпайтын аға буынның ыстық ықыласы.
Бізде облыстық «Вайнах» чешен-ингуш орталығы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Герихан Точиев деген ағамыз бар. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жетіп отыр. 1944 жылы ата-анасымен Қазақстанға қоныс аударғандардың бірі. Зұлмат шақтың запыранын жұтқан адам. Қасіретті көзімен көрген, қайғының ащы дәмін өзі де жұтқан. Ақсақалдың айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін құрылыспен айналысқан. Кейін өз кәсібін де дөңгелетті. Жергілікті қазақтың ішінде тонның ішкі бауындай араласып кеткен достары өте көп. Осы кісі жүздескен сайын қазаққа алғыс айтудан бір танбайды. Бүгінгі таңда ұлттар арасындағы достықты дәріптеп, сыйластыққа дәнекер болып жүр. Татулықтың құты, бірліктің бекем қазығы.
Біз де айтамыз. Шынайы ақ көңілден. Жарты құртты жарып жеген кез естен кетер ме?! Аталарымыз бен әжелеріміздің аш өзегін жалғаған ақ дәмі, аппақ ниеті үшін! Мың алғыс саған, мейірімі мол қазақ халқы!
Герихан ЯНДИЕВ,
Ақмола облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы