Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті көптің көңілінде күрделі мәселе күйінде әлі де тұр. Өкінішке қарай қауіпті індеттің алғашқы толқынында біраз адам ауырып, тіпті індет салдарынан қайғылы жағдайлар да орын алды. Жамбыл облысында да індет жұқтыру дерегі артып, өлім жағдайы тіркелді. Күн сайын естілетін бір жаманат хабардың елдің еңсесін түсіргені де рас. Дегенмен қиын кезеңдегі дәрігерлердің жанкешті еңбегі жұрттың көз алдында. Ал өңірдегі жомарт жандар бірқатар емханаға өкпені жасанды желдету аппаратын алып беріп, көмек көрсетті. Алайда әлі де болса қауіптің қара бұлты сейілмей отыр.
Бұл күнде өңірде карантин талаптары алынғанымен, әлі де болса тұрғындардың қауіпсіздік шараларын ұстануы, тәртіпке бағынуы керектігі жиі айтылуда. Қазіргі кезде өңірдегі көптеген ауданда оттегі стансасының жоқтығы өзекті мәселеге айналған. Аталған мәселені облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков те көтерді. Мәселен, бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінде төсектік қоры жеткілікті. Мекемелер мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту, індетке қарсы екпе егу жұмыстары да айтарлықтай қарқынды жүргізілуде. Бірінші кезеңде облысқа Спутник V вакцинасының 1 мың дозасы жеткізіліп, барлық емдеу мекемелеріне таратылған. Бұл да қауіпті індеттің алдын алу мақсатында қабылданған шешім. Дегенмен «Жаман айтпай, жақсы жоқ», тұрғындар өткен жылғыдай қауіпті індет қаһарына қайта мінген жағдайда оттегі стансаларының жоқтығына алаңдаулы.
«Облыс бойынша тек Тараз қаласында ғана, оның өзінде бар-жоғы 4 емдеу мекемесінде ғана оттегі стансасы бар. Былтыр індет ушыққан кезде науқастардың дені оттегі жетіспеушілігінен көз жұмғаны белгілі. Сол кезде медициналық мекемелер күніне 170-180 оттегі баллонын алмастырып отыруға мәжбүр болған еді. Беті аулақ, егер сол жағдай тағы қайталанатын болса, шалғай аудандарға Тараз қаласынан оттегі баллондарын дер кезінде жеткізіп отыру мүмкін емес. Осыны біле тұра алыстағы аудандар неге оттегі стансаларымен қамтылмай отыр?», дейді медицина ғылымдарының докторы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Сағындық Ордабеков.
Шынында да, аудандарда оттегі баллондарының жетіспеушілігі үлкен мәселе. Былтыр талай адамның тағдыры осыған байланысты болғаны жасырын емес. Бұл орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев аталған мәселе бойынша бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, қазіргі таңда екі ауданға оттегі стансасын орнату жұмысы қолға алынып отырғанын айтты.
«Бюджет есебінен алынған медициналық аппараттан бөлек, демеушілік көмек есебінен де 122 оттегі концентраторы, 14 өкпені жасанды желдету аппараты алынып, олар өңірдегі емдеу ұйымдарына берілді. Қазір Меркі, Шу аудандары компьютерлік томография аппаратымен қамтылса, жақында осындай жабдық Қордай ауданына да берілетін болады», дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ қауіпті індеттің беті қайтпай тұрғанда, көпшіліктің той, жиын сияқты әдеттерден тыйылмай отырғаны да өзекті мәселе. Мәселен, жуырда ғана Жуалы ауданында көкпар ұйымдастырылып, оған 200-ден астам адам қатысқан. Сол сияқты, күн сайын жүздеген адамға көпшілікті жинап, той, ас беру сияқты шараларды ұйымдастырғаны үшін айыппұл салынуда. Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерде де медициналық маскасыз әрі-бері жүргендер көп. Бұл ретте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нэйля Муликова жекелеген адамдар мен заңды тұлғаларға санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 20 млн теңгеден аса айыппұл салынғанын, оның бюджет есебіне өндірілгенін жеткізді.
Қазіргі кезде аудандарда оттегі стансаларының жетіспеушілігі, көпшіліктің қауіпсіздік шараларын сақтамауы күрделі мәселе. Тіпті талап пен тәртіпке бағынбау індеттің қайта өрши түсуіне алып келуі мүмкін. Егер әркім қауіпсіздікті өзінен бастаса, ол өзіне де, өзгеге де пайдалы болмақ.
Жамбыл облысы