Семейдегі аспалы көпірдің ұшар басына шығып алып, виолончельмен «Көзімнің қарасын» аңырата ойнаған Бағжан Октябрь Сібе көлінің көк мұзында «Ақ Баянды» әуелетті.
Виолончельден шыққан әуенмен Ксения Панкратова Сібенің бетінде сырғанады. Әдемі көрініс. Еліміздің көрікті жерлерін әуезді әуенмен, мың бұралған бимен танытуды мақсат еткен олардың әлі де тың жобалары бар көрінеді.
– Абайдың туған жерінде «Көзімнің қарасын» орындадым. Ертістегі көпірдің биігіне шығып алып орындаған соң ба, елдің назарын бірден аударды. Содан кейін Сібе көлінің көркін көрсетейік деп мұз бетінде «Ақ Баянды» орындадым. Болашаққа да осындай жоба-жоспарлар бар, – деді жас өнерпаз Бағжан Октябрь.
Қазақтың әндеріне жазылған әуендерді қазақтың көрікті жерінде орындаудың да мақсаты бар. Яғни қазақтай елді, кең байтақ жерді Бағжанның әуені, Ксенияның биі арқылы әлемге таныту. Бұл жобаны облыстың туристік ақпараттық орталығының мамандары ұйымдастырып, виолонечелист Бағжан Октябрь мен мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратованы Алматыдан арнайы шақыртқан.
Көпірдің биігі мен мұз айдынындағы көрініс бейнеге түсіріліп, әлеуметтік желілерде тарады. Көргендер жылы лебізін білдірді. Алайда Ксения Панкратованың айтуынша, күн райы бұзылып кетпеген жағдайда бұдан да керемет көрініс болар еді.
– Қымбатты жерлестерім, осындай сұлу табиғатты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біздің өнерімізге құрмет білдіріп, шақырып жатқан Шығыс Қазақстанның халқына рахмет, – деді К. Панкратова.
Айтқанындай, меймандар келген күні көгілдір мұздың бетін аппақ қар басып қалған. Сондықтан да, мұздың белгілі бір аумағын қолмен тазалауға тура келді. Әзірше, бұл үлкен жобаның басы.
Шығыс Қазақстан облысы