Алға ауданы Бестамақ ауылдық округінде «Сервистік әкімдіктің» ашылуы өтті. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, аудан басшысы Мамырғали Аққағазов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Бауыржан Балғабеков пен «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жанындағы қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алға ауданының Бестамақ ауылдық округінде 4 мыңнан астам азамат тұрады. Бұдан былай аталған сервистік әкімдік жергілікті биліктің ашықтығын, жариялылығын және тұтынушыға бағдарлануын қамтамасыз ететін болады. Осылайша ауылдық жерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.
Сервистік әкімдікте бірқатар сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер көрсетіледі: «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою», «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату», «Сауда-саттық өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» және де бірқатар әлеуметтік, білім беру саласындағы қызметтер де бар.
Сонымен қатар, азаматтарға қолайлы ахуал қалыптастыру мақсатында ақпараттық стендтер, балаларға арналған ойын алаңы ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған «connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істеуде.
Ал азаматтардың арыз-шағымдарына жедел әрекет ету мақсатында ғимаратта учаскелік полиция инспекторына арналған бөлме қарастырылған.
Жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досановтың айтуы бойынша Бестамақ әкімдігі - облысымызда ауылдық округ деңгейінде ашылған үшінші сервистік әкімдік болып табылады.
«Облыстағы барлық аудан орталықтары мен Ақтөбе қаласында бүгінгі күні «Сервистік әкімдіктер» ашылып, толыққанды жұмыс жасауда. Азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында облыс әкімдігімен бірлесіп, барлық ірі ауылдық округтерде сервистік әкімдіктерді ашу жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз», - деп атап өтті басшының бірінші орынбасары.
Облыс орталығынан келген делегация коворкинг орталығы жанындағы «Парасат жолы» жобасының ашылуына да қатысты. Аталған орталық аудандық зиялы қауым өкілдерін біріктіріп, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізетін болады.