• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2021

Адам өмірі үшін арпалыс

170 рет
көрсетілді

Ақпанның 22-cі күні Атырау-Орал тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза болған еді. Осы оқиға кезінде ауыр жарақат алған бір адамның өмірі үшін дәрігерлер ажалмен арпалысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылы маңында «Тойота королла» мен «Лада приора» көлігі бетпе-бет соқтығысып, 4 әйел, 2 ер адам қаза тапқан еді. Апаттан «Тойота» көлігіндегі Атырау облысының тұрғыны, 42 жасар ер адам ғана аман қалған. «Жедел жәрдем» қызметкерлері оны ең жақын жерге – Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізген еді.

Ауыл ауруханасының дәрігерлері жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауырсынуға қарсы шаралар қолданды. Жарақат оның ішкі құрылысында екен. Сол күні түнгі сағат 22-ге қарай науқастың жағдайы нашарлай бастайды. Тез арада Чапаев ауылынан Ақжайық аудандық ауруханасынан хирургиялық топ шақырылды. Хирург Дәурен Күдесов, аурухана директоры, жоғары санатты хирург Алмас Жүнісбеков Тайпаққа жедел аттанды.

Хирургтер Тайпақ ауруханасына жетісімен жедел отаға кіріскен. Алайда күрделі ота кезінде әріптестердің ақыл-кеңесі әрі көмегі қажет болды. Орал қаласынан маман шақыртуға алай-түлей соққан боран мұрша бермеді. Осы кезде көршілес Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері, жоғары дәрежелі хирург, ота жасауда 14 жылдық еңбек өтілі бар Сержан Есенгөбеков көмекке аттанды. Алайда 150 шақырымдай жол жүріп, Ақжайық ауданы орталығына жеткенімен, Тайпаққа дейін әлі де алыс еді. Оның үстіне ауа райының қолайсыздығына байланысты автожолдар жабылған. Білікті хирургтің адам өмірін құтқару үшін алыс жолға шыққанын естіген жол полициясы қызметкерлері Сержан Серікұлын өздерінің патрулдік көлігімен Тайпаққа жеткізеді. Сөйтіп, аса күрделі ота өз уақытында жасалған.

– Хирургтар ота үстелінде 10 сағат-тан артық уақыт бойы ажалмен арпалысты. Қазір науқастың жағдайы әлі де ауыр, тасымалдауға келмейді. Дегенмен ең басты қиындық артта қалды, ота жасалды. Дәрігерлер өз қолынан келетіннің бәрін жасап жатыр. Науқас жазылып, қатарға қосылады деген үмітіміз бар, – дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.

Әрине, бұл жерде дәрігерлер ғана емес, полиция, төтенше жағдайлар қызметі де барынша жедел әрі ұйымдаса қызмет көрсетуде. Адам өмірі үшін уақытпен де, табиғаттың тосын мінезімен де санаспай, көмек қолын созған барша мамандарға мың сан алғыс!