ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 41 күн қалды
Алдағы жылдың ақпан айында Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласында жалауын көтергелі тұрған XXII қысқы Олимпиадасының қызығы басталатын шақ та күн санап жақындап келеді. Бұл жаһандық жарыс 2014 жылдың 7 ақпанында сөреден шығып, 24 ақпанда мәреге жетеді. Ойындарда спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде Қазақстан атлеттері спорттың 11 түрі бойынша жарысқа жалын қосады. Біз бүгіннен бастап газет бетінде осы Ойындар туралы арнайы бөлім беріп тұратын боламыз.
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 41 күн қалды
Алдағы жылдың ақпан айында Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласында жалауын көтергелі тұрған XXII қысқы Олимпиадасының қызығы басталатын шақ та күн санап жақындап келеді. Бұл жаһандық жарыс 2014 жылдың 7 ақпанында сөреден шығып, 24 ақпанда мәреге жетеді. Ойындарда спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде Қазақстан атлеттері спорттың 11 түрі бойынша жарысқа жалын қосады. Біз бүгіннен бастап газет бетінде осы Ойындар туралы арнайы бөлім беріп тұратын боламыз.
ҚАЗАҚСТАН СПОРТТЫҢ 6 ТҮРІНЕН МЕДАЛЬҒА ТАЛАСАДЫ
Республика Спорт және дене-шынықтыру агенттігінің басшысы Тастанбек Есентаев осылай деп отыр. Ол мұны жақында Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингі кезінде айтты.
Еліміздің спорт саласы тізгінін ұстап отырған тұлғаның пікірінше, саңлақтарымыз осы жолы шынында да айды аспаннан бір-ақ шығарып, 6 медальды алып қалуы әбден ықтимал. Жасыратыны жоқ, біз бұрын мұндай медальдар мерекесін көрмек тұрмақ, осынша жүлделер жайлы армандаудың өзін артық көруші едік. Енді қалай, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері біздің бар-жоғы 3 спортымыз ғана қысқы Олимпиялық ойындардың құрмет тұғырынан көрінген екен. Олардың өзі 3 Олимпиадада ғана, еліміздің атын шығарса, қалған 2 Ойындардан тіпті қоржынымыз бос қайтыпты. Және медальдар ең көп болғанда, үшеуден аспаған. Атап айтқанда, 1994 жылы Лиллихаммерде өткен додада 1 алтын, 2 күміс, барлығы 3 медальды атақты шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алса, келесі жолы, 1998 жылы Наганода жалауын көтерген бәсекеде Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева бір-бір қола медальды қанағат тұтты. Ал содан кейінгі Солт-Лейк Сити (2002) мен Торинода (2006) медальдың ауылына жақындап баратын атлет таппай қалдық. Бұл олқылықты тек 2010 жылы Ванкуверде өткен Ойындарда биатлоншы Елена Хрусталева 1 күміс медалімен толтырғандай болды. Міне, Қазақстанның қысқы Олимпиялық ойындардағы жүлде қоры осындай.
Ал Тастанбек Есентаев алдағы Ойындарда біздің спортшыларымыз шаңғы, биатлон, фристайл, коньки, мәнерлеп сырғанау және сноуборд секілді спорт түрлері бойынша сайыстарда әлемнің үздік жұлдыздарымен тең дәрежеде шайқасады деп есептеп отыр. «Біз жүлдені ең алдымен шаңғышылар командасынан күтеміз. Содан кейін 2013 жылы әлем чемпионы атанған конькиші Денис Кузин мен жаһандық жарыста екінші болған Денис Тен осы деңгейден табылады деген ойдамыз», – деді ол.
«Сол сияқты сноуборд және шорт-трек құрамалары алдарына да нәтижелерін жақсарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл спорт түрлері бойынша Олимпиялық ойындардың алғашқы ондығына кіре алатын жекелеген спортшылар да бар», – деді бұдан әрі Т.Есентаев.
Дәл қазіргі таңда қазақстандықтар спорттың 11 түрі бойынша 55 лицензия жеңіп алып отыр. Бірақ бұлардың бірқатарына осы жеңіп алған лицензияларын Әлем кубогы кезеңдерінде тағы бір мәрте қорғауға тура келеді.
Руслан ИГІЛІК.
ШВЕЙЦАРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ СОЧИГЕ БАРАТЫНЫН РАСТАДЫ
Жасыратыны жоқ, XXII Олимпиялық ойындардағы бәсекенің бәсі оның спорт алаңдары мен жарыс жолдарымен ғана шектеліп қалмайтын сияқты. Жер-жаһанды тасқаяқтай қақтырып отыруға құштар белгілі бір саяси күштер сол сыртқы сипатта болып жататын астарлы ойындарды қазірдің өзінде бастап кеткен сияқты. Бұл бүгінде әлемнің ана жерінен бір, мына жерінен бір өздерінің Сочи Олимпиадасына бара алмайтындарын сүйінші сұрағандай етіп жарыса хабарлап жатқан түрлі елдердің президенттері мен премьерлерінің мәлімдемелерінен де байқалып жатыр.
Бір қуаныштысы, осындай тымырайған көңіл күйде тұнжыраңқы көріне бастаған көктің жүзін жарқ ете қалғандай әсерге бөлеп, Ойындарға қалайда баратындарын жария етіп жатқан жылы жүректі, иманжүзді мемлекет басшылары да кездесе бастады. Солардың қатарынан күні кеше Швейцарияның президенті Уэли Маурер де көрінді. Ол өзінің алдағы жылғы ақпан айында Сочиге міндетте түрде баратынын баяндай отырып, әлемнің естияр жұртын спортты «саясатқа айналдырмауға» шақырды. Мұны ол өз елінің «ЗоннтагБлик» газетіне берген сұхбатында жеткізді.
«Сонда қалай, біз енді ешқайда бармауымыз керек пе? – деп ойын сұрау салу арқылы тарқатты Маурер. – Онда ислам елдеріне бармайық, себебі, оларда заңға деген көзқарас мүлдем басқаша, АҚШ-қа аттап аяқ салмайық, өйткені, оның кейбір штаттарында әлі күнге дейін өлім жазасы қолданылады». Оның ойынша, спорт жарыстарына әлдеқандай бір саяси себептермен бойкот жариялау «нағыз бейшаралық шешім болып табылады».
Бір айтатыны, Швейцарияда президенттік мерзім бір жылға ғана созылады. Сондықтан биыл үкіметті басқарып отырған Уэли Маурер келесі жылы Сочиге қорғаныс, тұрғындарды қорғау және спорт федералды департаментінің (министрлігінің) басшысы ретінде аттанғалы отыр. Мұның есесіне, 2014 жылы конфедерация президенті болып отыратын Дидье Буркхальтер де Сочиге міндетті түрде баратынын жариялап үлгерді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.
ШАЙБАЛАР ДА СЫНАҚ ТАПСЫРДЫ
Ресей Хоккей федерациясының президенті Владислав Третьяк пен Сочи-2014 ұйымдастыру комитетінің басшысы Дмитрий Чернышенко мұз айдынында ойналатын шайбаларды көпшілік назарына ұсынды.
Шайбалардың таныстырылымы хоккейден Ресей – Финляндия құрамалары арасында өткен кездесудің бірінші үзілісі кезінде баспасөз орталығында өтті.
«Біз шайбаларды Халықаралық хоккей федерациясының барлық талаптарына сай дайындадық. Ені 2,52 және диаметрі 7,62 сантиметрді құраған шайбалардың салмағы 170 грамнан аспайды», – деді Дмитрий Чернышенко.
Шайбаларда Сочи Олимпиадасының символы бейнеленген. Ол шайба бетінің 35 пайызын жауып тұрады. Бұл суреттер хоккей ойындары өткізілетін екі алаңға арналып, екі түрлі түске боялған.
«Шайба – хоккей ойынындағы ең маңызды бөлшектердің бірі. Хоккей жанкүйерлерінің арасында олардан коллекция жинайтындар да көп кездеседі. Ірі жарыстардың куәгері болған адамның спорт мерекесінің бір бөлшегін өзінде сақтап қалғысы келетіні түсінікті», – деді В.Третьяк.
Сочи-2014 ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі 22 желтоқсан күні www.tickets.sochi2014.com сайты немесе ұялы телефонға арналған «Сочи-2014» бағдарламасы арқылы әйелдер хоккейіне үш не одан көп билет сатып алған алғашқы 500 адамға Олимпиада шайбасы сыйға тартылатынын мәлімдеді.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ЕЛІМІЗДІҢ 40 ЖУРНАЛИСІ
Қысқы ойындардан хабар таратады
Келесі жылы Сочиде өткізілетін XXII қысқы Олимпиялық ойындарға әлемнің 83 елінен 13 мыңнан астам тілші баратыны мәлім болды. Ал біздің елімізден қатысатын 40 журналист дүбірлі доданың қақ ортасынан өз оқырмандарына ақпарат таратады.
Осыдан біршама күн бұрын Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Сочи Олимпиадасы ұйымдастыру комитеті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін жарыс өтетін алаңнан 15 медиа орталық ашқанын айтқан болатын. Қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл жерде 250-ден астам журналист жұмыс жасай алады екен. Сонымен бірге, телеарна қызметкерлеріне арналған 40 шақты арнайы бөлме бар.
Ойындарға қатысатын біздің ұлттық құраманы дайындау үшін шетелден 17 маман шақырылыпты. Олар спорттың 8 түрі бойынша (шаңғы тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, коньки , шорт-трек , фристайл және т.б) жаттығу өткізеді. Ал әзірге лицензия алғандар тізіміне Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының спортшылары енгізілген. Өкінішке қарай, тау шаңғысы спорты мен трамплиннен секіруден, шаңғы спорты, шана спортынан кенжелеп қалған екенбіз. Дегенмен, осы спорт түрлеріне лицензия алудың үміті әлі жоғала қойған жоқ.
Оқырмандарға Халықаралық Олимпиада комитетіне 2022 жылы Алматыда XXIV қысқы Олимпиялық ойындар өткізу туралы өтінім тапсырылғанын да айтқымыз келеді. Бұл істің салмағы басым. Сондықтан жауапты тұлғалар қазірден бастап дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
«Егемен Қазақстан».