• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Ақпан, 2021

Алматылықтар көлікті тағы бір автоорталықта қайта рәсімдей алады

169 рет
көрсетілді

Алдағы 1 наурыздан бастап алматылықтарға көлікті қайта тіркеу үшін қала сыртына шығу қажет болмайды. Бұрын №1 мамандандырылған ХҚО-да (Саялы шағын ауданы) көлік құралдарын сатып алу-сатуды рәсімдеу бойынша қызмет көрсеткен барлық операторлар «Avtodom» автокешенінің ғимаратына көшіріледі. Осыған байланысты 27 ақпанда №1 мамандандырылған ХҚО қызмет көрсетпейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы жылдың басында «Avtodom» сауда орталығында шағын бұрыш ашылды, онда көлікті қайта тіркеу қызметін тек бір оператор ғана ұсынған болатын. Мемлекеттік корпорация бұл бұрышты кеңейтіп, автоХҚО-ның толыққанды секторына айналдыру туралы шешім қабылдады.

«Біз халық ең көп баратын мамандандырылған ХҚО жүктемесін азайтып, алматылықтар үшін қайта тіркеу қызметін ыңғайлы жерден ала алатындай ету маңызды болды. Жаңа локация қала сыртына шықпай-ақ, сатып алынған машинаны қайта ресімдеу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз тіркеу бөлімінің 50 маманын осы секторға көшіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Пандемияға қарамастан, халыққа қызмет көрсету орталықтары клиенттерінің саны азайған жоқ. Өткен жылы алматылықтарға автокөліктерді қайта тіркеу бойынша 608 мың қызмет көрсетілді, бұл республика бойынша көрсетілген қызмет көлемінің 24%.

Саялы ықшам ауданындағы №1 мамандандырылған ХҚО-да алматылықтар бұрынғыдай жүргізуші куәлігін ресімдеуге байланысты мемлекеттік қызметтерді алуды жалғастырады. Атап айтқанда, теориялық, практикалық емтихандарды тапсыру, жүргізуші куәлігін жоғалуына және мерзімінің аяқталуына байланысты ауыстыру, қосымша жүргізуші категориясын алу және т. б. қызметтері.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар автоқызметтерді онлайн түрде eGov.kz және kaspi.kz қосымшасы арқылы рәсімдей алады.

Жүргізуші куәлігін алу кезінде практикалық емтихан тапсыру және медициналық тексеруден өту Саялы және Кемел шағын аудандарының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Бұдан басқа, автокөлікті ресімдеу бойынша шағын бұрыштар ALLUR AUTO, Astana Motors және Aster Auto салондарында жұмыс істейді.