XVIII ғасырда француз әскерінде қара киізден жасалған бас киім кию сәнге айналды. Сол тұста шеттері жоғары бүгілген дөңгелек пішінді қалпақтар Еуропаны дүр сілкінткен сарбаздарды ерекшелендіріп тұрды. Алайда уақыт империя тарихының бүкіл кезеңін тек бір бас киіммен бейнеленеді. Ол атақты Наполеонның «кішкентай шляпасы» еді.
Франктердің ұрпақтарының атқа мінісі, киім-киісі, қылыш пен қару ұстасы сол дәуірде өзге мемлекеттерге ұқсамады. Олардың байтақ жүрісі, ақсүйектерше образ түзуі жауларын әжептеуір сескендірді. Әсіресе, дизайны ерек бас киімдері әлемді таңдай қақтырды. Әйтсе де бүгінде сол мыңдаған бас киімнің ішінде императордың шляпасы ғана айтылады. Қатыгез қолбасшының жеке мүлкі өзі билік еткен француз әскери бөлімшелерінің соғыс формасына сәйкес келмеді. Яғни тігіншілер Наполеонның өзіне ғана лайықтап тікті. Бұл аласа бойлы императорды өзгеден оқшау әрі сымбатты көрсетті.
Жас күнінде оқушы Бонапарт Бриен әскери мектебінің түлегі ретінде осындай бас киім киген. Есейсе де шляпасының моделі өзгерген жоқ. Кішкентай шляпалар даңқты әскери стратегтің хоббиіне айналды десе де болатындай. Қызығы, Наполеонның өзі осындай кішкентай бас киімнің алғашқы иесі болған.
Әлемге әйгілі бас киім жайлы әртүрлі қауесеттер XVIII ғасырдың соңына дейін жалғасты. Оның шляпасы қара киізден тігіліп, қара түсті жібек өрімге үш түсті кокарда бекітіліп, әшекейленді. Мұндай бас киім киген императордың суреті тұңғыш рет суретші Изабенің 1802 жылы шыққан портретінде бейнеленген.
Атақты Наполеонның шляпа тігушісі Пупард болған. Ол императорға әрбір туындысын 48 франкқа бағалап, сатқан деседі. 1807 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Наполеонның 12 бас киімі болғандығын зерттеушілер анықтады. Оның 8-і жаңа, ал 4-еуі жөндеуден өткен.
Ашу қысқан сәтте Наполеон- ның шляпасын еденге лақтырып, аяқтарымен таптайтын әдеті болған. Мысалы, 1813 жылы Аустрия елшісі Меттернихпен кездесу кезінде сондай әнтек әрекетке барады. Бірақ ашуы басылған кезде өзі қайта көтеріп, басына қондырған.
1812 жылы Ресейге жасаған жорығында өзінің әйгілі «кішкентай шляпасын» киіп аттанады. Бірақ жолда қатты аяз болатынын сезген дәрігер Жан-Доменик Ларрей императордың денсаулығына алаңдап, ішінен жүн матамен тоқылған бас киім киюді тапсырады. Өзінің сүйікті шляпасымен Бородино алаңында да болған. Ол туралы нақты мәліметтер де бар. Орыстардан ойсыра ұтылса да, Мәскеуден сол шляпасын киіп қайтады.
Атақты суретші Шарль де Стюбен Наполеонның шляпаларын әртүрлі етіп орналастыру арқылы оның бүкіл өмірін бейнелей білді. Мұндай галерея оқырманға империя тарихының барлық жарқын әрі қайғылы сәттерін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Шынында, Францияның мемлекет қайраткерінің шағын шляпасы – майдандағы бойтұмары іспетті еді. Оны бірі білсе, бірі білмейтін.