Адамзат баласы өз тарихының ұзын-сонар көшінде көзге көрінбейтін микроорганизмдердің пайдасын да, зиянын да тартумен қоян-қолтық өмір сүріп, дамумен келеді. Осы бір жұмбақ әлеммен «әңгімеде» үлкен жетістіктерге жеттік деп жүргенде аяқ астынан планетаның астан-кестенін шығарған SARS-CoV-2 немесе COVID-19 тозаңның да алып күшке ие екенін көрсетті.
SARS-CoV-2-нің тегі қайдан?
Дүниені дүрбелеңге салған коронавирустың алғашқы ошағы – Қытайдың Хубей провинциясындағы Ухань қаласы екені баршаға мәлім. Дегенмен бұл өзі қалай, қайдан шықты, табиғи ма, әлде қолдан жасалған ба деген сауал планетаның қарапайым тұрғындары түгіл, ғалым-зерттеушілердің өзін мазалаған.
Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 12 мемлекеттің сарапшыларынан тұратын арнайы жасағы Қытайға жол тартып, Ухань Вирусология институтына бармай тұрып, сол қаладағы инфекцияның алғашқы тарау ошағы дейтін «Хуанань» базарында, бірнеше ауруханада және жануарлар ауруын зерттейтін орталықта болды. Әзірге нақты осылай демегенмен, ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус алдын ала есеп ретінде сарапшылардың алғашқы пайымдары алдағы аптада жария етілетінін мәлімдеді.
Зооноздық инфекциялар мен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның сарапшысы Питер Бен Эмбарек жетекшілігімен жұмыс атқарған жасақ, сонымен біріншіден, вирустың хайуаннан адамға жұғуы, екіншіден, әлдебір жануардың ағзасын аралық етіп барып адам ағзасына өтуі, үшіншіден, мұздатылған азық-түлік өнімін пайдаланудан шығу және жасанды жолмен тудырылған вирусты зертханадан байқаусызда шығарып алу арқылы таралуы тәрізді төрт түрлі болжамның қайсысы дұрыс екеніне сараптау жүргізген. Тедрос Гебрейесус әзірге осы 4 болжамның ешқайсысы толық теріске шығарылмағанын айтқан.
Питер Бен Эмбарек: «Біз аурудың қалай басталғаны жайында көптеген мәлімет жинадық. Желтоқсан айында вирус Уханьда өте белсенді түрде тараған. Қытай тарапы COVID-19-дың жаһанға жайылу қаупі туралы кеш мәлімдеген. 2019 жылдың желтоқсан айында вирустың 13 штаммы Уханьды кезіп жүрген» десе, енді бір сарапшы EcoHealth Alliance үкіметтік емес ұйымының президенті Питер Дасзак The New York Times басылымына берген сұхбатында коронавирустың алғаш рет Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияда өмір сүретін хайуанның ағзасында пайда болғаны жайлы пікірін білдіріп, өзінің Қытайда қолға үйретілген түз тағылары фермаларында болғанын, онда борсық, виверра және жанат иттері қатар бағылатынын көргенін, соларға вирустың жарқанаттан жұғуы мүмкін деген ойын жеткізген.
Сонымен COVID-19-дың пайда болуы жайында 4 түрлі пайым бар, ал сарапшылар түпкі себепті анықтады деуге келмегенімен, аралықтағы алдын ала есебі жуырда жарық көретін күнді асыға күтеміз.
Штаммның да штаммы бар
ДДҰ 12 ақпанда берген брифингінде COVID-19-дың жаңа штаммдарынан бұрын вируспен ауырып, ағзасында қалыптасқан антиденеге қарамастан, қайталап ауырудың бар екені жайында мәлімдеген. ДДҰ бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатан B1525 штаммының алғаш Ұлыбританияда тіркеліп, одан қанатын жая таралып кеткенін айтқан. The Guardian басылымы Эдинбург университеті зерттеушілеріне сүйене отырып, вирустағы тікен тәрізді жабысатын ақуыздағы өзгерістерге қарап, оның осының алдында табылған кенттік E484K вирусынан айырмашылығы барлығын, ағзадағы антиденелерді елей қоймайтын қасиеті барлығын жазады. Эбинбургтік ғалымдар Данияда (35), Ұлыбританияда (32), Нигерияда (12), АҚШ-та (7), Францияда (5), Ганада (4), Канадада (2), Аустралияда (2), Иорданияда (2) және Испанияда (1) вирус жұқтырғанда алынған үлгілердің геномдарын секвенирлеу арқылы тапқан бұл штамм аса жұқпалылығына қоса, 55 жастан асқан жандар үшін өте қауіпті, SARS-CoV-2 өзінен де оның осы штаммының қатері көбірек деп жариялады. Оны осыған дейін Біріккен корольдікте тіркелген B117 вирусына ұқсас деп мәлімдеді.
Вирус штаммдарының түрлілігі, оның қауіптілік деңгейінің жоғарылығы жайында Бразилия мен Оңтүстік Африкадан да дабылдар түскен. Осыдан кейін ОАР Денсаулық министрі Звели Мкхизе сатып алынып қойылған AstraZeneca вакцинасынан бас тартты. «Зерттеулер бұл вакцинаның аталған штаммға қарсылығы төмен дәрежені көрсетті. Сондықтан екпе салуды тоқтата тұрамыз. Сол себептен өндіруші компаниядан осы жайтқа қатысты ұсынымдар күтеміз, AstraZeneca бұл жайында хабарланды», деген ол вакциналаудың елде тоқтамайтынын, алдағы төрт аптада Johnson & Johnson мен Pfizer вакциналары жеткізілетінін, онымен ең алдымен медицина қызметкерлері қамтылатынын айтты.
ОАР жұрты зерттеу қорытындылары шықпастан бұрын вакцинаның 1 млн дозасын сатып алған екен, ал оның оңтүстікафрикалық штаммға деген тиімсіздігі 7 ақпанда ғана белгілі болды. Financial Times басылымы 2 мың адамға жасалған вакцина қорытындысын жария еткен соң ОАР үкіметі халқын тиімсіз екпеден қорғамақ ниетте осындай қадамға баруға мәжбүр болды.
Лондон Гигиена және тропикалық медицина жоғары мектебінің мәліметтері бойынша, ұлыбританиялық жаңа штаммнан көз жұму SARS-CoV-2-нің бұрынғы түріне қарағанда 1,58-1,71 есе жоғары болады десе, Лондон империялық колледжі 1,29-1,36, Эксетер университеті 1,7 шамасында екенін айтады.
Қалай дегенде де ғалымдар бірауыздан вирус штаммдарын геномдық бақылауда ұстаудың маңыздылығына жете мән беру керек, бұл өзгерістерге қатысты дер кезінде тиісті қадамдар жасауға көмектеседі дейді.
COVID-19-дан соң қалыпқа келу
КВИ-мен ауырған соң ұзақ уақыт қалыпқа келу ойдан шығарылған дүние емес, бұл әр елдегі денсаулық сақтау саласына қосымша күш түсіреді дейді ДДҰ сарапшылары. Шынымен де вирустан жазылған адамдардың өзі біраз уақыт шаршап, әлсірей беретінін, қара терге түсетінін, есте сақтау қабілетінің кемігені және өзге де жайсыздықтардың кетпей, ағзаны босатпай жүргенін айтады. ДДҰ өкілі Джанет Диас мұндай күйдің жазылған соң 3-6 ай жүзіне созылатынын айта келе, мүше елдердің денсаулық сақтау қызметкерлеріне мұндай жайсыздықтың ауруханаға жатпай, үйлерінде жазылғандардың да арасында көптігіне зер салудың қажеттігіне кеңес береді. Соңғы кездері медицинадағы түрлі мамандар, оның ішінде кардиологтер, невропатолгтер, пульманологтер мен тіпті психиатрлар COVID-19-дың жазылған соң да ағзаға тигізетін теріс әсері туралы жазып жүр. Сондықтан да олардың пікірінше, адамдардың ағзасының түрлілігі тәрізді әр пациентті қалыпқа келтірудің жолдары да түрлі болуы тиіс. Ал жалпылай алғанда, әртүрлі топтағы аурулар бойынша, вирустың қалдырған ізіне байланысты сауықтырудың әдістерін жетілдіру қажет. Қалай болғанда да көзге көрінбес тозаңның жұмбағы толық шешілер емес...