Бірліктің бірегей институты саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурыз күні енді ел жадынан ешуақытта өшпейді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында бұл тарихи дата күнтізбедегі мерекелік күндеріміздің қатарын толықтырып, Алғыс айту күні ретінде белгіленгеніне де биыл бес жылдың жүзі болды. Содан бері «көңіл көңілден су ішетін» көктемнің алғашқы күнін халқымыз асыға күтеді, ерекше жылылықпен қарсы алады.
Әлемді әдемілік ұстап тұр дейміз ғой. Әсілінде, әдеміліктен бұрын мейірімділік пен ризашылық, сүйіспеншілік пен риясыз сезім кеңейтіп тұрған секілді көкжиегімізді. Алайда алты құрлықты араласаң да ізгі ниет пен шынайы лебіздің, этносаралық достық пен келісімнің Ұлы дала төсіндегідей үлгісін таба алмайсыз. Себебі бізді бір мақсат, бір мүдде, бір тағдыр, бір тарих біріктіріп тұр.
Бірақ бүгінгі келісімнің кеңістікте жоқ үлгісі ойда-жоқта орнай салып па еді? Жоқ. Өткенге көз жүгіртіп көрейікші. Кешегі Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер өз алдына отау құра бастаған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелге бел байлап, маңызды шешім қабылдауына тура келді. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея болатын. Тәуекел деп отырғанымыз, дүние жүзінде бұрын-соңды мұндай тәжірибе, үлгі етерлік өнеге болған жоқ еді. Соған қарамастан, 1995 жылы 1 наурызда елімізде татулықтың әлемде жоқ алтын ұясына айналған достық институты пайда болды. Осы жылдар аралығында Ассамблея қарқынды дамып, еліміздегі этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім нығая түсті.
Мұндайда, Қазақ елі ықылым заманнан бері көп этносты халық па еді деген заңды сауал туындайды. Бұл туралы Елбасы «Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты білмейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көп ұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын», дейді. Тұңғыш Президентіміз айтып өткендей, бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көп этносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді. Столыпиндік реформа кезіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Кейін 30-жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға мал-мүлкі тәркіленген 250 мың шаруа ат басын бұрды. Сол кезеңде өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды.
«Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», дейді Елбасы.
Бүгінгі көп этносты Қазақстанның қысқаша тарихын Тұңғыш Президентіміз осылай түсіндіреді. Иә, қиын-қыстау жылдарда өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары жағдайының қиындығына қарамастан, өзге этностарды өзегінен тепкен жоқ. Барымен бөлісті. Жарты құртты жарып жеді. Көнекөздер күні бүгінге дейін айтып келеді сол жақсылықты. Содан болар, келе-келе елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына деген алғыс тақырыбын қозғай бастады.
Осыны назарға алған Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», деп тағы бір тың бастама көтерді. Оны халық шын пейілімен қолдады.
Осылайша, 2016 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар қатысқан Алғыс айту күніне арналған іс-шарада Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін».
Елбасының сеніміне селкеу түскен жоқ. Уақыт озған сайын Қазақстандағы достық пен келісім барынша нығайып келеді. Бізге әлем жұрты көз тігіп қарап отыр. Біреу сүйсінеді, енді біреу қызғана қарайды. Тіпті Алаштың айрандай ұйыған татулығын сынағысы келгендер болды, сын таппады. Мінегісі келгендер болды, мін таппады. Бұл – ең алдымен, Елбасы еңбегінің жемісі.
Жалпы, Елбасы тек өз елімізде ғана емес, дүние жүзінде ынтымақтастық пен татулықты орнықтыру үшін күш-жігерін аянбай жұмсап келе жатқанын жақсы білеміз. Араздасқанға араағайындық танытқан, шекіскенді бекістірген мысалдарын көптеп келтіруге болады. Еліміз егемендік алған жылдары адамзат баласының қас жауы саналатын жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартты. Ядролық қаруы бар мемлекеттерді де осындай қадамға баруға үндеді.
Бұл қадамдардың барлығын жаһан жұрты жақсылыққа балап отырғаны анық. Себебі бейбітшілік пен келісімге, этностар арасындағы шынайы ризашылыққа, аппақ пейілге, алғаусыз алғысқа ештеңе тең келмейді. Біздің мерекелеп отырғанымыз да осындай құндылықтардың салтанаты. «Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық», дейді Елбасы.
Дана халқымыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп әлдеқашан айтып қойған. Ризашылықтың, алғыс айтудың айрықша мәні туралы Елбасы «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айырылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді», дейді.
Алғысты ата-әжелеріміз бір кездері бір-біріне айтудай-ақ айттты. Ендігі күні бұл мереке бізге не үшін керек? Ең алдымен ұмытпау үшін. Елбасы айтып өткендей «Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту болып табылады». Бүгінде қазақ даласының, Қазақстан халқының ауыр да азапты тарихынан бейхабар кей жастар адамды ұлтына қарай бағалайтын болып жүр. Нашар ұлт болмайды – нашар адам болады. Бізді біріктіріп тұрған тамырлы тарих, ортақ тағдыр бар. Ендігі жастар осыны ұғынуы, түсінуі қажет.
Ойымызды Тұңғыш Президентіміздің сөзімен түйіндейік. «Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік біріктіреді. Екінші, біздің ежелгі жеріміздің тарихына және тілдерді дамытуға қатысты қоғамдық келісім. Үшінші, бүгінімізге және мемлекетіміз бен оның азаматтарының ұлы болашағына деген нық сенім. Біздің Мәңгілік еліміздің өзегі – осы».