Алматыда 330-дан астам көппәтерлі, жүзге жуық жеке үй мен денсаулық, білім беру нысандары жылусыз қалды, деп хабарлайды Egemen.kz
Мекеме басшылығының өкілдері аталған оқиғаға ықшам аудандағы жылу камерасы орналасқан аумаққа ауыр жүк көлігінің құлап кетуі себеп болған деседі. Жылу камерасының беткі қабаты ауыр салмақты көтеруге есептелмегендіктен жүк көлігі оның ішіне құлап кеткен.
Салдарынан диаметрі 500 мм жылу құбыры зақымданып, 336 көппәтерлі, 86 жеке тұрғын үй мен 9 денсаулық сақтау нысаны, 10 балабақша мен 6 білім беру мекемесі жылудан уақытша ажыратылған. Медеу ауданы аумағындағы бірқатар үй жылуға сағат 23:00-ге қарай қосылуы мүмкін.
Инженерлердің айтуынша, жылу құбырының бір бөлігіндегі ақау басқа тұтынушыларға, сондай-ақ осы аумақтағы өзге ғимараттардағы жылу режиміне әсер етпейді.