Биыл еліміз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басты. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» халыққа еліміздің 30 жылдық белесінің мәнін түсіндіріп, осы кезеңде жаңа мемлекет құруға атсалысқан барша халқымыздың ерен еңбегінің шежіресін жүйелі жаза бастады.
Еліміздің бас газетін оқи отырып, мен де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қол жеткізген, білім беру мәселесіне қатысты кейбір шығармашылық жұмыстарым жайлы бір-екі ауыз сөз етуді жөн көрдім.
Еліміздің тәуелсіздік алуы бізге, ресейлік ғалымдар жазған геометрия оқулықтарындағы кейбір қателерді түзетіп, ұғымдардың кейбірін толықтырып оқытуымызға мүмкіндік берді. Ескі оқулықтарда осыдан төрт мың жылдан астам уақыт бұрынғы ежелгі мысырлықтардың қате түсінігімен трапецияның «тік бұрышты трапеция» және «тең бүйірлі трапеция» деген екі түрі ғана қарастырылатын. Мектептегі қалыпты сабақтардың бірінде, осыдан тура ширек ғасыр бұрын, трапецияның бұрын ғылымда қарастырылмаған «сүйір бұрышты трапеция» және «доғал бұрышты трапеция» деген тағы да екі түрінің болатынын анықтадым.
Осымен қатар «Трапецияның табандарының қосындысы оның диагональдарының үлкен табанға немесе оның созындысына түсірілген проекцияларының қосындысына немесе айырмасына тең болады» деген заңдылықты анықтап, дәлелдедім. Әдетте, осы сияқты теоремаларды бірінен-бірін ажырату үшін олардың әрқайсысына белгілі бір ат қояды. Мен бұл теореманы ел тәуелсіздігімен қатарлас табылғандықтан, «Тәуелсіздік» теоремасы деп атадым.
Ғылымға белгілі болған қандай да бір жаңалықтың ол ғылымда тағы да бірнеше заңдылығының анықталуына жол ашатыны бар. Мен де «Тәуелсіздік» теоремасының көмегімен, трапецияның жоғарыдағыдан бөлек бірнеше қасиетін анықтап, трапецияның ауданын табатын екі жаңа формула, Пифагор теңдеуін шешуге қатысты бірнеше формула қорытып шығардым. Бұл мәселелерді өз алдына бөлек әңгіме етуге болады.
Бұл заңдылықтарды өз сабақтарымда жиырма бес жылдан бері қолданып келемін. Оларды қолдану оқушылардың трапецияға қатысты танымын бұрынғыдан әлдеқайда кеңейтетінін көріп жүрміз. Ол жұмыстарды талқылаудан өткізген бірнеше жоғары оқу орынының ғалымдары жаңалықтарды геометрия оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарына енгізу туралы пікірлерін білдірген-ді. Осы жаңалықтар үшін еліміздің Әділет министрлігі екі авторлық куәлік берді. Ал оқулық авторларының қазақ мектебінде анықталған жаңалықтарды жатсынып, баяғы мысырлықтардың ескі түсініктерін көшіріп жаза беруінің не сыры барын біле алмадым.
Қалмырза ІЗТІЛЕУҰЛЫ,
мұғалім
ШЫМКЕНТ